Жаһандық білімге жол ашылды

Елбасы мақаласында көрсетілген басты бағыттың бірі – білімнің салтанат құруы. Халқымыздың «Білекті бірді жығар, білімді мыңды  жығар» деген қанатты  сөзіне сүйенсек, әлемдік бәсекеге қабілетті болу үшін біз білімі мен ғылымы салтанат құрған өркениетті ел болуымыз қажет.

Латын__а к__шу

Бұл үшін білім берудің халықаралық инновациялық технологияларын батыл игеріп, оны оқу үдерісіне кеңінен енгізуге күш салғанымыз абзал. Өз елімізде де білім берудің сыннан өткен озық тәжірибелері жеткілікті. Соларды қайта жаңғыртып, жас ұрпақтың игілігіне айналдырсақ, ұтарымыз мол болмақ. Мектеп оқушылары мен студенттердің компьютерлік сауаттылығын дамыту, ағылшын тілін тереңдеп оқыту – уақыт талабы. Әрине, мұның бәрі елімізде білімнің салтанат құруына бастайтын алғышарттардың бірі.

Осы арада ескеретін тағы бір жай бар. Біз шетелдік озық технологияларды сол күйінде көшіріп әкеліп, орната салмай, оны өзімізде жинақталған тәжірибе жетістіктерімен, ұлттық ерекшеліктерімізбен толықтырып, ұлттық сипатта пайдалансақ, ұтарымыз мол болмақ. Өйткені, өзіміздің ұлттық қасиеттерімізді сақтай алмасақ, жаһандану үрдісіне жұтылып кетуіміз ғажап емес.

Елбасы рухани жаңғырудың негізгі бағыттарының бірі ретінде Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуын, сананың ашықтығын ұсынды. Сананың ашықтығы, біріншіден, жер шарында және өз еліңнің аумағында не болып жатқанын түсінуіңе мүмкіндік береді. Екіншіден, ол – жаңа технологияның ағынын алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Ал, үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі.

Мемлекет басшысы рухани жаңғыруға байланысты таяудағы жылдардағы міндеттерге де тоқталды. Солардың бірі – 2025 жылға дейін қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Бұл да – елді көптен бері толғандырып келе жатқан мәселе. Енді ол сөз жүзінде ғана қалып қоймай, нақтылы іске асатыны белгілі болып отыр. Сонымен бірге, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынбақ. Бұл жоба гуманитарлық білім бойынша әлем елдерінің ең үздік 100 оқулығын таңдап алып, оны оқу үдерісіне енгізу арқылы Қазақстан жастарының жаһандық біліммен сусындауына жол ашпақ.

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа  оқулық» бағдарламасы да Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдары арасында кеңінен қолдау тауып отыр. Олар осынау игілікті іске белсене атсалысып, әлемдегі гуманитарлық бағыттағы ең таңдаулы оқулықтарды іріктеуге, аударып бастыруға ынталы.

Ал, енді «Туған жер» бағдарламасы жас ұрпақты патриотизм рухында тәрбиелеудің қайнар көзі болып табылады.  «Туған жер» бағдарламасынан басқа, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек» деген Елбасы ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын дайындау қажеттігін айтты. Бұл сөздің мәні өте терең. Ұлы даланың көз жеткісіз кең-байтақ аумағы тарихқа, тарихи жәдігерлерге тұнып тұр: Ұлытау төріндегі тарихи орындар, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Тараздың ежелгі ескерткіштері, Бекет ата кесенесі, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендері, Сарайшық және басқа жерлердегі тарихи-мәдени нысандар – осы сөзіміздің дәлелі. «Сайрамда бар сансыз бап, Отырарда отыз бап, баптардың бабы – Арыстан баб» немесе «Маңғыстаудағы 362 әулие» деген халық сөзі бекер айтылмаған. Міне, осы қасиетті орындардың барлығын «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» ретінде картаға түсіріп, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтырсақ, оның маңызы арта түспек. Бұл біріншіден, жас ұрпағымыздың туған жердің тарихы мен қасиетті орындарын жадында тоқып өсуіне септігін тигізсе, екіншіден, шетелдік туристердің Қазақ елінің тарихы мен мәдениетінің тамыры тереңде жатқанына көзін жеткізген болар едік. Елбасы айтқандай, мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайтыны сөзсіз.

Жалпы, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» тұжырымдамасы Қазақстан халқының қоғамдық санасын, рухани жан-дүниесін, ұлттық көзқарасы мен менталитетін жаңа заманға сай қайта түлетіп, «Мәңгілік елге» бастайтын тың бастама болып отырғанын ескерткеніміз абзал.

Ғабит КЕНЖЕБАЕВ,

 тарих ғылымдарының докторы,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*