Тұздыкөл туристік-емдік орынға айналса…

Индердегі Тұздыкөлдің жағасында ағып жатқан минералды бұлақтардың емдік қасиеті көне заманнан белгілі болған. Оған дәлел – бұлақтардың басынан әлі күнге табылатын әр заманның, әр елдің теңгелері.

газет ішіндегі газет

Жалпы, көл – дөңгелек, көлденеңінен 12 шақырымды құрайды. Көлдің айналасында бұлақтар кездеседі. Соның он екісін қазақтар «әулие» санайды. Бұлақтар жыл бойы ерімейтін мұз жататын үңгірлерден бастау алады. Бір ғажабы, бұлақ суының минералдық иондық құрамы бір-біріне жақын болғанмен, ішіндегі «Қыз әулие» бұлағы ерекше. Оны көпшіліктің зертханасыз қалай ішкі сезімдерімен анықтағаны таң қаларлық. Оған әлі күнге бала көтере алмай жүрген келіншектер барып түнейді. Адам ағзасы тері арқылы өзінде жетпей тұрған микроэлементтер мен иондарды, минералдарды қажетінше сіңіреді. Тұзды көлдің жағалауындағы қара балшық өте ерте заманда түзілген. Бұл туралы материалдар П.М.Татаринованың 1938 жылы жазылған «Индер бораты» деген кітабында толық айтылады және ол өз оқырманын Юра, Бор кезеңіне жетелейді.

газет ішіндегі газет2

«Қара балшық» минералдармен қатар, гумус, ферменттерге өте бай, олар адам денсаулығына аса пайдалы. Оның құрамы – өсімдіктермен бірге жәндіктер, тіпті құстардың қалдықтарынан түзілген құрамында гормондық заттар бар биологиялық белсенді гумус. Көлге түскен немесе қонған жәндіктер кейін ұша алмай тұздалып, ешбір шіріместен ыдырайды және жел арқылы жағаға келіп, балшыққа айналады. Бұған қоса, мұнда кездесетін неше түрлі минералдар, оның ішінде, «индерит, сатимуллит» деген минералдар дүние-жүзінде басқа жерде кездеспейді. Үстіртте, тау етегінде тек қана жусанның өзінің 110 түрі өседі. Ол бұлақ арқылы жуылып, көлге құяды.

 

газет ішіндегі газет3

Индерде көлден басқа 300 метр тереңдікте тұз қабатында орналасқан шахта бар. Оған өкпесі ауыратын адамдар, әсіресе, қолқа демікпесіне (бронхиалды астма) шалдыққандар өз бетімен келіп емделеді. Олардың біразын басшылар тапсырмасымен өзім де алып барып жүрдім. Бір ғажабы, осы шахтада бір де бір ауру қоздыратын микроб өмір сүре алмайды. Біз бактериологиялық зерттеу жүргізгенде, оның ауасының тазалығы ауруханадағы операция блогындағы ауадан да таза болып шықты. Шындығында, шахтаның ауасындағы иондық құрамда бір де бір микроб өмір сүре алмайды. Осы шахтада сексенінші жылдардың басында «Бешефит» деген аса құнды физиотерапевтік дәрі өндірілді. Оны тіпті одақ көлемінен өзге жерлерге – шетелге, Еуропаға шығарды. «Бешефит» –   физиотерапияда кеңінен қолданыста бар дәрілік зат. Зерттеулердің қорытындысы бойынша, 99 пайыз таза Индер тұзынан науқасқа тамырдан құятын сұйық та жасалмақшы болды. Ол кезде осындай бағалы тұзды Кеңестер Одағы шетелден алтынға ғана алып тұрған. Міне, осының бәрі ескеріліп, техникалық негіздеме жазылып, одақтың химия өнеркәсібі министрлігі «Борат руднигіне» арнап, Индер кентінде типтік жобамен 110 орындық шипажай салған болатын. Артынша одақ ыдырап, «Борат руднигі» бұл жаңадан салынған нысанды ұстай алмайтын болды.

Индерде шипажай салуға мынадай қолайлы факторлар бар:

  1. Минералдар мен микроэлементтерге, иондарға бай Индер көлінің бұлақтарының суы таза, ферменттерге толы. Оның үстіне, қара балшығы да гормондарға бай. Ағзасында микроэлемент пен иондардың тапшылығы бар адамды электролит құймаған аккумулятормен теңестіруге болады. Реаниматор-анестезиолог ретінде айтарым, біздер қатаң аурудың бірінші кезекте электролиттерін, иондарын реттейміз, содан соң су, тұз, белоктарын қалпына келтіреміз.
  2. Бром, фтор, йод және басқа көптеген иондарға қаныққан көл бетінің ауасы тап-таза келеді. Онымен тыныстаған адамның көңілі бірден орнына түсіп, ұйқысы түзеледі. Бұл ауада бір де бір ауру қоздырғыш микробтың өмір сүре алмай өзінен өзі жойылатынын, тіпті маса мен сона, шыбын-шіркей болмайтынын ескерсек, ол бір – баға жетпес байлық.
  3. Демалуға барған адамдардың қызығушылығын туғызатын Индер көлінің айналасындағы тарихи орындар, Қаройдағы Махамбет кесенесі – бәрі барушыларға ерекше әсер етеді. Мұрат Мөңкеұлы кесенесі, Мұрын жыраудың өзі «әйгілі Қырымның 40 батыры туралы жырды Мұрат Мөңкеұлынан үйрендім» деген. Тарихи аңыздарға толы бір ғана кіретін жері бар, айнала таумен қоршалған «Қорған тау», «Қызыл тау», «Көк тау», «Жаман тау» деген тарихи жерлер, ылғи шар тастардан тұратын «Анар» жалы, қазірде «Димаш» төбесі делінеді. Кезінде Д.А.Қонаев осы төбеге әкелінген барлық қазба байлықтарды көріп, өте жоғары баға беріпті. Артынша темір жол жүргізуге жоба жасатып, оны салдырған.
  4. «Қарасты үңгірлері», ылғи бастауын «сүзгілерден» алатын бұл үңгірлердің кейбірінің ұзындығы 25-30 метрге дейін барады. Олардың ішінде шілде айларында да мәңгілік мұз жатады.
  5. Тұзды көлге, бір жақсысы, барлық коммуникациялар жақын орналасқан. Миялы-Индер тас жолы бір шақырымдай жерден өтеді, Ал, бес шақырымдай жерде темір жол, төрт шақырымдай жерде ауыз суы, табиғи газ, кәріз, жоғары кернеулі электр желісі бар, жеті шақырымдай жердегі санавиация мен газөнеркәсібінің бұрынғы әуежайы, Атырау-Индер-Орал тас жолы жатыр.
  6. Индер тұзды көлінің Индербор қалашығына жақын жеті шақырымдай жерде орналасуы көпшілікке тиімді болуда. Индербор қалашығындағы аудандық орталық аурухана, ондағы облысымызда ең үздік оңалту, физиотерапия орталығы, Индер тұзды көлінің балшығымен, минералды суларымен жұмыс жасаған мамандар, демалушыларға сапалы қызмет көрсете алатын ресторандар мен кафелер т.б. коммуникациялар жетілген.
  7. Индер ауданының дәмі таңдайыңнан кетпейтін шұбаты мен қымызы қандай!
  8. Жеміс-жидекке толы ормандары мен бақшалары, балыққа толы көлдері ше?!
  9. Жайық өзені, оның сәнді жағалаулары, суға шомылатын қайраңдары, өзен жағалауындағы әр түрлі өсімдіктер мен талдар қандай!
  10. «Неге шыбын-шіркей, маса-сона мен микробтар жоқ, сонда радиация деңгейі қандай?» деген орынды сұрақтар туады. Иә, кезінде мұндағы радиация деңгейін арнайы тапсырыспен радиолог мамандар зерттеді. Оның деңгейі табиғи фоннан төмен екені айтылды. Ал, жоғарыда аталып кеткен жәндіктердің иондалған ауаның әсерінен жойылатыны сөз болды. Оқырмандарға айта кететін жайт: құрамында борат, бор бар гипс, минералдар өзінің бойынан радиацияны өткізбейтін қасиеті арқасында жоғары бағаланып, медицинада кең қолданылады.

Түйін: Қандай мамандық иесінің де, атап айтқанда, мұнайшылардың да кәсіби аурулары бар. Елімізде мұндай ауруларды зерттейтін арнайы институт әлі ашылған жоқ. Сол себепті, жергілікті жердегі пайдалы байлықты пайдаланып, халықтың саулығын түзеуге өзіндік үлесін қосатын шипажай ашуымыз керек.

Ғазиз ЕСҚАЛИ, №7 емхана дәрігері

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*