АТЫРАУ ТАРИХЫНЫҢ АҚТАҢДАҚТАРЫ

Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада «История и культура Атырау в русских источниках» атты көп томдық деректер жинағының І томының тұсаукесер рәсімі өтті. Жаңа кітап Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған. 

 

Жинақтың І томы XVIII-XIX ғасырларда әртүрлі мақсатпен өлкемізде болған  зерттеушілер, әскерилер және саяхатшылардың жазбаларынан тұрады.  Мұнда Атырау өлкесінің XVIII-XX ғасырға дейінгі  мәдени, саяси, әлеуметтік-экономикалық тарихы мен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі және әдет-ғұрпы жөнінде И.Гербердің, И.Лепехиннің, П.Палластың, К.Гебельдің және өзгелердің жазған, жариялаған деректерінің көшірмелері енген. Айта кетелік, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының бастамасымен шығарылып, осы мекеме мамандарымен дайындалған жинақтың тарихнамалық және деректемелік негізін жазған, ғылыми редакциялаған – М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының ғалым-хатшысы, филология ғылымдарының кандидаты  Жұмағыз Шалғынбай.

Атап өтер бір жайт, оқырмандарға ғылыми және ғылыми-көпшілік бағытта ұсынылып отырған көп томдық деректер жинағын шығару ісі Атырау тарихында тұңғыш рет қолға алынып отыр. Өйткені, жинаққа енген материалдардың барлығы дерлік Ресейдегі ғылыми ұйымдардың, яғни, архивтер мен кітапхана қорларынан алынған, – деген облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев жинақты әзірге бес томдық етіп шығару көзделіп отырғанын айтады. Бірақ, деректердің жинақталуына орай, оны алдағы уақытта Х томға дейін жеткізу де ойда бар. Жинақтың ІІ – ІІІ томдарын биылғы жылы шығару жоспарланған.

Жиын барысында білгеніміздей, ғылыми жинақты шығарудағы мақсат – Атырау, жалпы батыс қазақтарының тарихы мен этнографиясына қатысты деректерді іздестіріп, жинақтау және ғылыми айналымға енгізу.

– Деректер жинағының атауындағы Атырау ұғымы кең аумақтық және географиялық мағынаны білдіреді. Сондықтан да, ондағы материалдарда қазіргі Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарының жерінде болған оқиғалар мен географиялық-топономикалық атаулар және тарихи тұлғалардың есімдері де кездеседі. Өйткені, өткен ғасырларда аталған облыстардың жері Кіші жүз қазақтарының, оның ішінде Атырауды мекендеген ру-тайпалардың көшіп-қонып жүрген ортақ тарихи-мәдени аймағы болып есептелді. Осыған орай, өңірді жайлаған қазақтарды географиялық орналасуына орай  XVIII ғасырда Орынбор немесе Жайық сырты қазақтары десе, XІX ғасырда Еділ-Жайық аралығын жайлағандарды бөкейліктер деп атады. Демек, Атырау тарихы – батыс және Кіші жүз қазақтары тарихының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Тағы да бір ескерте өтетін жағдай, жинақтың атауындағы «орыс дереккөздері» сөзі шартты түрде берілген. Себебі, деректегі авторлар құрамына орыс ғалымдарымен бірге, Ресей империясына қызмет еткен неміс, француз және тағы да басқа өзге ұлт өкілдерінің жазып қалдырған мәліметтері де енді, – дейді Атырау облысы тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Мұқамбетқали Кипиев.

Көп томдық деректер жинағындағы бірқатар мәліметтер неміс тілінен орысшаға Қазақстан тарихында алғаш рет аударылып отыр. Мәселен,  Гербердің 1732 жылы Хиуаға жасаған сапары барысында жазған күнделігі түгелге жуық аударылса, Гебельдің Атырау жеріне қатысты пікірі үзінді ретінде берілген. Сондай-ақ, құрастырушылардың айтуынша, томға енген материалдардың бір бөлігі 1963 жылы шыққан «Первые русские научные исследования Устюрта. Сборник материалов» атты мұрағаттық  құжаттар жинағынан алынған. Оның ішінде полковник Ф.Бергтің 1825-1826 жылдары қазақ даласына жүргізген экспедициясының және оның құрамында болған жаратылыстанушы Э.Эверсманның жазбалары, сондай-ақ, топографтар Ячменев, Алексеев-2, Тафаевтің  материалдары да енді. Сондықтан да, деректер жинағы библиографиялық сирек кездесетін басылым болып саналады.

Шарада редакция алқасы мүшелері, тарихшы ғалымдар сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз