АЖАЛДАН АРАШАЛАҒАН УКРАИН ҚЫЗЫ

Соғыс басталған күннен бастап Отан қорғауға 19 жасында аттан-ған Аққуан Ермекқалиев әуелі тылға түсірілген жау десантымен айқасқа түсті. Кейін тегеурінді дұшпанмен бетпе-бет шайқасты. 

– Мен осы отбасына келін болып түскенде атам 70 жаста еді. Оның аузынан Ұлы Жеңістің оңайлықпен келмегені, бейбітшілікті қадірлеу бағытындағы ұлағатты сөздерді жиі еститінбіз. Ол дивизия құрамында минометшілер бөлімшесінің командирі болды. Соғыстың ауыр күндері туралы айтқан бір әңгімесі есімде қалды. Бірде шеп құрып, дұшпанды тойтаруға бұйрық болған. Белгіленген орында бекініс жасап, жан-жағын бақылап тұрғанда жау жасағы көрінді. Жендеттер тым еркін келеді. Оларға оқ атып, тойтарыс беретін ешкім байқалмайды. Сөйтсе, бұйрық өзгеріп, бөлімшелер кейін шегініп кетіпті. Бірақ, минометшілер абдырап қалмады. Бейқам келе жатқан жау тобына оқты боратып жібереді. Тосыннан, әрі дәлдеп жауған миналар жауды жайратып салады. Немістің қырыққа тарта танктері мен автокөліктері істен шығып, он шақты солдаты жойылды. Тас жол талқандалып, жаудың ілгері басуына бөгет жасалған.

Алдыңғы шепте болып, фашистермен талай бетпе-бет соғысқан минометшілер бөлімшесінің командирі Аққуан Ермекқалиев 1943 жылдың күзінде аяғынан оқ тиіп, ауыр жараланып, әскери госпитальда емделіп, аяғына ота жасатады. Соғысты Германия жерінде аяқтады.

Ол сұрапыл соғыс жылдарында өз Отанын фашистік басқыншылардан аман алып қалуға үлес қосқан біртуар азаматтың бірі еді. Соғыстың әр күні орны толмас өкініш,  ұмытылмас сәттерге толы болады. Сонда да Аққуан Ермекқалиев өмірінің соңына дейін жадынан шығармаған бір ерекше сәт болды.

«1943 жылдың тамыз айы болатын. Курск түбіндегі ұлы шайқастың қызған кезі. Кезекті шабуылға көтерді. Соны күткен жау зеңбіректен оқ жаудырды. Амалсыз бас паналауға тура келді. Жауынгер жолдасым ақтөбелік Қасым Жанұзақпен бірге жүргенімде, қасымыздан снаряд жарылды. Бас сұғып қайтадан көтерілгенде, Қасымның қанға боялып жатқанын көрдім. Оған көмектесуге ұмтыла бергенімде өзім де жараландым. Есімді тек дала госпиталінде жидым. Көзімді ашсам, ақ халатты сары әйел маған қарап тұр екен. Әскери дәрігер болып шықты. Кейін өміріме арашашы болған жандардың кім екенін білгім келді. Әскери дәрігер Афанасий Симов барлық жайдан хабардар етті.  «Савченко Софья Егоровна  деген мейірбике – Харьков облысынан. Бұл украин қызы сенің тірі қалуың үшін өз қанын берді. Бірақ, кейін жаралы жауынгерлерді қабылдап, жоғарыға жөнелтіп жатқан кезде жау зеңбірегінің оғы дәл түсіп, қазаға ұшырады», – деді ол. Бұл сөзді естіген кезде менің көзімнен ыстық жас ыршып кетті. Ыстық жас оларды еске алғанда көзіме әлі де оралады», – деп жазыпты Аққуан Ермекқалиев бір естелігінде.

Соғыстан аман елге оралған ол Байшонас мектебінде ұзақ жылдар ұстаз болып қызмет атқарып, мектеп директоры да болды. Жауынгерлік ерлігі үшін алған медальдарына қоса, «Қазақ КСР оқу ісінің озаты» белгісін тақты. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беріп, Отан қорғауға, батылдыққа үйретті. Екі ұл, бір қыз тәрбиелеп, немере сүйді. Әке махаббатына бөленген екі ұлы мұнай саласында еңбек етті.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз