«БІР ХАЛЫҚ, БІР ЕЛ, БІР ТАҒДЫР

бұл – жаңа  тележоба 

ХІХ ғасырдың екінші жартысы. Қазақстанға қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендер тағдыры. Столыпин реформасы кезіндегі орыс көшпенділері, отызыншы жылдардағы кәрістер тарихы. Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде елімізге жер аударылған Солтүстік Кавказ халықтары, Ресей немістері мен қалмақтар тағдыры. Бірінші мамыр күні көрерменге жол тартатын «Бір халық, бір ел, бір тағдыр» атты жаңа тележобада осынау мәселелер көрініс табады. 

Қазақ жерінде ортақ тарихи тағдыры тоқайласқан барлық этнос азаматтарын ауызбіршілік біріктірді. Бүгінгі күні Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Ұлтаралық келісім өзара жарасымын тапқан, тату ел. Осы жылдар ішінде заманауи мемлекет ретінде Қазақстанды құруда үлкен прогресске қол жеткізілді. Аталмыш қысқаметражды туындыда  сонау қиын-қыстау кезеңде тар жол тайғақ кешкен сан алуан ұлт өкілдеріне пана болған құшағы кең, қонақжай қазақ халқының кеңпейілі мен депортация құрбандарына көрсеткен қамқорлығы кеңірек сөз болады.

Француз жазушысы Оноре де Бальзактың «Жақсы жазылған тарихи роман тарих курсынан да құндырақ» деген сөзі бар. Сондықтан, қоғамның, бұқараның тарихи санасын оятуда тарихи  романдармен қатар, тарихи кинолардың рөлі күшті болмақ. Себебі, халықтың тарихи санасы көркем әдебиет және тарихи кинолар арқылы қалыптасады.

«Бір халық, бір ел, бір тағдыр» атауымен көпшілікке Бірінші мамыр күні ұсынылатын жаңа жоба да көтерер жүгі бар, тарихи шығармалар қатарынан табылар деген үміттеміз. Картинада сұрапыл жылдарда Қазақстанға жер аударылған диаспоралар мен олардың Қазақстанға отарлану кезеңі бейнеленеді. Қиын-қыстау кезеңдегі қазақ халқының қонақжайлылығы да туындыда кеңінен көрініс табады.

  ХІХ ғасырдың 30-шы жылдары мен 50-ші жылдарының басы КСРО-да көптеген адамдарды, тіпті тұтастай халықты күштеп жер аударудың орын алған кезеңі болды. Тоталитарлық жүйенің миллиондаған азаматтардың тағдырын қиғаны тарихтан аян. Сол жылдары ұлттық мүддені қорғаған зиялыларды, қарапайым еңбек адамдарын жазықсыз қудаласа, кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты.

– Менің ата-әжем – депортация құрбандары. Олар қазақ топырағына 1942 жылы жер ауып келді. Неміс халқының тең жартысы Орал облысына жер аударылса, қалғандары Гурьевте қалдырылды. Туыстық қатынастарды біржола үзу мақсатында ол кезде бір отбасын жан-жаққа бөлген екен. Дегенмен, менің ата-әжем мен туыстарым (әкем мен оның бауырлары) бір-бірімен ажырамауға тырысыпты. Сондай қиын-қыстау кезеңде жер ауып келген жат жұрттықтарға жергілікті халық қана көмек қолын созып, бауырларына тартты. Ұлтқа, ұлысқа бөлінбеді, адам деген ғана ұғым болды. Заман қиын болғанымен, адамдардың ниеті таза еді. Ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи жағдай – қазақ халқының өз жерiнде көптеген ұлт өкiлдерiн ашық-жарқын, құшақ жая қарсы алып, төзiмдiлiкпен бiр үзiм нанды бөлiсiп жеп, Отанынан жырақ келгендердiң көкейiнде келешекке деген сенiм ұялатып, қашан да қонағына төрiнен орын берген бабалардың қонақжайлылық дәстүрiнен таймады. Сол қилы замандардағы депортацияланған халықтың жағдайын суреттейтін бұл фильм өткенді көз алдына әкелер тарихи картина деп ойлаймын – дейді неміс қызы Ольга Гаун.

Деректерге шолу жасар болсақ, қазақ жеріндегі немістер санының арта түсуі ХІХ-XX ғасырлар тоғысына сәйкес келеді. Тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет қоныс аударып келген немістердің негізінен егіншілікпен айналысып, сонымен қатар өндеуші өнеркәсіп салаларында жұмыс жасағанын айтады.

– Олар жинақылығымен, еңбексүйгіштігі және адалдығымен ерекше көзге түсті. «Өздерінің ұлттық тілін, дінін, әдет-ғұрпы мен салт-санасын, дәстүрлерін берік сақтауға тырысты. Немістер өздері қауым болып жинақы қоныстанды» деп айтып отыратын үлкендер, – деп жалғады бізбен әңгімесін  тарихшы Аққали Ахмет.

Тарихи тақырыптағы жаңа қойылым қай кезде де өзектілігін жоймайтыны анық. Себебі, бұл фильмнің  көтерер жүгі салмақты. Тақырыбы да ауқымды, әрі бүгінгі және болашақ ұрпаққа аса қажет. 

ХІХ ғасырдың 30-шы жылдары мен 50-ші жылдарының басы КСРО-да көптеген адамдарды, тіпті тұтастай халықтарды күштеп жер аударудың орын алған кезеңі еді. Тоталитарлық жүйенің миллиондаған азаматтардың тағдырын қиғаны тарихтан аян. Сол жылдары ұлттық мүддені қорғаған зиялыларды, қарапайым еңбек адамдарын жазықсыз қудаласа, кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз