Құбылыс

Ойшыл адам еді. Жұрттың бәрі дерлік, әсіресе жастар жағы Фаризадан қорқатынын жазады, айтады. Рақымжан Отарбаевтың «Қорқып сыйлаушы ек. Сыйлап қорқушы ек. Жас кезде жөнсіз қылық көрсетсек, «Фариза апам ұрсады» деп зыр-зыр қашатынбыз» дегені бар. Осы жайдың сырын Әбділда ақын туралы мақаласында («Семсер жырдың қорғаны») Фаризаның өзі тамаша ашып еді:  «Өнер адамының қай-қайсысында да кереметтей табынатын, таңданатын, қорқатын («қорқу» деген, меніңше, – сыйлаудың ең жоғары шегі)» бір құдіреті болады деп ойлаймын. Өмірде де солай шығар». Фаризаның өлең өнері жайындағы пайымдары да тағылымды: «Поэзия көп тобырдың бәріне бірдей түсінікті болса, ол ғұмырсыз поэзия болғаны»; «Поэзия шын мәніндегі мәдениетті тәрбиелейді»; «Жасандылық – біздің ғасырдың болмысы»;«Қоғам – адамның ата-анасы тәрізді, ең бірінші қамқоршысы»; «Өз басым ақынға деген құрметтің азаюын, саябырсуын дүниені жалғыз жаратушы Алла тағалаға деген сенімінің жоғалуынан деп білемін. Себебі, уақыт ақыл, ақиқатқа суарылған оттай ыстық сезімімен ғұмыр кешкен парасатты Ақын өзге пенделерден гөрі Алланың шапағат-шуағымен ғұмыр кешетін жан. Құдайдың сөзін жердегілерге жеткізетін тағдыр иесі де – Ақын! Демек, ақынды елемей, ескермей, оның тағдырын пүшәйман халге түсіруге тырысу – сол қоғамға түскен жара, жуылмас дақ!»; «Біз, көбінесе, «азамат ақын» деген тіркесті қолданамыз. Меніңше, бұл тіркес «ағаш өскен орман» дегенмен бірдей: ақын деген ұғымның өзінде сан қилы мән-мағына жатыр. Азаматтық үні жоқ адам ақын да болмайды, әншейін өлең ұйқастырғыш деп қабылдауымыз керек».

Құбылыс

Фәкеңнің тағы бір қасиеті – әзілді жақсы көретіні, әзілдей білетіні, орынды әзілді бағалай білетіні еді. Соған бір мысал келтірейін. 1999 жылы Әбіш Кекілбаев алпыс жасқа толды. Арнайы бөлінген ұшақтың жартысы Алматыдан, қалған жартысы Астанадан толып, ұбап-шұбап Маңғыстауға бардық. Ағыл-тегіл ақтарылған ақ тілек, қым-қиғаш көрсетіліп жатқан құрмет. Тұлпардың түр-түрі көлденең тартылып, шапанның неше түрі жабылып жатыр. Сондай бір тұста Фәкеңнің: «Атырау ғой, мына бізге ештеңе бермейді!» дегені.Елге еркелеп жүретін ақынның өзімсінген сөзін жұмсартқым келіп, сол сәтте: «Фәке, Атырау сізге қайта-қайта дауысын беріп жүрген жоқ па?..» деп қалдым. Әлгі бір әзірде сәл тосылыңқыраған жұрт жарыла күліп жіберді. Әзіліме апай да риза болып, жымиып басын изей берді. Кейін де сол сөзімді бір жерде күліп еске алғаны бар.

Енді Әлібек Асқаровтың маған айтқан бір әңгімесін тыңдаңыз. «Сен мұны жаз. Фәкеңнің портретін ашатын жай ғой бұл» дегенмін. Жазыпты. «Қойға шапқан қара аю» кітабының «Боямасыз баяндар» деген бөлімінде былай келтіріпті:

«Кеңес заманында мен ұзақ жылдар бойы алты газет-журнал редакцияларын біріктірген бастауыш партия ұйымын басқардым.  Алты редакцияны алты редактор: «Балдырғанды» – Мұзафар Әлімбаев, «Білім және еңбекті» – Ақселеу Сейдімбеков, «Дружные ребята» газетін – Ирина Боронаева, «Қазақстан пионерін» – Уәлихан Қалижанов, «Спорт» газетін – Сматбек Төребеков, «Пионер» журналын – Фариза Оңғарсынова басқарады. Бәрі де өкірген бастық, бірақ олар бастық болса да мен үшін бастауыш партия ұйымының қатардағы мүшелері.

Бірде әлгідей партия шаруасымен Фариза апамды іздеп, есігін ашсам, алдында алпамсадай бір жігіт отыр екен. Есікті қайыра жаба бергенде Фариза:

– Әй, Әлібек, сенен жасыратын мұнда түк те жоқ, кіре бер! – деді.

Жайлап басып ішке кірдім де, әңгімелерін бөлмеуге тырысып, былайғы бір орындыққа үнсіз жайғастым.

– Жөн-ақ! – деді Фариза апам ойға батып. – Жалпы осы біз сені жұмысқа қабылдайтын шығармыз…

Мен бұрылып, редакцияға жаңадан қабылданғалы жатқан жігітке назар салдым. Әуесқойлықпен зерттей қарадым. Қалай десеңіз де, партия ұйымының жетекшісімін ғой, жаңадан келген қызметкерлерді танып, біліп жүру менің коммунистік парызым.

Апамның алдындағы – отыздарды молынан қыдырып қалған, мығым денелі шойқара жігіт екен. Бірақ, байқаймын, (өз тәжірибемнен де білем ғой) жігітім кеше аздап тойлаған сияқты, көзінің алды ісіңкіреп, бет-жүзі күреңітіп тұр.

Ойға батқан Фариза апам қабағын көтеріп, алдында отырған жігіттің бет-жүзіне көз тоқтата қарады да:

– Ал, шырағым, осы сен ішімдікке қалайсың? – деп сұрақты төтеден қойып қалды.

Шойқара жігіт не айтарын білмей қимыжықтап, қызарған көзін бас редакторға бір, маған бір төңкерді:

– Жоқ, апай, ішпеймін! – деді басын шайқап.

Жаны шықсын, өтірік соқты…

Апай жігіттің жауабына біртүрлі қабағы түсіп, маңдайы тырысып ренжіп, үнсіз отырып қалды.

– Мұның дұрыс емес, шырағым, – деді сәлден соң. – Біз шағын коллективпіз. Бәріміз бір үйдің адамдары секілдіміз. Той-томалақ, қуаныштарымыз ортақ болып жатады. Сондай кезде біз аздап болса да ішімдіктен тартынбаймыз. Ал, қуанышымызға ортақтаса алмайтын, анда-санда коллективпен бірге көңіл көтеріп, іше алмайтын қызметкердің бізге қажеті жоқ. Бара ғой, шырағым!

Мен болсам бұл жігітті жазбай таныдым, пошымы да, түрі де «өзіміздің» азамат екен, яғни, ішетін жігіт. Ішкенде біз секілді тышқаншылап емес, нағыз алысқа шабар аламанның сәйгүлігі. Түбін түсіріп, «запоймен» кететін ағайынның өзі сияқты көрінді.

Көлгірсуді білмейтін, жалғандыққа жаны қас, қашанда турасын айтып сап қарап отыратын Фариза апам да соны сезген секілді. Қызметке қабылдасам деп ниет білдіріп отыр еді, әлгі жауаптан соң құжаттарын қолтықтатты да, қолын бір сілтеп, жігітті жөніне қоя берді».

Әншейін күлкілі жай сияқты көрінгенімен, бұл әңгімеден де Фаризаның жалғандықпен жағаласып жүретін жүрегін, жасандылық атаулыны жатсынып тұратын таза жан дүниесін тани аламыз.

Мына мақаланы естелік ретінде қолға алған сияқты едік, бұл жазғанымыз ақынның бар қаламгерлік қырын қамтуға ұмтылып барады… Әрине, ол мүмкін емес. Фариза Оңғарсынова шығармашылығы – көлемі жағынан да бай мұра. Жанры жағынан да сан алуан. Тек журналистік еңбектерінің өзін алсақ та талай-талай тағылым табарымыз  талассыз.Әйтсе де, осының бәрі, яғни айтқан сайын айта түскіміз келетіні Фариза апай дегенде жан-жүрегіміздің бөлектігінің белгісі ғой. Дегенмен, тізгінді тартпаса болмас. Әйтпесе, апаймен соншалықты ежіл-қожыл араласып кетпеген мына біздің өзіміздің де елжірей еске алатын сырлы сәттеріміз жетіп жатыр. Кейбіреулері, міне, кино кадрларындай көз алдымнан көлбеңдеп өтіп те жатыр…

…Ел аузында «Китайская стена» аталып кеткен ұзын үйдегі ескі пәтеріміздің он алты шаршы метрлік тар залын кеңейтіп, Әбіш ағамен, Клара апаймен, сол кездегі Білім және ғылым министрі Шәмша Беркімбаевамен бірге емін-еркін отырған кезі, дәл сол күні кенже ұлым Әнуардың туған күні екені сөз арасында байқаусыз айтылып қалып, апай: «Ой, мен мұны білмедім ғой, білгенде саған сыйлық алып келетін едім» дегенінде, аузына қалай түскенін қайдам, бастауыш сыныпта жүрген баламның: «Сіздің келгеніңіздің өзі сыйлық» деп салғаны, соған апайдың аузы ашылып қалғаны… Немереміз Сейітжанның тұсаукесерінде «Егеменнің» кафесінде  ақтарылып сөйлегені, көңілінің қошы түсіп, бір кезде Шәмшінің «Әнім сен едіңін» орындағаны… Кенже қызым Әселдің Астанадағы ұзату тойында ресторанда туфлиін шешіп тастап, жалаңаяқ билегені, апайды көріп, ортада жүрген өзге қыз-келіншектердің туфлилерін шетке ысырып-ысырып жібергендері… Алпыс жылдығымда «Қазақ әдебиетіне» тақырыбын «Парасат биігі» деп қойып тұрып,  мөлдіретіп мақала жазғаны, сонда «Сауытбектің поэзия туындылары туралы зерттеулері мен пікірлерін оқығанда оны өзім жақсы көретін Николай Добролюбовпен қатар қоямын» деп тым-тым аспандата мақтап, Өзекеңнің – қазақтың Өзбекәлісінің мен туралы айтқан өзім үшін аса қымбат пікірін келтіргені… Мерейтойды атауға Оңтүстік Қазақстан облысының басшылығы шақырғанда бірауыз сөзімді қимай, шашбауымды көтеріп, сонау Қазығұрттың биігіндегі мен туған Ұя деген ұядай ғана ауылға Әбіш, Сәбит, Сейіт ағаларыммен бірге таулы-тасты жолмен жеткені… Әселдің ауылдағы тойына Абайға барғанымызда Қоңырат құдамның үйінде «Балқадишаны» домбырамен айтып, әйгілі әннің хикаясын әдемілеп әңгімелеп бергені… Біздің үйіміздің кіре берісіндегі көнетоздау диванға жайғаса салып, қыз-келіншектердің ортасында қосыла ән айтып, жан досым Заманбектің аяулы жары Кәбираға ән салдырып, оңтүстіктің ыстық күніне де, ауыл адамдарының ыстық ықыласына да   балқып бір отырғаны… Дүниеден өтерінің алдында Мәскеу көшесіндегі ауруханаға барғанымыз, жарым Мәрияның  соның алдында ғана «Казахстанская правдаға» шыққан «Родник Фаризы» деген көлемді мақаласына разылық сөзін айтқаны… Қайсыбірін жазарсың. Қайран, бақытты күндер!

Осының бәрі бүгін нақты өмірде болмаған, тәтті түсте көрген елес суреттер сияқты сезіледі кейде. Елес емес екеніне қалта телефонындағы бейнекөріністер, үйдегі фотолар куәлік етсе де, «Ойпырмай, мына өмірде Әбіш, Фариза сияқты заңғарлар өтті-ау, сол заңғарлармен мына біз араласып-құраластық-ау, дастарқандас болдық-ау, талай бірге сапар шектік-ау, талай сөйлестік-ау, тіпті сырластық-ау, сол заңғарлар бізді де елеп-ескеріп, жылы сөзін айтты-ау» дегенді ойласаң, шынын айтқанда бар ғой, кей-кейде тіпті жанарыңа жас үйіріле жаздайды. Тәубе, тәубе дейсің.

Фаризаның өзі де соны айтып кеткен.

Тағдыр ғұмыр кештірмей малша маған,

Кемтар етпей,

кенде етпей ар-санадан

ғұмыр бітті.

Мен кешкен сәттің бірін

сезіне алмай өтеді қаншама адам.

Әбубәкір Кердерінің «Талайлар өтті-ау жалғаннан,  көрген адам таңқалған» дегені бар. Сол сөзді біз Фариза Оңғарсыноваға да қаратып айта аламыз.

Көрген адам таңқалған Фариза феноменін, әрине, алдымен ақынның өзі жасады. Оның телегей-теңіз таланты, дарқан дарыны, жомарт жүрегі, ешкім ақыры еліктей де алмай-ақ қойған бөлекше мінез бітімі, жан-жүректі жібітіп жіберетін жайсаң жаны   мен тіліп түсетін тік сөзінің бір бойына таң қаларлықтай қабысуы деген сияқты санай берсең саусағыңның бәрі бүгіліп бітетіндей қымбат қасиеттері жасады. Ол солай. Екінші жағынан, Фариза феноменін қазақ деген халықтың өзі де жасады. Жұртты жаппай жайлаған конформизм кезінде, сананы сансыратқан тоқырау тұсында қоғамға Фариза сөзі сынды сара сөз, Фариза мінезі сынды дара мінез керек болып тұрған еді. Оның алдында қазақтың осындай қажетін батыр Бауыржан барынша өтеп берген-ді. Бұл жөнінде Мырзатай Жолдасбеков жеріне жеткізе жазған: «Бауыржандай дара тұлғаларды табиғат ана қай заманда да, қай халыққа да сирек сыйлайды. Сондықтан да Баукең өмір бойы ел махаббатына бөленіп, халқының қадірлісі, аяулысы, еркесі болып өтті. Халқы Баукеңді алақанында аялап, ол жөнінде неше түрлі аңыз-әңгімелер де шығарды, абзал атын ардақтап, Бауыржан есімін мың-мыңдаған нәрестелеріне ырым етіп қойды. Соғыстан оралғаннан кейінгі қырық жылдың ішінде халықтың Баукеңе деген ыстық сүйіспеншілігі бір сәт те суымай, соған сай батырдың биік бейнесінің сынық сүйем аласармай өткені қалай дегенде де қызыға қарайтын ғажап жай. Бүкіл бір ұлттың мұрат тұтар арман-бейнесіне айналған Бауыржандай аңыз-адамның ХХ ғасырдың екінші жартысында,  жүрек дүрсілін мотор гүрілі естіртпей кеткен ызу-қиқу уақытта өмір сүргені, расында да, таң қаларлық құбылыс. Момышұлы феноменінің тағы бір сыры біздің қоғамдық организміміздің тамыр-тамырын қуалай сіңіп кеткен дерттерде, социализмнің әу бастағы асыл мұраттарын бұрмалап, бұтарлап жіберген әміршіл-әкімшіл жүйенің табиғатында жатқандай. «Жұрт айтса болды, көп айтса көндінің» заманында, еркін ой тұмшаланып, ең батыл байламдар әрі кеткенде ас үйде айтылған кешегі кезеңде халық көлгірсуді, жалтақтауды, жарамсақтануды білмейтін, мән-мансап, шен-шекпен іздеп шаршамайтын, ойындағысын қай жерде де ірікпей айтып, қасқайып жүре беретін Баукеңді көріп, көрмесе алыстан атына тойып, туралықтың туы жығыла қоймағанына көз жеткізетін, соны дәтке қуат ететін».  Әрине, бұлай дегенде біз Фаризаны Баукеңнің қасына апарып қоя қоймақшы емеспіз. Бауыржан – Бауыржан.Ұлттық символ. Бірақ, Фаризаның алабөтен таланты мен сол талантына сай келген адамдық тұлғасы арқылы да барша халықтың «Міне, біз қандаймыз! Қазақтың қызы осындай болады,  апа-әжелеріміз осындай болған, қыздарымыз, қарындастарымыз, сіңлілеріміз осындай бола алады» деп ойлағаны, Фариза арқылы да ұлттық мақтаныш сезімінің орныға түскені тағы талассыз. Ең қызығы, ең тамашасы да мынада – Фариза феноменін ақынның тұрақты оқырмандары, талантына тағзым етушілер ғана емес, оның кітаптарын  дұрыстап оқымағандар да, бірен-саран жырын үзіп-жұлқып қана білетіндер де, жалпы кітап оқи қоймайтындар да, әсіресе өлең кітаптарын қолға ала бермейтіндер де, көзі әріп көруден қалған, тіпті атымен қара танымаған ата-әжелеріміз де жабыла жасағандығында. Ауыл-елге барғанында «Пәризашымыз келіп қалыпты ғой» деп айналып-үйіріліп алдынан шығатын адамдардың бәрінен бұрын біздің ұлтымызда осындай асылдардың барына қуана, мақтана дүрлігісіп жүргенінің өзі  қадірін білген адамға ғажайып құбылыс!

Сондай ғажайып құбылысты жасай алған адам еді Фариза Оңғарсынова.

Санам өзгерсін, санам өзгеріп, адам өзгерсін, адам өзгеріп, қоғам өзгерсін, қоғам өзгеріп, заман өзгерсін деп Елбасы бастап, елі қостап, жалпақ жұрт болып жаңғыруға жұмылып жатқан, алдымыздан ашылатын жаңа тарихи кезеңге ауысудың ұлы белесінің басында тұрған ұлтымызға Фариза бізге дәл қазір қай кездегіден де қымбаттырақ, қастерлірек. Жанталас заманның жаһандық жарысына жасқанбай түсетін жаңа қазақты қалыптаудың бір жолы – үздік үлгілерден үйрену.

Сауытбек АБДРАХМАНОВ

(Соңы. Басы №90, 91 сандарда)

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*