ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕГІ БІР КҮН

Еліміздің Қарулы Күштерінің беделін арттыру, әскери қызметті насихаттау мақсатында Атырау қаласында «Қазақстан әскеріндегі бір күн» тақырыбында «Ашық есік» іс-шарасы өтті. 

Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орайластырылған шараға қатысушылар «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 41433 әскери бөліміне жиналды.Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мектеп оқушылары әскери өмірдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. 

Жиында аталған бөлімнің командирі Ұлан Нұрғазиев шараға жиналғандарды айтулы даталармен құттықтап, мерекелік лебізін білдірді.

– Жеңіс күні – тарих төрінен орын алатын ұлы мереке. Біз оған майдан даласында соғыс жауынгерлерінің қайтпас қайсарлығының арқасында қол жеткіздік. Ендігі уақытта оны қадірлеу – өскелең ұрпақтың парызы, – деді Ұ.Нұрғазиев.

Сонау отты жылдары Отанды қорғау аға ұрпаққа оңайға түспеді. Отанға деген сүйіспеншілік оларды Жеңіске жетелегені ақиқат.  Ұлы Отан соғысының ардагері Құрманбай Досымбетов сөз сөйлеп, жауынгерлердің майдан даласындағы ерліктері жайында сөз қозғады. Сондай-ақ, соғыс жауынгерлері Зұлқаш Дадышев пен Александр Евстифеев майдан даласында жүріп өткен жолдары туралы әңгімеледі.

Ал, бүгінгі сарбаздар әскери даярлық сипатын қалай меңгеруде?

Сарбаздардың бұл күні де әдеттегідей сап түзеп, қатарға тұрудан басталды. Медбикенің және психологтың тексерісінен өткен әскерилердің бәрі жаттығуға сақадай сай тұрды. Жаттығудың түрлері де көп. Жоспарға сәйкес оның бірқатары көрсетілді. Әскери киім үлгілері таныстырылды. Оның ішінде күнделікті киетін киімнен бастап, далалық, парадтық, ұрыстық, таулық, мергеншілер мен пулеметшілердің киетін киім  түрлері көпшіліктің назарына ұсынылды.

Айта кету керек, бүгінде барлау полкі барлық заманауи қару-жарақ үлгілерімен қамтылған. Бұдан басқа әскери  техникалары да жеткілікті. Гарнизонның ішінде оның түрлерімен таныстырған аталмыш әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақтығали Әлімбаев бүгінде Отан қорғау саласына  баса көңіл бөлініп жатқанын айтты.

– Әскери бөлім заманауи қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған. Ал, жаттығу жұмыстары бір сәт те тоқтаған емес. Сарбаздар ұрысқа шығу тәсілдерін ұдайы үйренуде. Әр сарбаз қимылдарын жіті бақылауда ұстауы қажет, – деген ол әскери өмірдің қыр-сыры болашақ Отан қорғаушылар үшін де кеңінен насихатталып жатқанына тоқталды.

Шара барысында біз әр сарбаздың өзіне артылған міндетті абыроймен атқарып жатқанын байқадық. Олар саптық адыммен қозғалыс жасау жаттығуларынан бастап, қоян-қолтық ұрыс, ұрыс даласында қару-жарақты пайдалану, жаудан қорғанудың үлгілерін көрсетті. Командирдің бұйрығынан соң, жан-жақтан пулемет, автоматтар тарсылдай атылды. Сарбаздар өздеріне берілген тапсырма бойынша кедергілерден мүдірмей өтті. Биік-биік дуалдар, тікенек сымдар олардың жолына тіптен тосқауыл болмады.

Бір айта кетерлігі, қоян-қолтық ұрыс кезінде сержант Жаңылсын Орақбаеваның ержүректілігі мен қайсарлығы таң қалдырды. Ерлермен қатар ұрыс алаңына шығып, азаматтармен тең сынға түсті. Әскер қатарында Жаңылсындай нәзікжандылардың да қызмет етуі бүгінгі қазақ қыздарының Отан үшін от кешуге дайын екенін көрсетеді.

Жаттығу кезіндегі сарбаздардың бойынан байқалған ширақтықты, ержүректілікті көрген болашақ ел қорғаушы азаматтар оларға қызыға қарады.

«Мен бала кезден әскери қызметкер болуды армандаймын. Себебі, Тәуелсіздіктің тірегі, ел тыныштығы мен бейбітшілігіміздің қорғаны  болу – басты парыз. Бұл  жолда қазірден бастап өзімді даярлап жатырмын. Түрлі спорттық үйірмелерге қатысамын. Бүгінгі шарада әскерилердің күнделікті өмірін көзбен көру маған қатты әсер қалдырды. Салаға одан әрі қызығушылығым арта түсті»,- деді біз тілдескен Махамбет ауданы, Алға орта мектебінің 10-сынып оқушысы Орынбасар Амангелдиев.

Ашық есік күні Д. Нұрпейісова атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ халық-аспаптар ансамблінің концертіне ұласты. Әскерилер де өз өнерлерін көрсетіп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суреттерді түсірген автор.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз