Зейнолла Серікқалиев — «Алтын жамбылы» сыншы досым

Өз өмірімдегі найзағайлы шақты мен Зейнолла Серікқалиевпен байланыстырамын. Мен Зекеңнің есімін сонау студент кезімнен естіп, оқып қанығып келемін. Оның поэзия туралы алғашқы сын мақаласы «Лениншіл жас» газетінің бетінде өткен ғасырдың елуінші жылдарының орта кезінде жарық көріп, сүйсіне оқығаным бар. Үнемі өрлеу, шарықтау үстіндегі таланттың ұзаққа шабатын тұлпар екенін байқап, ірі сыншы, ғалымның бой көтеріп келе жатқанын сезінген едім.

Зейнолла аға ауылға келгенде. Қарындастары Рая, Пинамен бірге

Зейнолланы ең жыға таныған кезім – 1983 жылғы қыркүйек айы. Қазақстан Жазушылар Одағының сол кездегі хатшысы, ақын Жұбан Молдағалиев жазушылардан делегациялар шығарып, облыстарды аралатып, өндіріс орындарында, ауылдарда еңбекшілермен қоян-қолтық кездесулерді дәстүрге айналдырған болатын. Кезекті делегация Атырауға бағыт алған-ды. Құрамында отызға тарта қаламгері бар жазушылар тобы сапарын қаланың Мұнайшылар мәдениет үйінің үлкен залындағы кездесуден бастады. Сол кездесуде ақын-жазушыларды облыс әдебиетшілері мен мәдениет қызметкерлерінің атынан құттықтап сөз сөйлеген едім. Зейнекеңді осы кездесуден жақын таныдым.

Мектепте бірқатар жылдар еңбек еткеннен кейін, Атырау педагогика институтына әдебиеттен дәріс оқуға шақырылып, осында тұрақты ауысқан жылы институт басшылары ғылыммен айналысу керектігін алдыма тартып, кандидаттық диссертация қорғауды ұсынды. Гурьев педагогика институтының филология факультетін тәмамдаған, әдебиетті жанындай сүйетін және көркем шығарма жазуды мектеп қабырғасынан бастаған, студент кезінде жалғастырған, мұғалім болып жүріп дамытқан, ара-тұра баспасөз бетінен шығармаларын жариялап жүрген маған ғылыммен айналысу оң жамбасыма келді. Тақырып таңдадым. Елуінші жылдардан бері қазақ әдебиетінің көрнекті ақындарын оқып, қайсыбірін жаттап алып жүргендіктен, тақырыпты ақындар шығармашылығынан алу қол болды. Өйткені, Қадырды да, Тұманбайды да, Мұқағалиды да, Жұмекенді де, Төлегенді де жақсы білемін. Академик Зейнолла Қабдоловпен кездесіп пікірлескенімде, таңдауды өзіме салды. Мен өзім өлеңін сүйсіне, іздеп жүріп оқитын ақын Жұмекен Нәжімеденовті жүрегіме жақын санадым.

Кандидаттық диссертация біраз кемеліне келіп, қорғауға жақындаған шағымда, Қазақтың ұлттық мемлекеттік университеті жанындағы диссертация қорғау кеңесі бірінші оппонент етіп академик Зәки Ахметовті, екінші оппонент етіп Зейнолла Серікқалиевты бекітті. Зәки Ахметовпен кездескеннен кейін, өзімнің жерлесім әрі көзкөрген танысым, белді сыншы Зейнолланы іздедім. Ол кезде Зейнекең ҚР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас редакторы болып жұмыс атқаратын.

Бетпе-бет келіп ұзақ сөйлескеніміз — осы кез. Бар жағдайымды түсіндіріп болғаннан кейін, мен жасымның ұлғайып кеткеніне қарамастан осындай талпыныс жасап жатқанымды айтып едім, ол:

– Ой, Қадеке, сол сөз болып па, өзіңіз көптен қаламыңыз қолыңыздан түспеген адамсыз, ештеңе етпейді, міне диссертацияңыз да дайын болыпты. Енді тек қорғауы қалып тұр ғой. Біздің жігіттер өте жасқаншақ жүреді. Қаламмен тағдыр қосқан екен, «ол енді пешенеге жазылған нәрсе» деп қарау керек. Сонымен бірге алған тақырыбыңыз тіпті тамаша. Жұмекен менің досым. Оның досы көп еді. Бірақ, маған дегенде оның ниеті бөлек-ті. Шіркін, бір өкінішім, Жұмекен туралы шешіле жаза алмағаным – бетіме шіркеу. Достық парыз дегеннің жөні бөлек қой. Әрі ол өзіндік бет-бағыты, стилі өзге, талантты ақын болатын.

Маған академик ағамыздың Жұмекен қайтыс болғаннан кейін айтқан сөзі жүрегімде тұр. Зейнолла Қабдоловқа былай депті-ау марқұм: «Аға, мына жинақтарымды оқып, бір лебіз білдірсеңіз». Зейнекең: «Аруағыңнан айналайынның осы сөзі есімнен кетпей жүр», — деп еді. Міне, осы ақынның шығармашылығын академик сізге тапсырған екен. Мен құптаймын. Жұмекентануды өз жерлесі сіздің бастағаныңыз жақсы болды ғой. Құтты болсын! — деді ағынан жарыла.

Осы кездесуде мен Зейнолланың өзі туралы өзіндік көзқарасымды қалыптастырдым. Бұл не деген сұңғыла, не деген ақ адам?! Тіпті, жүрегін менің қолыма ұстатқандай шешіле сөйлегеніне ғажап таңғалдым да, сол күні біраз уақытқа дейін суреті көз алдыма, сөзі сайрап құлағымда тұрды. «Сол сәт екеуміздің достығымыздың тұсауын кескен кез екен» деп кейін топшыладым.

Диссертация қорғау кезінде Зейнекең шығып сөйлеп, Жұмекеннің қандай ақын екендігі туралы айтып көсілді дерсің. Айтып-айтып келіп, ақын өлеңдерінің құпия сырына үңілген диссертацияға ауысып, біраз сілтеді.

Дайындап ап келген қағазына қарауды қойды. Шабыттана сөйлегенін тұңғыш көрдім. Терең ғылыми тебіреніспен төгілгенде кеңеске қатысқан адамдар тыңдап, таңданғандарын сездім. Зейнекең шабыттана сөйлегендегі «просто» деген қыстырма сөз қайталанған сайын күш ала түсетінін байқадым. Аруағыңнан айналайын, Зейнекең-ай, құдды Жұмекен қайта тіріліп келгендей қуаныштан жарылғандығы сондай, кеңесте құшақ-құшақ гүлімен келіп отырған Жұмекеннің жары Нәсіп пен қыздары Қарлығашты, Саиданы құшақтап, кезек-кезек сүюмен болды. Мен де көзімнен мөлт еткен жасты сүртпестен, бетінен сүйдім. Ол да мені құшақтап, арқамнан қағып жатыр. Зейнекеңмен екеуміздің достығымыз Алматыдан Атырауға дейін көзге көрінбейтін достық даңғылын салды. Біз телефондасып хабарласып, Атырауға келсе, қарсы алып, шығарып салып жүрдік.

1990 жылы жазда ұлымның үйлену тойы болған еді. Түнде той өткізіп, ертеңіне ыдыстарымызды жиыстырып жүрсек, Зейнекең келіп тұр. Қолында портфелі, жол үстінде жүргендігін, елге қауырт жұмыспен кетіп бара жатқандығын айтты. Дастархан жазылды.

– Зейнеке, қош келдіңіз. Құтты қонақ болдыңыз. Кеше ғана бір ұлымның үйлену тойын өткізіп едік. Өзіңізді тойда болғандай сезініңіз.

Зейнекең өз тілегін айтты.

– Зейнеке, сіз – құтты қонақсыз. Мен Алматыда жүргенімде академик Зейнолладан бастап, ылғи Зейноллалардың ортасында жүріп, диссертациямды сәтті қорғап едім. Қуаныштың үстіне келдіңіз. Амандық болып, егер келінім ұл тапса, сіздердің құрметтеріңізге арнап, немеремнің атын Зейнолла қоямын, — дедім.

Құдай аузыма салғандай, 1991 жылы ұлдан тұңғыш немерем дүниеге келіп, атын «Зейнолла» қойдым.

Енді телефон шалып хабарласқанымда Қабдолов Зейнолла да, Серікқалиев Зейнолла да өз аттастарының денсаулығын ұмытпай сұрап жатады. Қазір сол Зейноллам азамат болды.

Мен Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиясынан, докторлық диссертация қорғауға дайындалғанда, Зейнолла мұны да құптай түсті. «Жұмекен Нәжімеденовтің ақындығы» атты үлкен монографиям «Ғылым» баспасынан басылып шыққан бойда, бір данасына қолтаңба жазып өзіне ұсынған едім. Ол бүге-шүгесіне дейін оқып шығып, өзінің пікірін ауызша білдіріп, ризашылығын айтқан еді. Жұмекеннің 60 жылдығы қарсаңында басылған монографияны оқып шыққан Зейнолла ақынның мерейтойына арналған «Қазақ әдебиеті» газетінің 1995 жылғы қараша айының санында жарияланған «Темірқазық» атты үлкен мақаласында менің Жұмекенге арнаған монографияма жақсы баға берген болатын.

Зейнекеңнің еңбегіме берген осыншама бағасы маған қандай да марапаттан артық, шексіз қуанышқа бөлеген сөздер ретінде, мені жеті қат аспанға көтергенмен бірдей болды.

Зейнолла ешкімге жағынып, лауазымдылардың алдында бас иіп, көлгірсу дегендерді білмейтіндігіне оның қандай болмасын сөз өнерінің бір-бір классикалық туындысы болып есептелетін сын мақалалары дәлел. Оның «Ойлар, толғаныстар», «Жылдар сазы», «Ақ жол», «Сын кітабы», «Тағдыр және Біз», «Алтын жамбы» жинақтарындағы қазақ әдебиетін зерттеу объектісі еткен туындылары әдебиетіміздің алдында тұрған проблемалық мәселелерді қозғаған «алтын жамбылар» десе болғандай. Әдебиетіміздегі проза мен поэзиядағы алуан құбылыстар Зейнекеңнің қаламынан әрқашан өздерінің бағасын да, бағыт-бағдарын да алып отырған десек, қателеспеспіз. Ал, «Дүниетану даналығы» атты жоғары, орта оқу орындарының студенттері мен оқушыларына, жалпы зиялы қауымға арналған оқулықтың қаншалықты ғибраттық мәні бар екендігін оқыған адамдардың өздері-ақ түсінер. Бұл ғылыми еңбектің құндылығы сол – көркем әдебиеттің адам санасының құпия қалтарыстарын жарқырата ашар құдіреті сөз болады. Ал, 2001 жылы жарияланып, қаламгерге Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алып берген «Алтын жамбы» кітабындағы әдеби тақырыптағы жанашырлық шалқыма, ғұламалық ойлар оқырманды еріксіз толғаныстарға душар ететіндігін қайтерсіз?!

Жаңа ғасырдың басында Зейнекең Меккеге екі жүз адамның бірі болып қажылыққа барған еді. Қажылық аяқталғаннан кейін, «онда «шайтанға тас лақтыру» рәсімі өткен кезде ондаған адам қаза тауыпты және Қазақстаннан барғандар ауырып келіпті» деп естідім. Осы хабарларды естігеннен кейін, мен «амандығын білейін» деп Алматыға, Зейнекең үйіне телефон шалғанмын. Телефонды Зейнекеңнің жарқын үнді сүйікті Майрасы тыңдады. Амандық сұрасқанда, ол:

– Зекең ауырып келді. Асқазан, тамағы ауырып… Арабстандағы 50 градус ыстыққа шыдай алмай, шөлдегеннен мұздатқыштан суды іше-іше ішкі құрылыстарына салқын тиген, қазір ауруханада жатыр, — деп қатты күйзеле сөйлеген.

Аруағыңнан айналайын, Зекемді соңғы рет 2002 жылы жаз айында қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің 100 жылдық торқалы тойында Петропавлда кездестірдім. Көргеннен құшақтаса қалдық. Жүзін сынықтау көрдім.

Дүние саларынан бір-екі ай бұрын ауырып жатқанын естідім, ауруханадан шыққаннан кейін хабарласқан едім. Дауысы бәсеңдеу шықты. Сынық. Ауруы жанына батып тұрғанын сездім. Жазылып кетуіне тілек білдірдім. «Алтын жамбының» бір данасын қолға түсіргенімді айттым. «Қалай?» — деді. «Тамаша, алтын десе алтын!» — дедім.

Қайран, Зекем-ай, туған жерің – алтын бесігің сені ұмытпай, мәңгілік рухына бас иетініне сенеміз.

Сенің атыңның қазақ әдебиетінің тарихында алтын әріппен жазылатынына, бүкіл жұртшылық, өзіңнің алашың сені сүйіп құрметтейтініне, «Қазақтың Белинскийі» деген халық берген атағыңды биіктете түсетініне күмән келтірмейміз.

Қадыр ЖҮСІП

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*