Атырауда Асанәлі Әшімовтiң 80 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті (ФОТО)

Бүгін Атырауда Махамбет атындағы қазақ драма театрында Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, театр және кино актері, режиссер Асанәлі Әшімовтің 80 жылдық мерейтойына орай шығармашылық кеші болып өтті.

ANU_1295

Биыл аты аңызға айналған өнер тарланы Асанәлі Әшімовтің 80 жасқа толғаны баршаға белгілі. Осы мерейтой аясында облыс басшылығы атыраулықтармен кездесуге Асанәлі Әшімовті арнайы шақырып, құрмет көрсетті.

Өнер үшін жаратылған жанды құрметтеп келгендердің қарасы қалың. Әсіресе, орындарынан тік тұрып, қошеметпен қарсы алғандары мың өліп, мың тірілген өнер иесінің қуанышын еселей түсті.

ANU_1185

Алдымен Еңбек Ерінің 80 жылдық мерейтойға арнап түсірілген «Сыр тұнған Айсберг» атты деректі фильм көрсетілді. Фильмде актердің өмірі мен шығармашылығы қатар өріліп берілген. Өмірдің сан қилы белестері, қиындықтары мен қызығы, үміт пен сенім, қажыр мен қайрат – жүріп өткен баспалдақтарының барлығы да көрерменнің көз алдынан тізбектеле өтті. Аталмыш фильм өнерден бағын тапса да, өмірдің қаталдығына тап болған актердің бар болмысын көрсете білді.

ANU_1211

Көрерменге ұсынылған деректі фильм көптің көзіне жас үйірді. Арасында күлдіріп, жігерлендіріп те жіберді. Қарт Алатау мен аңыз адамды салыстырып басталған деректі фильм жұртшылықтың жүрегін баурап алды. Расымен де Алатау қандай биік болса, абыз ақсақал да соншалықты абыройлы болды. Иә, өмір оған қуанышы мен қайғысын теңдей бөліп берді. Өмірінің өзі – театр, драма, комедия, трагедия. Көңіл бөліп қарасаң нағыз актердың маңдайына жазылған өмір ме дерсің. Бойындағы талантының арқасында өнер әлеміне тосыннан енген әртістің студенттік сәтінен танымал болуына дейінгі аралық анық суреттелген.

ANU_1227

Бұдан соң мұнайлы өңірге 15 күнге күнге гастрольдік сапарға келген Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ұжымы сахнаға шығып, тік тұрып, абыз Асанәлі Әшімовты ортаға шақырды.

ANU_1249

Көпшіліктің ыстық ықылас, қол шапалақтауымен сахнаға көтерілген Асанәлі Әшімов Атырау жұртына басын иіп, төрден орын алды.

Театр мен кино өнерінің ақтаңгері, сегіз қырлы, бір сырлы дарын иесі, театр абыздың мерейтойлық кешінде алғаш болып сөз алған аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Асанәлі ағаны 80 жасымен құттықтап, ілтипатын білдірді.

ANU_1311

– Сізді қазақ театр және кино өнерінің мэтрі деп мақтанышпен айтамыз. Атырау жұртшылығының сізге деген ықыласы бөлек. Қайталанбас қолтаңбаңызды бағамдау, өнердегі баспалдақтарыңыз, өмірлік тәжірибеңіз қоғам үшін, кейінгі жас буын үшін аса қажет. Сондықтан мұндай кездесулердің маңызы зор деп есептеймін. Қазақ өнеріне қызмет ете беріңіз. Жасыңыз жүзге жетсін! – деді Нұрлан Асқарұлы.

ANU_1417

Осыдан кейін жақында ғана 100 жылдық мерейтойын атап өткен Қазақстанның Халық әртісі Айша Абдуллина бейнебайланысқа шығып, кеш иесін мерейтойымен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.

ANU_1261

Мұнан соң облыс өнерпаздары мен М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әртістері өнер көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты.

ANU_1327

Кеш соңында сөз алған аңызға айналған абыз тұлға атыраулық қауымға ризашылығын білдіріп, өмір туралы, өнер туралы ішкі толғамдарымен бөлісті. Жиналған жұртшылыққа басын иіп, алғысын айтты.

ANU_1341

ANU_1350

Иә, расында да көзі тірісінде аңызға айналған Асанәлінің бар ғұмыры өнерге арналды. Өнер өлімнен құтқарды, өнер өкініш пен өксіктен сақтады. Бүгінде абыз қарт абырой мен атақтың асқар биігінде. Көрсетіліп жатқан құрмет те шексіз, шапағат та шектеусіз. Сексен жасына орай Елбасы «Еңбек Ері» атағын беріп, ерекше ілтипат көрсетті. Бірақ өнер иесі үшін ең үлкен құрмет – халықтың қошеметі.

ANU_1397

ANU_1490

ANU_1518

Алаштың ардақтысы үшін марапаттың төресі – ел ықыласы. Өмір – шахматтың тақтасындай ақ пен қара. Асанәлі Әшімовтің жиі қайталайтын сөзі осы. Міне, соған мойымаған аңыз адам сан салалы соқпақтан сүрінбей өтіп келеді. Кездесуден кейін көпшілік аңызға айналған Асанәлі Әшімовпен естелік суретке түсіп, қолтаңбасын алып жатты.

ANU_1453

ANU_1561

ANU_1578

 

Нұрсұлтан ЕРТУҒАНҰЛЫ

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*