КӨЗҚАРАС ДУАЛЫ АУЫЗДАН ШЫҚҚАН СӨЗ

«Атырау» газеті бүгін жыл ішінде айтылған салмақты, оқырманға ой салатын пікірлерді анықтап отыр. Бүгінгі күннің күйіп тұрған мәселелеріне орай белгілі тұлғалардың ұсынысы, ой-толғамы, көзқарастары кім-кімді де бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз.

aldan

Алдан СМАЙЫЛ,

Парламент Мәжілісінің депутаты:

«Біздің ғылымнан енді не шығар екен?»

«Біздің ғалымдар қазір мәселенің бергі жағымен ғана шектеліп, «бір-екі бидай тұқымын таптық», «малды асылдандырдық» дегеннен әріге аса алмай жүр. Ал, біз әлі күнге дейін бидайды да, тұқымды да сырттан тасып келеміз. Сонда бұл не қылған ғылым?  70 жыл Кеңес Үкіметімен, 20 жыл тәуелсіздікпен бірге өмір сүріп, 90 жыл бойына ештеңе шықпаған ғылымнан енді не шығады деп ойлайды екенсің».

(«Атырау» газетіне берген арнайы сұхбатынан).

erkinbekЕркінбек ШОҚАЕВ,

облыстық дін істері басқармасының

басшысы:

«Болашақпен» шаштараз  да  оқып  жатыр

«Бір қызығы, «Болашақ» бағдарламасымен шет елде шаштараздың оқуын оқып жүргендер бар екен. «Мұндай мүмкіндікті неге теолог мамандар дайындауға пайдаланбасқа? Ал, бізде дінге бет бұра бастаған баламен мұғалімдер қалай қатынас жасау керектігін білмейді. Шеттетеді, одан қалды, сыныптастарының арасында кемсіте бастайды».

(Журналистерге арналған семинар-тренингте айтқаны).

anyrНұртай САБИЛЬЯНОВ,

Парламент Мәжілісінің  депутаты:

«Өтемақы талап ететін кез жетті»

«Ең алдымен, қоршаған ортадан зардап шегіп отырған халықтың саулығы толық медициналық тексеруден өтуі керек. Сонан соң оларға тиісті көмек берілуі тиіс. Және біздің жерімізде техникасын сынақтан өткізіп жатқан Ресейден өтемақы талап ететін кез жетті. Радиациялық аймақтардағы төрт түлік мал қандай жағдайда? Ондағы халық немен айналысады? Бұл мәселелер де назардан тыс қалмауы керек».

(«Атырау» газетіне берген арнайы сұхбатынан).

akobenovІзімғали КӨБЕНОВ,

«Невада-Семей» антиядролық қозғалысы Батыс аймақтық

филиалының директоры:

«Азғырды зерттеу коммерцияға айналды»

«Азғырда бірде-бір таза құдық жоқ. Ал, біз жиырма екі жыл бойы «зерттеп» келеміз. Меніңше, Азғырды зерттеу бүгінде бизнеске, кәдімгі коммерцияға айналып кетті. Мұның артында жемқорлық жатқан болуы да мүмкін. Нақты нәтиже шығаратын уақыт жетті ғой. Полигон салдарынан зардап шеккен мүгедектердің бүгінде қаншасы бар, қаншасы көз жұмды, олардан туылған балалардың жағдайы қандай? Мұны саралап жатқан ешкім жоқ».

(Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі жанынан құрылған

комиссияның Атырауда өткен отырысында білдірген пікірінен).

azeunЗейнолла САМАШЕВ,

 Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институттың Батыс Қазақстан филиалының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

«Сарайшықтан мүлде айырылуымыз мүмкін»

«Сонау елуінші жылдары Ә.Марғұлан, С.П.Толстов, Г.И.Пацевигтер қазба жұмыстарын бастаған көне Сарайшықтан  бүгінде небәрі 30 пайыз ғана белгі қалғаны өкінішті. Енді бір он шақты жылдан соң Сарайшықтан мүлдем айырылып қаламыз. Сондықтан, оны судан қорғау жұмыстарына дереу кірісіп, қазу жұмыстарын жалғастыру керек».

(«Атырау» газетіне берген арнайы сұхбатынан).

amangeldiАмангелді ШАМҒОНОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы:

«Қате  әлі  қаптап  жүр»

«Меніңше, тарихты ұлттық тұрғыда қайта жазып шығу мәселесінде өлкетануға айрықша көңіл бөлінгені дұрыс. Өйткені, өлкелерге қатысты әлі де ашылмай, зерттелмей, тасада қалып жатқан мәселелер баршылық. Екіншіден, тарихшы мұғалімдер оқушыдан оқулықта жазылғанды білуді талап етеді. Ал, оқулықтағы мәлімет қате болса, оны қайтеді? Сондықтан, мектептегі тарих оқулықтарындағы қателіктерді түзететін кез жетті».

(«Атырау» газеті өткізген «дөңгелек үстелде» айтылған пікірі).

azhambulЖамбыл АХМЕТБЕКОВ,

 Парламент Мәжілісінің депутаты:

«Қарттар үйі жетіспей жатыр»

 «Қарттарын қазынаға балаған қазақ едік қой. Өткен тарихымызда қай қазақ баласын тастап, әке-шешеден безінген еді? Алиментті енгізу арқылы біз ең алдымен қазақ жастарын осындай безбүйректіктен сақтандырғымыз келіп отыр. Бұл қадам қарттар үйінің азаюына алып келуі бек мүмкін».

 (Газетімізге білдірген пікірінен).

alimgereesӨтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ, жазушы-өлкетанушы,

Жаратылыстану академиясының академигі:

«Археология саласы аянышты-ақ»

«Шынын айтқанда, археология саласында мүлдем мүсәпір екенбіз. Табылған көмірдің қай жылғы екенін білу үшін оны Ресейге жіберу керек. Адамның бет-әлпетін анықтау үшін Герасимовке, тіпті Германияға жіберу керек болады.  Өзіміздің Қазақстанда осыларды анықтайтын ештеңе жоқ».

(«Атырау» газеті өткізген «дөңгелек үстелде» айтылған сөзі).

amaratМарат ӘЗІЛХАНОВ,

ҚР Дін істері жөніндегі агенттік

төрағасы:

«Хиджаб – діндарлықтың белгісі емес»

«Білім саласы негізінен зайырлылығымен ерекшеленеді. Ал, хиджаб ұлттық киім емес. Біз елімізде хиджабтың діндарлық белгісі ретінде қолданылуына қарсымыз. Ал, орамал – басқа мәселе. Елімізде орамал тартуға тыйым жоқ. Қасиетті Құранда «еліңдегі заңдарды сыйлау керек» деген бар. Яғни, Аллаға да сену керек, қоғамды да сыйлау керек. Шынайы мұсылман осының барлығынан баланс таба алады».

(ҚР Орталық Коммуникациялар Қызметі базасында өткен брифингте айтылған сөзінен).

aersinЕрсін ӘМІРЕ,

теолог-дінтанушы:

«Баламен тіл табыса білмейміз»

«Дін, руханият – адамзат атаулының мұқтаждығы десек, дінге қызығушылық танытқан балаға тыйым салғаннан ештеңе ұтпаймыз. Теріс ағымдағылар «егер ата-анаң сенің орамалыңа, намаз оқуыңа қарсы болса, ол дінге қарсы күресуші адам. Олай болса, ол – Алланың дұшпаны. Демек, ол – сенің де дұшпаның. Сен ата-анаңды жек көруің керек» деп үйретеді. Бұдан соң лас ақпаратты суша сімірген бала имамдардың сөзін тыңдамайды да. Сондықтан, дінге бала бет бұра бастады ма, әп дегеннен оған дұрыс мәлімет беру керек».

(ҚР Дін істері басқармасы жанынан құрылған облыстық ақпараттық-насихаттық топтың

құрамынаарналған семинарда айтылған сөзінен).

Бетті дайындаған Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз