Қазақ жігіттері пластикалық ота жасатуға неге құмар?

Соңғы кезде сәнге айналып бара жатқан үрдістің бірі – қазақ жігіттерінің пластикалық отаға жиі жүгінетіндігі. Бетіндегі әжімін кетіріп, өзінің жасынан әлдеқайда жас көріну бүгінде нәзікжандарды ғана емес, ер азаматтарды да алаңдатады екен. Бұл тақырыпты зерделеуге көшедегі «ерлер косметологиясы», «бізге келіңіз, жасартамыз» деп менмұндалаған жарнамалар қозғау болды. 

 

Еліктегіш еркектер

Сонымен, пластикалық отаның көмегіне кімдер жүгініп жүр? Қазақ жігіттеріне бұл қызметтің қаншалықты қажеті бар?

Біз бас сұққан Атыраудағы косметологиялық емханалардың бірінің косметолог-хирургі Жаннат Орындықова (өзінің сұрауы бойынша аты-жөні өзгертілді) бүгінде келісті келбет үшін жігіттердің де пластикалық хирургтарға жазылып, белгілі бір мерзімде емдеу курстарынан өтетінін айтты. Олар көбінесе бет әлпетіндегі түрлі безеу, сүйелдерден тазарып, тыртығын тегістетіп, әжімдерін тарттырып, мұрнын түзетіп, сұлу жігіт болғысы келеді.

«Қыз-келіншектермен қатар, бізге қазақ жігіттері де көп келеді. Олардың бірқатарының мазалайтын мәселесібеттегі әжім. Күйіктен қалған орындарды, пигменттік дақтарды кетіргісі келетін  жасөспірімдер бар. Белгілі бір жағдайлардан қалып қойған тыртықты жоюды көздейтіндер де кездеседі. Беттің, еріннің көлемін үлкейтуге арналған «ботекс» деп аталатын қызметке ерлер арасында да сұраныс болып тұрады. Оны Астраханнан келген хирург-дәрігер жасайды. Мұның бәрі – жақсы тенденция. Бұған бола жігіттерге ұялудың еш қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі, сұлу да сүйкімді көрініп жүргеннің несі айып?» — дейді сала маманы.

Косметологтың мәліметінше, беттегі әжімді тарттырып, жеңіл күйіктен қалған орындар мен сүйелден арылуға жасалатын ота лазерлік әдіспен жүргізіледі. Оны әсіресе, күз, қыс айларында жасатқан жөн. Себебі, бұл әдістен кейін бірнеше күн үйден шықпай, күн көзінен алыс болуы керек. Үш сатыдан тұратын ем-домды рет-ретімен толық алу қажет. Әр кезеңінің құны 60 мың теңгеден басталады. Пластикалық отаның бұл түрінің барлық еміне үш-төрт ай уақыт кетеді. Соңынан арнайы жақпамайларды жағып күнделікті күтінген абзал. Ал, емдік шараның басынан соңына дейінгі курсының бағасы шамамен 300 мың теңгені құрайды. Атыраудағы осындай емханаларда арнайы мамандардан кеңес алу тегін.

Мұндай қызметті пайдаланушылар арасында шоу-бизнес өкілдері, тележүргізушілер де кездеседі. Эстрададағы әнімен бірге сымбатты сәнімен халық алдына шығып, мейрамханаларда ән салатындар да бет-әлпетін түзетіп жатады. Бұлар көз тартарлықтай көріну үшін аталған отаға жүгінсе, кейбірі оқыс жағдайлардан кейін осындай қызметті пайдалануға мәжбүр.

Асылхан Айбаров (аты-жөні өзгертілді) — Атырау қаласының тұрғыны. Ол бала кезінде велосипедтен құлап, денесінде хирургиялық ота салдарынан «келлоидтық тыртық» (келоидные рубцы) деп аталатын жара пайда болған. Алғашында елеусіздеу ғана болып көрінген жара көлемі ұлғайып, бүгінде тұла бойын жайлапты. Соның кесірінен ол жазды күндері ашық, жеңіл киімдерді  кие алмайтын болды.

«Бұған дейін хирург, онколог дәрігерлерге қаралдым. Мендегі дерттің оларға еш қатысы жоқ екен. Соңында пластикалық ота жасату қажеттігі туындады. Облыс орталығындағы бірнеше косметолог-хирургтарға жүгіндім. Олардың  мұны емдеуге күші жетпегендіктен, Алматы, Астана қалаларындағы «Дарус» емханасынан, ресейлік мамандардан кеңес алдым. Ондағылар бұрынғы хирургиялық отаның дұрыс жасалмауынан терінің ортасынан ісік пайда болатынын айтып, бұған пластикалық отаның жеңіл түрін жасату қажеттігін растап  отыр»,-деді ол.

Оның айтуынша, жараның әрқайсысына екпе егіп, оны ай сайын алуы тиіс. Бір жараға арналған бір екпенің құны – 20 мың теңге. Осындай есеппен ай сайын 120 мың теңгені құрайтын ем алады. Бір өкініштісі, бұдан ол дертінен толығымен айықпайды. Ем тек жараларының көлемін кішірейту үшін ғана жасалады.

Міне, бала кезіндегі оқыс оқиғадан бүгін эстетикалық медицинаның көмегіне жүгінуге мәжбүр болып отырған бұл кейіпкеріміздің қажеттілігін түсінуге тырыстық.

P.S. «Біреу тойып секірсе, енді біреу тоңып секіреді» демекші, бүгінде пластикалық отаға құмар ер азаматтардың екі санатын анықтағандай болдық. «Дүниеге келгендей теріңізді жасартамыз, артық майыңызды алып, сымбатты қыламыз» деп, жарнамасы жер жарып жатқан клиникалар аз емес қой. Дегенмен, өзгеге еліктеп, беті жылтырағанға қызыға бермей, табиғи қалпымыз бен ұлттық менталитетімізді сақтап, оған байыппен қараған жөн шығар. Бұл жағдайда кәрілікпен күресіп жатқан косметологтар өз жұмысына кепілдік бере алмайтынын ескерсек, «тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылыптының» кері келмесе болғаны.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*