Мемлекет басшысы ел алдындағы 10 негізгі міндетті атады

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауына байланысты телеэфирде жасаған мәлімдемесінде ел алдындағы 10 негізгі міндетті атады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

назарбаев

«Мен жүзеге асыруымыз керек 10 міндетті көріп отырмын. Олардың мазмұны туралы қысқаша айтып өтсем. Біріншісі — қазақстандық индустрия жаңа технологияларды енгізуде флагман бола білуі керек. Біз өнеркәсіпте өндіріс процестерін цифрландыру мен заманауи бизнес-модельдерді игеру арқылы еңбек өндірісінің деңгейін көтеруге тиіспіз. Екіншіден, ресурстық әлеуетті қолдану тиімділігін барынша жақсарту керек. Қазіргі уақытта ақпараттық-технологиялық шешімдерді енгізу талап етіліп отыр. Бұл шығарылатын өнімдердің үлесін арттыруға, оларды қайта өңдеу тереңдігін меңгеруге, сонымен бірге энергияны үнемдеуге және өндірістің экологиясының жақсаруына мүмкіндік береді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарға жүктеліп отырған міндеттің үшіншісі — агроөнеркәсіп кешенін жаңа технологиялық деңгейге көтеру екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, бұл ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын түбегейлі арттыруға серпін береді. «Төртінші — транспорт пен логистикалық инфрақұрылымды одан ары дамыту. Цифрлық технологияларды енгізу мен Интеллектуалды транспорт жүйесін құру жүк тасымалдау мерзімдерін қысқартуға және транзиттен түсетін табыстарды еселеуге мүмкіндік береді. Бесінші — ТҮКШ және құрылыс саласында заманауи технологияларды қолдану. Құрылыс жүргізудің жаңа әдістері, ғимараттың энергияны үнемдеу талабын көтеру, инфрақұрылымдарды интеллектуалдық жүйемен басқару — қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға жол ашады», — дейді Нұрсұлтан Назарбаев.Мемлекет басшысы Қазақстандағы қаржы секторының «қайта жандануы» — 10 міндеттің алтыншысы екенін атады.«Банктік жүйелерді дамыту бақылаудың күшейтілуімен және қарапайым азаматтардың мүддесі үшін жүргізілуі керек. Банктерге иелік ететін адамдардың жауапкершілігін арттырудың маңызы зор. Жетінші — адам капиталының жаңа сапасы. Білімнің барлық жүйесі заманауи талаптарға және экономиканың барық қажеттілігіне жауап беруі тиіс. Сегізінші — бұл тиімді мемлекеттік басқару.

Цифрлық технологиялар бизнесті қайта реттеуге, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызмет пен мемлекеттік қолдаудың сапасын арттыруға, азаматтардың қажеттілігін барынша есепке алуға мүмкіндік береді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.Мемлекет басшысы сонымен бірге, тоғызыншыдан, заңның үстемдігі мен жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қалатынын айтып өтті. Оныншы міндет ретінде «Смарт сити» технологиясының енгізілуі өсіп бара жатқан қалалардың мәселелерін тиімді түрде шешуге жол ашып, инвесторлардың қызығушылығын туғызатынын жеткізді.«Біздің бәріміз бүгінгі күні осы он тапсырманы орындауға күш салуымыз керек. Жолдаудың толық мәтінінде олардың барлығы көрсетіледі», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*