«БІРЫҢҒАЙ ТЕРЕЗЕ» – БҰҚАРА ҮШІН!

Еліміздің әлеуметтік қорғау саласында біраз жұмыс атқарылуда. Бұл туралы бізге Атырау облысы бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Гүлнар Меңдіғариева былай деді:

 

– Атырау облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті бөлімдерінің негізгі міндеттерінің бірі мүгедекке жағдайына және клиникалық болжамына байланысты бағдарламалық жағдай жасау.

Бағдарламаның медициналық бөлігін жергілікті емдеу сауықтыру мекемелері жүргізсе, әлеуметтік бөлігінде мүгедекке тиісті барлық әлеуметтік көмек түрлері қаралады. Атап айтсақ, өткен жылы барлығы 3013 әлеуметтік жеке оңалту бағдарламасы жасақталып, жүріп-тұруы қиын мүгедектер үшін – 1015, көру қабілетінің бұзылуына – 360, есту қабілеті төмендерге – 513, санаторлы-курорттық ем алуға 1399 жеке оңалту бағдарламалары жасал-ған.

Үстіміздегі жылдың 20 ақпанында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ҚР «Мүгедектердің құқы туралы конвенцияны ратификациалау туралы» заңнамасына қол қойған болатын. Заңнамаға сәйкес қоғамдық қатынастарды терең зерттеп және назар аударуды қажет ететін уақытта мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір жағдайын жақсарту мәселесі ерекше маңызды болып табылады. Биыл облыстық бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің мамандары 33 объектіге мониторинг жүргізді. Мониторинг барысында көптеген объекті пандустарының белгіленген стандартқа сай келмейтіндігі анықталды. Мүмкіндігі шектеулі тұлғалар үшін санитарлық-тұрмыстық бөлмелердің дұрыс жабдықталмағаны, көру, есту қаблеті нашарлаған мүгедектерге сай келмейтіні белгілі болды.

– Гүлнар Жеңісқалиқызы, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тағы қандай тиімді жұмыс ұсынылады?

– Әрине, елімізде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін алға қарай белгіленіп жатқан жұмыстар баршылық. Соның бірі – алдағы 2016 жылдың 1 қаңтарынан басталатын «Бірыңғай терезе» қызметі. Сол арқылы мүгедектерге әлеуметтік  қызметті жақсарту көзделіп отыр. Яғни, бұл қызмет сараптама бөлімдерімен мүгедектікті белгілеу, төлем ақшаны тағайындау және қосымша көмекті рәсімдеуді ұсынады. Сөйтіп, өтініш иесі аталған мемлекеттік әлеуметтік қызметті бір жерден ала алады.

Департамент бөлімдері үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап ауданның көшпелі отырыстарында пилоттық жобаларды іске асыруда. Облыстағы 18 301 мүгедектің әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына, тұрмыс-жағдайының сәл де болса жеңілдеуіне қолдан келген бар мүмкіндікті пайдаланатын боламыз. Нақтылай кетсек, бірінші топ мүгедегі – 1515, екінші топ – 8230, үшінші топ – 5986, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар – 2274, 16-18 жас аралығындағы мүгедек жасөспірімдер саны – 296.

– Базалық зейнетақы тағайындауда да алда жаңалықтар болады ма?

– Иә, базалық зейнетақы тағайындау тәртібі өзгереді. Атап айтқанда, бұл өзгеріс алдағы екі жылдан соң, 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асады. Бұл базалық зейнетақы азаматтар зейнеткерлік жасқа жеткен кезде және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын болады. Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі он жылдан аз және еңбек өтілі болмаған жағдайда, базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 50 пайызына тең болады. Бұдан бөлек, он жылдан артық еңбек өтілінде әрбір жыл үшін екі пайызға арттырып отырады. Бірақ, еңбек өтілі 35 және одан көп жыл болған жағдайда зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызынан аспауы тиіс.

Әңгімелескен

Лиза СЕЙТІМОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз