Атырауда еңбек қауіпсіздігі сақталып отыр ма?

«Адами капитал – жаңғыру негізі». Мемлекет басшысы биылғы халыққа арнаған Жолдауында осы мәселеге ерекше назар аударып, нақты міндеттер жүктеді. Өйткені, кәсіпорын немесе компанияның нарықта бәсекелестікке қабілетті, табысты болуы – ең алдымен, кәсіби маманға тікелей байланысты. Алайда, жауапкершіліктен жалтарып, қарамағындағы қызметкердің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтын мекемелер де баршылық.

Енбек кауыпсыздыгы

Ендеше, еңбек дауларын қалай азайтамыз? Жазатайым оқиғалардың қайтсек алдын аламыз? Шетелден келіп, жұмыс істеп жатқандардың лауазымы білігіне сай ма? Бұл сауалдарға облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіров толыққанды жауап берді.

Наразылық акциясы неден туды?

Өткен жылы Теңіз вахталық кентіндегі «Кентек Казахстан Техникал Сервисез» ЖШС жұмысшылары еңбекақы мөлшерінің төмендігі, жалақының уақытылы төленбеуі, жұмыс орындарының қысқаруына байланысты келіспеушіліктерін білдірген еді. Бағаның өсуі мен азық-түліктің қымбаттағанын алға тартқан мамандар айлық табыс мөлшерін 50 пайызға өсіруді талап етті. Басшылықтан күдер үзген жұмысшыларға наразылық акциясын өткізуге тура келді.

«Сол кезде қызметкерлердің орташа жалақысы (28/28 күнге) 223 мың теңгені құрады. Орын алған олқылықты реттеу үшін басқарманың, прокуратура және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, мекеме жұмысшылары мен басшылары арасында келіссөздер жүргізілді. Келісім нәтижесінде олардың жалақыларын 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап мекеменің қаржылық жағдайына қарай 12 пайызға өсіру жөнінде шешім қабылданды»,-дейді Игілік Айдарұлы.

Тағы бір еңбек дауы аймақтағы ірі компаниялардың бірі «ISKER» ЖШС-де орын алды. Онда Теңіздегі «Өркен» вахталық қалашығында металл құрастыру бөлімінің жұмысшылары айлықты 20-25 пайызға көтеру жөнінде ұжымдық арыздарымен жүгінген. Жұмыс берушімен еш келісімге келместен, бөлімнің 80 қызметкері жалақы жайы шешімін таппайынша жұмысқа шығудан бас тартқан. Басқарманың араласуымен серіктестік басшылығымен келісімге келу арқылы монтажшылар, жұмысшылар, бетоншылардың жалақысы 15 пайызға өскен. Айта кетелік, отандық компанияның 2200 жұмысшысы «Өркен» қалашығындағы құрылыс жұмыстарын вахталық әдіспен жүзеге асырады.

Біліктілігі біліміне сай ма?

Мұнайлы өлкеде өндіріс орындары көптеп шоғырланғандықтан, компания қызметіне шетелдік жұмыс күші де тартылады. Алайда, өзге ел мамандарын еңбекпен қамтуда кемшілік азаймай отыр. Мәселен, облыстық әкімдік жанындағы комиссияның шешімімен шет елдің азаматын жұмысқа алуға тиісті талаптар қойылады. Яғни, компания 10 шетелдік маманды жұмысқа алса, сәйкесінше 10 қазақстандық қызметкерді еңбекпен қамтуға міндетті болады. Дегенмен, заңның бұл талабы орындала бермейтіні даусыз. Былтыр тексерілген мекемелерден осындай кемшіліктер анықталған.

«Шетелдік азаматтар жұмысқа тұрған кезде құжат бойынша мамандығы инженер-механик болып көрсетіледі. Бірақ, атқаратын лауазымы мен дипломы мүлде сәйкес келмейді. Тіпті, еш рұқсат алмастан емін-еркін еңбек етіп жүргендер де бар. Ол турист болып келді ме, әлде, қонақ па, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Осында жұмысын жасайды, жалақысын алады, бұйрықтарға қол қояды, бірақ, рұқсаты мүлде берілмейді»,-деген Игілік Әубәкіров олқылықтар орын алған мекемелер жауапсыз қалмайтынын, оларға 4,5 млн. теңге көлемінде айыппұл салынғанын атап айтты. Тіпті, еңбек шарты бұзылған кейбір мекемелерді тендерге қатыстырмауға дейінгі шаралар қолданылады.

Қоймада уланған жігіт

Атыраулық жас жігіт үшін биылғы жыл сәтсіз басталды. Қаладағы ірі супермаркеттердің бірінде қоймада жұмыс жасап жүріп, жазатайым оқиғаға тап болды. Бүгінде тексеріс шаралары жүргізіліп жатқандықтан, нақты қорытындысын айту қиын. Бірақ, әлгі жігіт қоймадағы тоңазытқыштан байқаусызда ағып кеткен аммиакпен уланып қалған деген мәлімет бар. Әрине, бармақ тістеп, өкінгеннен пайда жоқ, алайда, қарапайым қауіпсіздік шараларының сақталмауынан мұндай өкінішті жайт жиі кездесіп отыр. Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының айтуынша, қауіпсіздік белдігін тақпау, каска кимеудің кесірінен құрылыста жазатайым оқиғалар көптеп орын алады. Өткен жылдың өзінде облыста 50 оқыс оқиға салдарынан 12 адам көз жұмып, 79 жан зардап шеккен. Нәтижесінде, төрт қылмыстық іс қозғалып, сотқа жіберілген.

«Өндірістік жарақат алған кезде бір тәулік ішінде оқиғаның болғандығы жөнінде мекеме бізге ақпарат беруге міндетті. Бұрын кәсіпорындарда жасырып қалу жиі кездесетін. Қазір барлығы заңмен реттелгендіктен, мұндай фактілер азайып келеді. Алайда, білім беру ошақтарында инспекцияға ескертпеу деректері болып тұрады»,-деп түсіндірді басқарма басшысы.

Берешек өтеусіз қалмайды

Жалпы, мекемелерде жалақыны өсірумен қатар, еңбекақыны уақытында төлемеуге қатысты шағым аз емес. Маңызды мәселені шешу үшін басқарма, құқық қорғау органдары, мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметі бойынша жоспардан тыс тексерулер өткізіліп, айлық табыс берешектері анықталып, тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырады. Айталық, былтыр түскен өтініштерді тексеру барысында 28 мекемеде 719 жұмысшыға 168,9 млн. теңге жалақы берешегі анықталған. Кемшілікті түзету үшін нұсқамалар беріліп, 29 әкімшілік іс қозғалып, 6 млн. 625 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Қабылданған шаралар нәтижесінде 92,2 млн. теңге еңбекақы берешегі өндірілген.

«Қызметкерге бережағы бар мекеме жауапкершіліктен құтылмайды. Біздің тарапымыздан шешілмеген мәселе құзырлы органдарға жіберіледі. Мәселен, екі мекеменің қызметі сот арқылы тоқтатылды. «Қазэлектрум», «Яманлар Иншаат», «Атакент Жылой», «Ватер инж сервисез», «Атырау генплан», «Индер теміржолы» секілді мекемелерде жалақы берешегі бар екендігі белгілі болды. Бүгінде тексеріс шаралары жалғасуда»,-дейді И.Әубәкіров.

Еңбек шартын жасақта!

Елімізде тиісті заңнамалар қабылданғанмен, әлі күнге дейін еңбек шартын жасақтамайтын мекемелер де бар көрінеді.

«Жақында шағын дүкенде жұмыс істеген қала тұрғыны бір айлық жалақысын төлемегендігін айтып, шағыммен келді. Тексеру барысында, оның жекеменшік нысан иесі арасында жасақталған еңбек шарты болмай шықты. Амалсыздан екі тараптан өтініш алуға тура келді. Осындай оқиғалар көп. Оның үстіне, қызметкерлер жұмысқа қабылданса болғаны, өз құқығын қорғауға келгенде енжарлық танытады»,-деген Игілік Айдарұлы бүгінде елімізде еңбек шартының жасақталуы қатаң қадағаланып отырғанына баса тоқталды.

«Жұмыс табу оңай емес. Сондықтан мамандар көбіне бос жұмыс орнына тағайындалу үшін барлық формальдылықтан қашқақтайды. Әрбір жұмыс беруші қызметке өтініш берген кезде маманның өз талаптарын қоюына келісе бермейді. Бірақ, шартты жасақтамау сот жүзінде жалақы берешегін өтеуде қиындық туғызып, жұмыс істеген уақыты еңбек өтіліне жазылмайтынын ешкім ескермейді. Еңбек шарты болмаған кезде зейнетақы жарналары және басқа да әлеуметтік төлемдер жасалмайтынын назардан шығарып аламыз. Жұмыс берушінің келісім-шарт жасаспауы қазіргі еңбек заңнамасының бұзылуына және әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылуына әкеп соғады. Оған айыппұл салынады»,-деді И.Әубәкіров.

Айтпақшы, былтыр мемлекеттік еңбек инспекторларымен заңнама талаптарының сақталуы бойынша мекемелер мен кәсіпорындарда 445 тексеріс жүргізілген. Оның барысында 696 заң бұзушылық анықталған. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес 217 айыппұл салынған. Өткен жылдың өзінде жұртшылық тарапынан 843 шағым қаралған.

Айбөпе САБЫРОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*