АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБЫНЫ

Міне, алтын тұғырлы Ата Заңымыздың қабылданғанына да биыл – 20 жыл.  Конституция күні бұл – егемендік еңсесінің көтерілгендігін дәлелдейтін құжаттың жария болған күні.

 

Ұлтаралық татулыққа селкеу түспей, еліміздегі саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық көп жағдайда Конституцияның жүйеленіп, қызмет етуіне байланысты. Ата Заңымыздың 1-тарауында «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Яғни, мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық.

Ал, Конституция әр азаматтың өз қалауымен лайықты өмір сүріп, білім алып, шығармашылығы мен дін ұстанымы еркіндігіне, жеке адамның қадір-қасиетіне қол сұқпау құқығына кепілдік бола алады. Сол себепті, әр азамат Ата Заңда көрсетілген заңдылықтарды сақтауға міндетті.

Конституцияда әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығы бар деп көрсетілген. Осы орайда, еліміздің адам құқықтарымен санасатын демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде орнығуына, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытына әділет органының қосқан үлесі өлшеусіз.

Елбасы Жарлығымен ҚР 2010-2020 жылдарға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы бекітілген болатын. Осы орайда азаматтардың, қоғам мен мемлекеттің мүдделе­рін неғұрлым толық ескеруге, құқық нормаларының тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін маңызды жоспар, ол – нормативтік құқықтық актілерді баға­лаудың халықаралық стандарт­тарын енгізу. Бұл өз кезегінде күні бүгінгі қолданыстағы заңдарды кезең-кезеңімен жетіл­діру, қажеттілікке қарай жаңа нор­мативтік құқықтық актілерді қабылдау аясында жүргізілуде.Әділет органы қызметінің бір саласы осы ұсынылған актілердің мемлекеттік тіркелуі ҚР заңнамасына сәйкес келуі нысанасына заң сараптамасын жүргізу, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне енгізу арқылы жүзеге асыру болып табылады.

Оған қоса Елбасының қолдауымен «электронды үкімет» порталы жүзеге асырылып, жылжымайтын мүлікті тіркеу тәртібі, заңды тұлғаларды тіркеу саласы электронды жүйе бойынша халыққа қызмет етуде.

Жалпы, «Конституция» сөзі латын тілінен тәржімаланғанда «құрылыс» деген мағына береді. Яғни, өміріміздің, тыныс-тіршілігіміздің ел-жұрт болып бірігіп, мемлекет құруымыздың айғағы. Олай болса, «бейбітшілік» сөзі ұранымыз болып, азаттығымыздың айшық айғағы – Ата Заңымыз болаттай берік қағидаларымен мәңгі жасасын дейміз.

 

Айгүл УАЙЫСОВА, Атырау қалалық әділет басқармасы басшысының орынбасары.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз