Енді мемлекеттік қызметшілер бейджикпен жүреді

Алдағы уақытта Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің қызметтік куәлігін жойып, орнына бейджик енгізу жоспарлануда.

Бейджик мемкызметшы

 

Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат департаментінің директоры Салауат Мұқсымов айтты,-деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта агенттік тарапынан мемлекеттік бақылауды қоғам арқылы күшейту, мемлекеттік қызметтегі тәртіпті жетілдіру мақсатында қызметтік куәліктің орнына бейджикті ілкі жоба ретінде енгізіп отыр. Бүгінде біз агенттіктің қызметтік куәліктерін тапсырып, осы бейджикке көшіп жатырмыз»,-деді ол.

Оның айтуынша, қызметтік бейджикте әр қызметкердің суреті, аты-жөні, электронды поштасы және қызметтік телефон нөмірі көрсетіліп тұрады.

«Осы бейджик арқылы қызметкердің жұмыс орнына кіруге мүмкіндігі бар. Бұған қоса, е-қызмет жүйесінің қызметін пайдалану үшін де осы бейджикті қолдану жолдары қарастырылуда. Қызметтік куәлікті дайындау 3 мың теңге болса, бұл одан арзанға түседі. Құны шамамен 500 теңге. Егер бұл жоба агенттікте өзінің тиімділігін көрсетсе, онда барлық мемлекеттік органдарға ұсынылады. Жалпы ең дамыған Еуропа елдерінің мемлекеттік қызметшілерінен қызметтік куәлік көре алмайсыз. Олар осындай бейджикпен жүреді. Бұл қоғамға ашықтықтың белгісі»,-деді Салауат Мұқсымов.

Айқара Ғұмар

Фото inform.kz сайтынан алынған

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*