Онлайн несиенің құрбаны болудан сақтаныңыз!

Жуырда бұқаралық ақпарат құралдары «біреудің сыртынан несие алатындар пайда болды. Сондықтан, сырттай қарыз еместігіңізге көз жеткізу үшін өкілетті органдардан жеке қаржылық ахуалыңызды білгеніңіз артық етпейді» деген ақпарат таратты. Бұл хабарды естіп, ойланып қалғанымыз рас.

1

Белгілі болғанындай, аяқ астынан борышкер атанған азамат сыртынан біреулердің несие алғанын коллектор хабарласқанда бір-ақ біліпті.

Коллектор – қарызды өндірумен шұғылданатын арнайы ұйым немесе жеке тұлға. Сол коллектор жиі қоңырау шалып, белгісіз 128 мың теңгені төлеуді міндеттейді. Ал, несиесін өндіріп алуға өтініш берген компания туралы еш ақпарат жоқ. Ол жайлы білу де мүмкін емес. Себебі, несие берген компания өтініштерді онлайн түрде, интернет арқылы кез келген орыннан қабылдайды. Мұнда сіз көрінбейсіз, маңыздысы – тек жеке құжаттарыңыз. Бұл ретте әңгіме арқауы болып отырған кейіпкер «мұндай алаяқтардың қолына құжаттарым қалай түсті? Мен бұларды ешкімге берген де емеспін. Қандай да бір компания маған несие бергенін, қай менеджер ресімдегенін айтып хабарласқан да емес» деп таң қалғанын айтады.

Өзі «бұл іске банктердің қатысы бар» деп күдіктенеді. Өйткені, жеке бас мәліметтері тек банктерде бар. Ал, ҚР Ұлттық банкі қаржы қызметін тұтынушылардың құқын қорғау жөніндегі басқармасының басшысы Александр Терентьевтің айтуынша, екінші деңгейлі банктерде барлық клиенттердің жеке бас мәліметтері сақталады. Десек те, онлайн қарыз беретін компанияларға құзырлары жүрмесе керек. Ал, онлайн несие беруші компания өкілдері азаматтың атында борыш бар екенін растады. Сөйте тұра, алаяқтықтың болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

Осылайша, мәселенің шешімін таппай шарқ ұрып, жоқ жерден қарызға батқан азамат атына алған несиені өз кәдесіне жаратпай, төлеуге ғана мәжбүр болуда. Сонда онлайн несиенің сырттай құрбаны болып қалмас үшін не істеу керек?

Салғырттық сан соқтырады

Рысты ҚАЛИЕВА, заңгер: Онлайн несие біреулер үшін тез ақша қажет болған жағдайда қолайлы болуы мүмкін. Бірақ, оған  тапсырыс бермей тұрып, бірнеше рет сүзгіден өткізіп, ойланып алғаны жөн. Жедел ақшаны беруші компания талаптары екінші деңгейлі банктердегідей емес. Өз бетшелерінде көрсетілген мәліметтерді толық толтырса, олар ақшаны бере салады.

Сондай-ақ, қазір қаржы алудың бұл түрінің «депозит ашыңыз, шотыңызды толтырамыз» деген жарнамалары да шығуда. Бұған сеніп, қызметін пайдаланамын деп алданып жатқандар да бар. Сондықтан, осындай жайларды ескеріп, адамдар салғырттық танытпағаны дұрыс. Өз құжаттарына аса мұқият болғаны жөн. Қаржы қажет болған жағдайда тек екінші деңгейлі банктерге жүгіну керек.

Ұрлық түбі – қорлық

Мұрат МҰСТАФАЕВ, Иманғали орталық мешітінің наиб-имамы: Біреуге үстемесіз, қайтарымымен берілетін материалдық көмекті қарыз дейміз. Шариғат бойынша, бұл – рұқсат етілген игі іс. Ал, үстіне өсім қосып, қарыз беруге де, алуға да тыйым салынған.

Шариғатта тек бір ғана жағдайда пайызбен несие алуға рұқсат етіледі. Егер адам денсаулығын түзету үшін қажетті қаржыны іздеп, барлық есіктерді қағып, еш амалын таппаса, ең соңғы мүмкіндікте ғана несие алуға болады. Ал, біреудің сыртынан, оған ескертпестен мұндай жағдай жасауға шариғатта еш рұқсат жоқ. Бұл – үлкен күнә, қылмыс. Мұның соңы қорлыққа әкеліп соғады.

Алаяқтар үшін жеңіл «олжа»

Бибігүл ШАЙХИЕВА, «Логос Атырау» қоғамдық қорының жетекшісі: Қазір онлайн несие рәсімдеу – ерінбеген адамға ең жеңіл шаруа. Себебі, интернетке кіріп, онлайн несие деп көрсетсеңіз, бірнеше компанияның аты қаулап шығады. Олардың атаулары да айтуға жеңіл, құлаққа жағымды.

«Бізге кел, жылдам ақша ал, жарылқап жатырмыз» деп жарнамасын, одан қалса бұрын несие алғандардың пікірлерін де беріп қойған. Несие алуға онлайн арыз деген бөлімі бар, онда қарапайым мәліметтерді ғана сұрайды. Ақшаның көлемі, аты-жөніңіз, тұрған жеріңіз, мобильді телефон нөміріңіз секілді жеке өзіңізге қатысты анкета толтырасыз. Бар болғаны осы. Осыдан-ақ оның жеке адамдарға қауіпті, алаяқтарға өте жеңіл «олжа» екенін байқауға болады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Фото bistro-credit.ru сайтынан алынған

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*