Атырауда «ерекше» балаларды дамыту орталығы қашан ашылады?

Бүгінде дамуында тежеліс бар балалардың қатары күн санап артуда. Атап айтқанда, психикалық сөйлеу қабілетінің төмендігі, сал ауруына, аутизм, дауна синдромына шалдыққан сәбилердің көбеюі басты проблемаға айналды.

Ерекше балаларды дамыту

Сонымен қатар, ерекше балғындардың дамуына ықпал ететіндей оңалту шаралары әлі де болса өз деңгейінде жүргізілмейді. Себебі, бүгінде психикалық және сөйлеу қабілетінде кешеуілдеуі бар балаларды дамыту орталығы тапшы. Бұл – республика көлемінде де түйткілді тақырып.

Бір ғана Атырау облысын алып қарар болсақ, балаларды дамыту орталығы көп-ақ. Десек те, оның барлығы бірдей ерекше балалармен жұмыс істей алмайды. Мәселен, ойлау және сөйлеу қабілеті қалыс қалған бүлдіршінмен күнделікті дефектолог, логопед, психолог сынды мамандар кешенді жұмыс жасауы қажет.

Егер аутизмі болса, оған АВА терапистің де көмегі керек болады. Ал, өңірде тегін түрдегі қызметті айтпағанда, ақылы жағдайда да осы мамандардың көмегін кешенді түрде алуға болатындай ешбір дамыту орталығы жоқ. Сондықтан, қазір талай  ата-ана перзентін құшақтап шетел асып, ем іздеуге мәжбүр.

Елімізде оңалту орталықтары болғанымен, жолдама жылына бір немесе екі рет қана беріледі. Ал, дамуы тұрғысында қатарластарынан қалып келе жатқан балақайларға бұл аздық етеді.

Сондай-ақ, аймақта логопед, дефектолог, психолог мамандарының тапшылығы сезілуде. Егер балаңызды тәжірибелі сала қызметкерлерінің қолына тапсырғыңыз келсе, яғни, жеке-жеке қабылдауларына барар болсаңыз, қалтаңыздың қалың болғаны дұрыс. Өйткені, бүгінде мұндай қызметтің бағасы шарықтап тұр.

Қаламызда ерекше балаларды дамыту орталығы ашылса, бүгінгі күннің өзекті мәселесін шешуге бағытталған оң қадам болар еді. Алдағы уақытта аталған мәселе кәсіпкерлер назарына ілігіп, оң шешімі табылса екен дейміз.

Арайлым БАҒЫТЖАН

Атырау қаласы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*