«БІЗ ӨРКЕНИЕТ ЖОЛЫМЕН КЕЛЕМІЗ»

Ел тірегі, тәуелсіздігіміздің негізі – Ата Заң.  Егемен елдің дамуына, өркендеп, қанатын жаюына басты құжаттың тигізер ықпалы зор. Тәуелсіздік алғалы екінші рет қабылданған Конституцияға биыл 20 жыл толып отыр. Ата Заң – елдің басты құжаты және оны құрметтеу – әр азаматтың парызы. Бұл турасында қоғам қайраткері, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанмен тілдесіп, пікірін білген едік.

 

– Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы әңгімеге көшпес бұрын әлемдегі конституциялар жайында әңгімелесеңіз. Конституциясы жоқ елдер де бар ғой?

 – Жалпы, «конституция» сөзі латын тілінен алғанда «құрылым» деген мағынаны білдіреді. Яғни, мемлекеттің құрылымы, оның ішіндегі ұлттық қатынастардың орнығуы, халық пен үкімет арасындағы байланыс, елдің, биліктің тармақтарының өзара қатынастары мен міндеттері сараланады. Сондықтан да, конституциясыз өмір сүру қандай екенін білмеймін.

 Зайырлы, құқықтық мемлекет құрып жатқан Қазақстан үшін Еуропаға жолды таңдап алдық, өркениетті елдер өткен жолға түстік. Сол себепті, Қазақстан үшін конституция – мемлекеттің дамуы үшін өте қажетті құрылым, қажетті Ата Заң.

Ата Заңның негізгі мәселелері Қазақстанның даму жолдарын айғақтайды, Президенттің құзырын бекітеді, Үкіметтің, Парламенттің, Мәжілістің, Сенаттың құзыретін айғақтайды. Мұның бәрі өмірде қоғамды басқарудың жолы. Сондықтан, Ата Заң қажетті. Қазақстандағы осындай үрдістердің барлығы бүгінгі күні 24-ші жылға аяқ басқан егемендігіміздің қарышты дамуына, орнығуына, демократиялық үрдістердің қалыптасуына Ата Заңымыз арқылы жетіп отырмыз. Ол  әлемдік өркениетті елдердің жүрген жолын зерттей отырып, Қазақстанның менталитетіне, ұлттық құрамымызға сай даярланды. Сондықтан, 1993 жылдың 28 қаңтарында тұңғыш рет Конституция  қабылданған болатын. Ал, 1994 жылы 7 наурызда Конституциялық сот 1993 жылы желтоқсанда шақырылған Жоғары Кеңестің өкілеттігін тоқтатты.  Осыдан келіп жаңа Конституция дайындау қажеттігі туды. Осылайша 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы Ата Заң қабылданды. Ал, енді, бұл Ата Заңның қабылдануы халықтың қолдауына ие болды. Мәселен, маған белгілі деректерге қарағанда, сол кезде Ата Заңды  талқылауға 30 000 ұжым, 3 миллионға жуық  азамат қатысып, олардың 33 мыңға жуық ұсыныстары мен пікірлері екшеліп, осы соңғы Ата Заңымыздың негізгі бағыт-бағдары белгіленді. Сондықтан, Конституцияның барлық негізгі мазмұны Қазақстан халқын  әлеуметтік жағынан қорғауға бағытталған.

– Ал, 1995 жылғы Конституцияның  1993 жылғы Конституциядан қандай қағидатты ерекшеліктері бар дер едіңіз?

– 1995 жылғы референдумдағы жаңа Конституция негізінен қазақстандық құрылымның демократиялық жолдарына жақындаудың ең алғы шартын жасады. Президенттің басқару формасын республикаландырудың негізі қалайтындығы нақтыланды. Сондықтан да, осы Конституция тәуелсіз ел азаматтарының құқығы мен еркіндігінің кепілі болып табылатындығы айғақталды. Менің ойымша, Конституцияның негізгі басты ерекшелігі осында.

Қалай болғанда да, Ата Заң әлеуметтік мемлекеттің негізгі міндеттерін айғақтап берді. Соның ішінде, білім алу құқығы, халықтың денсаулығын сақтау мәселелері. Мінекей, осының бәрі айналып келген кезде Қазақстандағы жаңа үрдістердің қалыптасуына ұйытқы болды. Соңғы уақыттарда көп талқыға түсіп жүрген Конституцияның 7-бабы. Сол 7-баптың бірінші тармағында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған. Одан соң «орыс тілі – ресми, ұлтаралық қатынас тілі» деп көрсетіледі. Міне, осыған байланысты әртүрлі жағдайлар бар. Бірақ, бұған әсіре қызыл ұлтжандылық бар, дегенмен Қазақстанның дәл сол кезеңдегі саяси әлеуметтік  жағдайына қарасаңыз, басқаша шешім қабылдауға мүмкін емес-тін.

Біз ол кезде өзіміз азшылықта болдық. Қазақстанда 140-тан астам ұлттың өкілдері тұратын болса, ол кезде қазақтардың үлес салмағының өзі өте аз болатын. Сол себепті, мемлекеттік тіл қазақ тілі дегенде, ұлтаралық қақтығыстар орын алып,   әртүрлі келеңсіз жағдайлардың болуы мүмкін еді. Бірте-бірте осы мәселені Конституцияға сәйкес дамытып, Елбасы «Қазақстан мемлекетінің болашағы – қазақ тілінде» деп мәлімдеді.  Бүгінде осы мәселелер ақырын дамып келе жатыр. Қазақстан үшін мемлекеттік тілдің мәртебесі төмендеген жоқ деп ойлаймын.

Парламент Мәжілісінің депутаты болып жүрген кезімде дипломатиялық қызмет жөніндегі заңды жүргізіп, заңға бір бап енгіздім. Елбасы тарапынан да қолдау тапты. Ол – дипломатиялық қызметке мемлекеттік тілді еркін меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қабылданады деген бап. Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, 2020 жылы толықтай шешімін табады деп ойлаймын. 

Тілді саудаға салмай, қатар дамытуға болады. Қалай болғанда да жаһандану жүріп жатыр. Ол ешкімнен ештеңе сұрамайды, есіктен кіріп, төрге озды. Сондықтан да, ағылшын тілін білу – қажеттілік. Сонымен бірге, орыс тілі де керек. Болашақта 12 жылдық білім беру жүйесіне толық көшкен кезеңдерде қазақ, орыс, ағылшын  тілдерін жас буын  еркін меңгеріп шығады. Кейін Конституцияға өзгерістер енгізілуі мүмкін. Әзірше, Ата Заң өзінің барлық функционалдық міндеттерін атқарып тұр. Яғни, Ата Заң жұмыс істеп тұр, оның аясында Қазақстан қоғамы дамиды.

  – Ата Заңымызда Қазақстанның демократиялы мемлекет екендігі айтылады. Біздің еліміз осы талап үдесінен қаншалықты шыға алып отыр?

 – Әрине, демократиялы мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Бүгінде елімізде бірнеше мыңдаған бұқаралық ақпарат құралы тіркелінген екен. Сол ақпарат құралдарының жартысынан көбі жеке адамдардың, партиялардың, қоғамдық ұйымдардың қолында. Яғни, сөз бостандығы Қазақстанда орнығып отыр. Оның үстіне, интернет жүйесін қосыңыз. Бізде қаншама оппозициялық басылымдар бар… Бұл бұқараның барлық деңгейдегі ақпаратты алуына, салыстыруына мүмкіндігі бар деген сөз.

Қазақстанда демократия жоқ дегенге мүлдем келіспеймін. Қаншама үкіметтік емес ұйымдар қызмет етуде, қаншама партиялар тіркелуде, Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмыс істеп жатыр, оның тоғыз депутаты Парламент Мәжілісінде отыр. Осындай мәселелер терең талдауды қажет етеді.

Демократия – заңға бағыну деген сөз. Ал, барлығын үйлестіретін – Ата Заң. Ата Заңның аясында жұмыс істеген кез келген қоғамдық ұйым, саяси партия болсын, оның дамуына  мемлекет мүмкіндік береді. Парламентке өткен үш партия мемлекет тарапынан қаржылай көмек алады. Ол Заңда жазылған.

Айталық, қаншама жеке меншік білім ордалары бар, оған жеке меншік балабақшаларды қосыңыз. Осының барлығы, сайып келгенде, Қазақстандағы, кез келген мемлекеттегідей,  демократиялық үлестің сақталынғандығының жарқын көрінісі. 

Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбаттасқан

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

(Арнайы «Атырау» газеті үшін).

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз