Ғариптің ғибратты ғұмыры

Жан түршігерлік 1941 жылдың 22-ші маусымы. «Неміс-фашист басқыншылары еліміздің батыс жақ шекарасына басып кірді» деген суық хабар Атырау өңіріне де жайсыз тиді. Новолицевой балық зауытының ер азаматтары  майданға аттанып жатты. Бақайшағына дейін қаруланған  Герман әскерлері  Гродно, Баранович, Брест, Смоленск, Буфуйск қалаларын оккупациялады. Аталмыш қалалар «уақытша болса да жау қолында қалды» деген сөз қолына қару ұстайтын ер азаматтарды ашындырмай қоймады. «Жау Ленинградты қоршапты, енді Отанымыздың  астанасы Мәскеуге қауіп төнді» деген информбюроның мәліметі де оңай тиген жоқ.

гариптин

Зауытта жұмыс істейтін жастары он жетіге енді ғана толған Жұмаш Қабаханов пен Ғарип Мұратов 1942 жылдың 15 қыркүйегінде Отанын қорғауға аттанып  кетті. Зауыт жұмысшыларының  басым көпшілігі әйелдер мен 11-13 жастағы балалар болып қалды. Майдан бағытына аттанғандар бірнеше күн жол жүріп, Башкирияның Уфа қаласына келіп тоқтады. Осы қалада әскери дайындық курсында болып, әртүрлі соғыс техникаларының сырлары мен қырларын үйренді. Мергеншілер курсында болып, әскери сынақтан «өте жақсы» деген  баға  алды.

Жауынгер-байланысшы Ғарип Мұратов  өзінің майдан жолы туралы былай дейді екен:

– Соғыс Советтік Латвияның астанасы Рига қаласын азат ету мақсатында болды. Рига шығанағының іргесіндегі түбек Бурземе деп аталады екен. Ал, Бурземе деген атаудың халықаралық әдебиеттерде көбірек тараған немісше нұсқасы – Курландия. Осы Курландиядағы неміс әскерлерін жою біздің дивизияның  міндеті болды. Біздің қорғаныс шебіміз Риганың батысынан Лиеная қаласының оңтүстік іргесіне, яғни, Балтық жағалауына дейін созылады. Бұл кезде гитлердің 38 дивизиясы қоршауда қалды. Қоршауда қалған жау  дивизиялары әрбір хутор, әрбір квартал үшін шайқасты. Міне, осы шайқаста  39-шы атқыштар дивизиясы ерекше көзге түсіп, «За родину» газетінде, кейін жауынгер журналист  Қасым Шәріповтың  «Қаруластар» атты кітабында жазылды (Қ.Шәріпов, «Қаруластар», Алматы, 271-286 бет).

Курляндия мойнағы. Жаудың қарсылығы күшті. Жерден де, көктен де жауып тұрған оқ. Әрбір ағаштың бұтағында отырған жаудың құралайдың көзінен тигізетін өңшең мергендері. Бас көтертпейді. Дивизияның бөлімдері таңғы сағат  төртте шабуылға шықты. Күн тұман еді. Көктемгі күннің жылуымен жер беті мұнартып-ақ тұр. Рота шабуылға   шықпас бұрын, полк командирімен байланысқа жауынгерлерді жіберіп жатты. Байланысқа жіберілген жауынгерлер И.Петров , Ф.Власов, А.Сатыбалдиевтер ротаға қайтып оралмапты.  Жау минасына жарылып,  көз жұмған екен. Жарық түсе бастаған кезде бір ескі қыстақтың жанында мықтап  бекінген жаудың  дзоты  оқты қардай боратады. Рота жауынгерлеріне бас көтертер емес. Не істеу керек? Жолдастарының қайтып оралмағанын еске алған Ғарип Мұратов дзоттың үнін өшіруге өзін жіберуді өтінді. Рота командирі аға лейтенант, ұлты украин  Иван Кириллович Калченко жауынгердің тілегін орындапты.

Жер бауырлап еңбектеген Ғарип дзоттың сол жағына қарай кетіп барады. Рота командирі көз дүрбісі арқылы қараумен болды. Жауынгер өз бағытын өзгертіп кету мақсатында қаруының басына бөркін іліп қойды да, өзі ол жерден ілгері жылжып кетті. Жау көрінген бас киімді атқылай бастады. Алдынан дзот ауызы  бұлдырайды. Бірақ әлі біраз жер, әлі қашық… Оның үстіне мынау миналар жүргізе ме?… «Әй, не болса, ол болсын!» Ұшып тұра келіп, беліндегі жарылғыш гранаталарын бірінен соң бірін  лақтырды да, жарылуын күтпей, минадан шама келгенше қашық кеткісі келіп, ілгері жылжыды. Бірнеше минуттардан кейін дзоттың  күл-талқаны шығып жарылыс тапты. Бұл кезеңде Ғарип дзоттың  сол жағына шығып  үлгерген болатын. Арттан «Ура, Ура, Ура» деген рота жауынгерлерінің дауысы естілді. Дзот орнында төрт-бес неміс жауынгерінің  өлігі жатты. Қару- жарақтарының барлығы да рота жауынгерлерінің пайдасына алынды. Сөйтіп, рота байланысшысы   Орел облысы Лески деревнясындағы жау дзотын кеудесімен өшірген атыраулық  батыр Боран Нысанбаевтың ерлігін жалғастырды. Ғариптің бұл ерлігін дивизия басшылары жоғары бағалап, «Даңқ» орденімен марапаттапты.

Курляндия жеріндегі ірі шайқастарда қан кешіп, Рига, Вильнюс, Таллин қалаларын жаудан босатуға қатысты. Осы шайқастардың бірінде байланысшы-жауынгер Ғарип  Мұратовқа дивизия штабына полк командирінің құпия қағаздарын  апару міндеттелді. Штаб тұрған жер қалың орман болатын. Еңбектеп келе жатқан байланысшыны жаудың ағаш бұтағында отырған «снайпері» байқап, оқты қардай боратыпты. Жараланған жауынгер қиналғанына  қарамастан бағалы қағазды дивизия штабына  табыс етті. Осы ерлігі үшін  «За отвагу» медалімен наградталды. Жеңіл жараланғанмен, окопта кеудесіне салқын тиіп қатты ауырады. Рига, Ленинград ауруханаларында ұзақ емделіп, екінші топтағы мүгедек болып туған жеріне оралды. Өзі алғаш еңбек жолын бастаған Атырау балық-құты комбинатына, ондағы еңбектес жолдастарына қайта қауышады.  Новолицевой балық зауытында, ағаш күбі жасайтын зауыттарда ұзақ еңбек етіп, демалысқа шықты. Майданнан оралғаннан кейін анасы Ұрқия, қарындасы Бәтима араларына  екі-үш  ай салып көз жұмды.

Жанұясында екі ұл, бір қыз өмірге келді. Ұлын ұяға, қызын қияға ұшырған ауылдың Құрметті азаматы Ғарип Мұратов.  Ол 1998 жылы тамыз айында дүниеден өтті.

Гүлзада Ниетқалиева

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*