АРДАГЕРЛЕР – ӘРКЕЗ САПТА

Өмірден озған ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталған пленум жұмысы барысында облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов баяндама жасап, Ұлы жеңістің 70 жылдығына дайындық жөнінде хабарлады. «Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бірде қаламызда соғыс заманында әйелдер мен жасөспірімдердің күшімен Гурьев-Астрахан аралығына жеңіс үшін қажет болған 200 шақырым рельске жолтабан салуға қатынасқандарға арнап монумент тұрғызу, облыс орталығында ұрыс даласында қалғандардың толық тізімі жазылған ескерткіш кешенін салу сияқты ардагерлер кеңесінің басқа да ұсыныстарын қолдайтындығын дүйім жұртқа жария етті. Бұл Атырау тарихында ойып орын алатын тәрбиелік мәні бар батыл шешім екені даусыз» деген ол майданға Гурьев мұнайын жеткізуге атсалысқандардың, яғни, темір жол құрылысына қатысқандардың бүгінде тізімі нақтыланып жатқандығын атап өтті.
Темір жол салу жұмысына қатысқандардың қатары жыл санап азайып келе жатқандығына облыс басшылығының назарын аударған Қатимолла Ризуанов оларды «Айбын», «Даңқ» ордендеріне немесе «Ерлігі үшін», «Жауынгерлігі үшін» медальдарына ұсыну туралы бастама көтерді. Сондай-ақ, ол өз сөзінде облыстық ардагерлер кеңесінің Халық қаһарманы, даңқты ұшқыш Хиуаз Доспанова атындағы шәкіртақы тағайындағанын атап өтті. «Қамтылмаған қалмасын» атты қамқорлық акциясы өтіп, зейнеткерлерге азық-түлік корзинасы таратылды» деген облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов шара барысында қала бойынша 20 мың 700 зейнеткердің қамтылғандығын жеткізді.
«Атырау бойынша барлығы 22 мың зейнеткер болса, олардың 74-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 2000-ы тыл еңбеккерлері» деп атап өткен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш ақсақалдардың бүгінде исламның атын жамылған радикализмге алаңдаушылық танытып отырғандығын жеткізді. «Сол себепті де жастар арасындағы патриоттық тәрбие жандануы керек» деген ол бүгінде Атырау мұнай және газ институтында «Әскери даңқ залының» ашылып, мемориалдық тақта орнатылғандығын атап өтті. Белгілі болғанындай, бұған дейін пәтер кезегінде тұрған 13 ардагердің 12-сі бүгінде баспаналы болған. «Бір ардагеріміз ауданнан көшіп келген екен. Қала басшылығы оған жыл аяғына дейін пәтер беруді көздеп отыр» деді ол.
Өз кезегінде еңбек ардагері Мәдина Ғабдісәлімова ардагерлер ұйымына мемлекеттік құрылым статусын беруді ұсынды. Сондай-ақ, ол «ардагерлердің өз алдына жеке бір үйі болуы керек. Күні кеше ашылған Даңқ мұражайы сол жерде орналасса. Ол жер тарихи орынға айналса. Бұл біздің келешек ұрпағымыз үшін аса қажет» деген ойымен де бөлісті. «Қазақ заңдарының атасы, Отан соғысына қарапайым жауынгер ретінде қатысып, дивизион командирі, подполковник шенімен аяқтаған, белгілі академик Салық Зиманов Атыраудың Тайсойған жерінде дүниеге келген» деген отставкадағы полковник Қартамбай Саудабеков ғалымның атына бір көшенің, мектептің немесе колледждің атын беруді ұсынды. «Сондай-ақ, арамызда Бақыт Қуанышев, Айдын Айбаров сынды ардагерлеріміз бар. Олардың өмірі – бүгінгі ұрпаққа үлгі. Сондықтан, осындай азаматтарымыз жөнінде кино түсірсек, патриоттық тәрбие дегеніміз сол емес пе?» дейді ол.
«Ардагерлер біздің бүгінгі өмірімізді жақындатқан тұлғалар. Елдің бірлігін, тірлігін көздеген адамдар» деп атап өткен Ардагерлер ұйымы республикалық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев бүгінде бір миллион жеті жүз мыңнан астам ардагер болса, олардың жеті мыңдайының ғана Отан соғысының ардагерлері екендігін айтты. «Соғыс ардагерлерінің алды тоқсанға таяп қалды, жартысы төсекке таңылғандар. Сол себепті де, біз ардагерлер туралы заңның қабылдануын Парламенттен мейлінше талап етудеміз» деген ол ақсақалдарға жасалатын қамқорлықтың жалғасатындығын, себебі ел мүмкіндігінің күн санап кеңейіп келе жатқандығын алға тартты.
Өз кезегінде облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жеңістің жетпіс жылдығына орай ардагерлердің әрқайсысына жүз елу мың теңге көлемінде бір жолғы көмек берілетіндігін атап өтті. «Инфляцияға байланысты жәрдемақы 7 пайызға, зейнетақы 9 пайызға өсті. Сондай-ақ, «Геолог Қазақстан» пансионатын Атырау әкімдігінің балансына алу мүмкін болды» деп басты жаңалықтармен бөліскен өңір басшысы енді ардагерлердің аталған шипажайда демалуына бар жағдайдың жасалатындығын жеткізді. Өз сөзінде аймақтағы әлеуметтік-экономикалық ахуалға тоқталған ол тоғыз айдың қорытындысы бойынша Атыраудың бюджет қаражатын игеруден алдыңғы лекте келе жатқандығын айтты. Сондай-ақ, ол жыл соңына дейін мың пәтердің, келер жылы екі мың пәтердің тұрғындар игілігіне тапсырылатындығын жеткізді.
Пленум барысында, сондай-ақ, облыстық қорғаныс жөніндегі департамент басшысы Ардақ Кукатов пен Махамбет аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Нәсіпқали Сәменов сөз алды.
Жиын соңында Ұлы Отан соғысында Курск майданына қатысқан бес атыраулық жауынгерге аталған облыс губернаторының Медалі келгені белгілі болды. Сол Медальдің бірі Махамбет ауданы, Доссор ауылынан келген Зинаида Берниязова әжейге табысталды. Жасы тоқсаннан асқан Зинаида әжей қан майданға бастапқыда медбике ретінде жіберіліп, соғысты зенитші болып аяқтайды. Құрбыларымен бірге майданға өз еркімен аттанған ержүрек қыз кезінде жаудың төрт ұшағын атып түсірген. Жеңісті Польшада қарсы алдым деген әжей кезінде «Даңқ» орденімен де марапатталыпты. «Екі қызым, ұлым мен немерем бар» деп масаттанған соғыс ардагері Зинаида Берниязова «енді елімізде тек қана тыныштық болсын» дейді.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*