Алаштың Асанәлісі

Өз дәуірінің Гомері атанған жыр алыбы Жамбыл атамыздың атындағы өңірде өмірге келіп, саналы ғұмырын қазақ мәдениетін өркендетуге, соның ішінде театр мен кино өнерін дамытуға арнаған Асанәлі Әшімов 80 жасқа толып отыр.

i

Ол ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының сахнасында «Абай» драмасында Керім, «Еңлік-Кебегінде» Кебек, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Айшуақ, «Таңғы жаңғырығында» Жарасбай сынды кейіпкерлердің бейнелерін асқан шеберлікпен шынайы сомдады. Одан бөлек, Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян Сұлуындағы» Қодар, Қалтай Мұхамеджанов пен Шыңғыс Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуіндегі» Иосиф Татаевич образдарын, В.Шекспирдің «Юлий Цезарінде» Ю.Цезарь,  Ә.Нұрпейісовтың атақты «Қан мен теріндегі» Еламан сынды тарихи тұлғаларды  сахна тілінде сөйлетіп, көзі қарақты, көкірегі ояу көрермен  қауымға жоғары талғампаздықпен  жеткізе білді. Ал, сол қазақ өнерінің қара шаңырағында жасаған соңғы күрделі жұмысы Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббат» драмасындағы доктор Клаузенді ойнаудағы кәсіби шеберлігі мен актерлік тапқырлығы да талайды тамсандырып, таңқалдырып, таңдай қақтырды.

Асекеңнің аты аңызға айналған «Қыз Жібек» көркем фильмінен бастау алатын қазақтың кино өнерінде салған соны сүрлеуі де өз алдына бір төбе. «Атаманның ақырындағы» Қ.Шадияров, «Сарқырамадағы» Мәмбет, «Транссібір экспресіндегі» Қасымханов, «Нан дәміндегі» Кемел, «Алатаудың ай мүйізіндегі» Нұрғазы, «Жаушыдағы» Қаражал, «Бұлғар даласынан ескен жылы желдегі» Шыңғыс хан және басқа рөлдер Асанәлі Әшімовтың актерлік шеберлігін шыңдап, болмысы бөлек бекзат өнердің  майталманы ретінде танытты.

Бұған қоса, оның осы кезеңде қаламгерлік қыры да кеңінен танылды. «Майраның әні», «Жан бөлек», «Алаштың Асанәлісі», «Менің жанрым – күнделік» және «Ғұмыр – дария» атауларымен кітаптары баспа бетін көріп, оқырманына жол тапқан кітаптары – осының куәсі.

Атақты актердың бейнеті мен зейнеті қатар жүретін ерен еңбегі жемісін беріп, лайықты бағасын да алды. КСРО және Қазақ КСР-ның Халық артисі, Мемлекеттік және Халықаралық сыйлықтардың лауреаты атанды. «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің тұңғыш лауреаты болды. Қазақстан Республикасы егемен ел, тәуелсіз мемлекет атанған жылдары «Құрмет» және «Парасат», халықаралық дәрежедегі «Алтын Қыран» ордендерімен, басқа да көптеген жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Ол, сонымен бірге, еліміздегі бірнеше жоғары оқу орнының құрметті профессоры, Жамбыл, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстарының Құрметті азаматы атанды.

Біз де Асанәлі Әшімұлын мерейлі жасымен құттықтап, оның «Менің жанрым – күнделік» атты кітабынан үзінді жариялауды жөн көрдік.

 

27.03.2004.

«Наурыз» театр фестивалінің ақырғы күні. Бас жүлдені  «Апаттағы» Асан рөлі үшін маған берді.  Үлкен абыройлы  жүлде болды. 50000 теңгені  әртістерге  5 мыңнан  таратып бердім.

 

18.05.04.

«Жас Алаш» газетіне Қали Сәрсенбай  екеуміздің  «Артымызда  таза  адам, таза дүние қалса деп» деген сұхбатымыз  жарияланды. Ә.Нұрпейісов  телефондап, қатты ризашылығын  білдірді. «Сені бұрын да  жақсы көруші  едім, енді тіпті  жақсы көріп кеттім» деді.

Бұл – үлкен баға. Әбекең  бос сөйлемейтін, өте кірпияз адам ғой.

 

22.05.04.

Сағат 8.30. Нарынқол – Кеген. Алтынбек Сәрсенбайдың  еліне барып, ағайынға ас беріп,  кездесу  жасамақшымыз. Әкім, Әшірбек,  Сәкен Иманасов, Баққожа, Жүсіпбек Қорғасбек  және  бір топ  әртістер. Бағдатты  ертіп алдым. Сағат 14.00-де басталып, 18.00-де  бітірдік.  Мен ашылып  сөйлеп, монолог оқыдым. Ел риза. Бағдат: «Қап, жазып алмағаным-ай!» деп өкінді. Әшірбек: «Сенен  король Лирді көрдім. Қазір  дер кезі екен»  деп қатты  тебіренді. Алтынбек  салдарлы  азамат екен.

Қарасазға  барып қондық. Мұқағалидың туған жері.

 

 25.06.04.

Ақселеу  телефондап, Алматыға  келгенін  хабарлады.

Офиске Ақселеу, Қойшығаралар  келді. «Айқын» газетінің  бас редакторы Серік Жанболат, жауапты хатшысы Мақсат Әділханов, фотографтар  сұхбат алды.  Риза боп кетті. Кенет есікті айқара ашып, Шахмардан  Құсайынов (сценарист)  кіріп келді.  Мен «Міне, гений келді» дедім. Шахмардан «Өзіңізден үйренгендерім» деді. Жігіттерге «сұхбатқа  осы диалогты  да қосыңдар»  дедім.

Мына бір   мысалды  жазып қойдым.

Екі көрші жауласып жүреді. Күндердің  күнінде  біреуінің  үйі өртеніп  кетеді.  Екінші көрші  дұшпанына  өз ақшасына  үй салып береді. Ел: «Мұның не, дұшпаныңа  мынадай  жаңа үй  салып бердің» десе, «Енді  жұрт бұл үйді «Мәуленнің  үйі» дейтін болды»  деп  өшін  алған екен.

 

30.06.04.

Театрға барып, Обаевқа  кіріп, «Өзін сыйлайтын  әр сахнагердің  өз уақытында  кеткені  абзал, маған роль  жоқ болса,  мен  театрдан  кетейін» дедім.

Ол: «Не ойнағың келеді, не қоясың, айт,  сенің еркің өзіңде  ғой,  бетіңнен  қағатын  бір адам  жоқ, ондай әңгіме  айтпа, режиссерлік құрамға  өтем десең  де» деді.

Сонымен тоқтадық.

 

17.02.04.

Өз елін аса  менсінбейтін  бір ақын бар. Көп жұрт  оны гений  деп  ойлайды. Гений  болу үшін елдің әдебиет,  мәдениет тарихын, мінез-құлқын  білуі керек  қой.

Ол – өмірдегі артист, мен – сахнаның артисімін.

 

23.07.04.

Баянауыл. Жасыбай көлі. Кешкі банкет.  Тамада Балтабай  деген  ақын  жігіт.  Мен де ақын  боп кеттім. Өлеңмен  сөйлейтін  болдық. Қоштасарда:

«Балтабай  сөз  бересің ретпенен,

Неужели  кетеміз біз бір етпенен,

Әкелдің  былқылдатып  мантышкаңды,

Зыталық  бермей тұрып картошкаңды»  деп жұртты бір күлдірдім.

 

4.08.04.

Мәдиім  есіме түсіп  елжіреп кетем.  Кейінгі  жастарда  бауырмалдық  кемшін.  Өзімізден  де кемшілік  кетті ме, қайдам?

Сагина  мен Сымбатты  үйге алып келдім.  Сагина  офиске  бір келгенінде  «Сен мені ұмыттың ба?»  дегені  жаныма  батты.  Сөзі мірдің оғындай.

 

13.08.04.

Кино үйінде  бір фестивальсымақ  болды. Кетейін деп едім, Сергей  жібермеді.  Мен сөйлеп «бұл не  кинофестиваль, әзірге  Қазақстанда  бір-ақ фестиваль  бар. Ол – «Шәкен жұлдыздары». Мынау  соның алдындағы репетиция. Жасаған  приз-статуэткаларың «ескі грек солдаты ғой, кино тек қана  ұлттық  болу керек. Қобыланды, Абай, т.б. мүсінін неге  салмайсыңдар, еліктеуді қашан қоясыңдар?» дедім.

Сағат 18.00-де Әнуардың (Молдабеков)  баласы Ермектің  Мария деген  қызының  шілдеханасына бардым.  Бата бердім,  тілек айттым. Толқығанымды  білдіргім келмеді, бірақ, балалар  сезді-ау  деймін.

 

12.10.04.

Кешкісін Көпеннің  бастамасымен  оқырмандармен  кездестік. Көпен «Ара»  журналының  шаруасымен  жүрген  жәйі бар. Соған  мені тартты. «Әр кәллада  бір қиял»  дегендей, ұтымды кездесу болды. Көпен  жинағын  сыйлады.  Менің курстас досым Оспанханға табынып,  ұстаз тұтады екен. Оспанхан классик қой. Өте таза, адал, ақкөңіл  азамат еді. «Актер»  қабырға газетінде мен бас редактор, ол орынбасарым  еді.  Өмір осындай,  парадокстан  тұрады ғой. Шаляпинді  хорға алмай, Горькийді алғаны  тәрізді. Көпенмен  біраз  күліп алдық.  Ол да болса  Оспанханның әсері.

 

20.10.04.

Тоқтар Әубәкіров  Ұзақбайдың  офисінде  Т.Шарманов, К.Ормантаев, Ә.Бәйменовтерді  қонақ етті.

Қызылордадан  депутат болып өткен. Сондағы  көрген ретсіз жағдайлары  мен көрген  жақсылықтарын  жырлады.  Тоқтарды осындай  талас-тартысқа  түсіру  деген қылмыстың қылмысы ғой.  Тоқтар өмірлік  депутат  болу керек қой. Біздің  тарихымыз ғой. Рушылдыққа  салып  «Еліңе, Қарағандыға  бар» дегендер болған.  Сұмдық қой!?

 

13.12.04.

Алматы  түбіндегі  бір ауылға  барып қайттық. Ел көп жиналды. Ылғи  сүреңсіз  адамдарды  көріп, көңілім пәс боп оралдым.  Жағдай төмен болғандықтан  сүреңсіз  жандар, арып-ашқан адамдар, реңсіз әйелдер көп. Адам намыстанатын  жағдайлар ғой.  Күнкөріс  деңгейі төмен, оқу, білім, мәдениет жоқтың қасы. Көңіл-күйім  төмендеп  кеткенін  сезініп,  үйге ерте қайттым.  Әрине,  кейбіреулерге  өмір қызықтау  болар. Мейірімсіздік, қатыгездік, эгоизм, парақорлық, депутаттыққа, қызметке  таласушылық, жемқорлық  өрши  берсе  жақсы емес. Ат төбеліндей  байларға қызмет  етеміз.

 

1.01.05.

Әр жұма сайын шелпек пісіріп,  шешеме, Майраға, Мәдиге, Сағиға  құран бағыштаймыз.  Көзімнен  еріксіз  жас шығып  кетеді.  Әрі солардан  қуат аламын.

Төкең – Төрегелді  Шарманов қонаққа  шақырды. Төкеңнің  мен дегенде жаны жоқ, құрметі ерекше.

«Қазақ топырағына  жеткен  мұсылмандықты молдалар  бұзып жүр» депті Шәкәрім. Дұрыс айтқан.

Өмір сүрудің  өзі  де – сын.  Тіпті  өсімдіктің  өзінде жан бар.  Қайшы  алып, гүлді  кесуге ыңғайланғанда  гүл жылайды  екен.

 

26.01.05.

Кино үйі. Көп сөйлегендерден шаршаймын. Тоқтатып қойып, тоқетерін бір-ақ айт деймін. Шу шығаруға  құмар  топтар бар. Есіл-дерті  дау, дарынсыздардың  әдеті осы.

Найман Ақтанберді  жыраудың  екінші аты – Сейсенбі Саппас Сарұлы. Сейсенбіде  үш рет  жорыққа  шығып, жеңіліс тапқан. Сондықтан  да  «сейсенбіде  жорыққа, жолға шықпа» деп өсиет қалдырған.

Алаш – ежелгі  түркі сөзі (бауырластар, қанжастар,  туыстар  деген мағынаны білдіреді).

 

6.02.05.

Эйнштейн  белгісіз  кезінде  тойға нашарлау  киініп барыпты. Әйелі «дұрыстап киінсеңші»  десе, «Мені  кім  біледі  дейсің?» депті. Кейін  өте  танымал  болған кезінде  де  тойға  солай  киінген  ғой, әйелінің «дұрыстап киінсеңші» дегеніне «Мені кім білмейді  дейсің?»  деген екен.

 

8.02.05.

«Қазір заман қатал, адамдар мейірімсіз  болып  барады»  деген сөз көп естіледі. Немерелердің, балалардың келешек  тағдыры  қобалжытады.

Бағдат қана жүрегімді  жылытады. Тазалықтың, адамгершіліктің  эталоны. «Әйелін мақтаған еркектен без» дейді.  Оны да білемін. Дегенмен, жазып қоюға  болар. Адам тазалыққа да шөліркейді екен.

 

27.02.05.

Креслоның керегі жоқ екеніне көзім жетті. Жиналыс, дау дегеннен  қашып жүретін  болдым.

Ақпан айы бұл жолы 28-інде  аяқталды. Бұрынғылар: «Өміріміз  өтіп барады»  деп уайымдайды екен. Ал, қазір, «Ертерек жазға, көктемге  іліксем»  деп асығасың. Неге екенін  түсінбеймін, біреуге біреу жамандық ойлайтын кез. Соттасу, арыздасу,  жала жабу, өсек-аяң  өршіп тұр. Қуаныш  бөлісу, істеген  ісіңе  риза болу  дегеннің  ауылы алыс. Бара-бара  не  болады? Санаға салмақ түсірер  сұрақ көп.

 

16.04.05.

Бір азаматты  шахматтан 9:3 есебімен  ұттым.  Жеңілген соң  ба, әлгі  оғаш сөздер айтты. Ренжісіп қалдық. Жеңіліп үйренбеген  адам, жеңілгенін мойындағысы келмейді. Кейін телефондап  кешірім сұрады.

Шахмат сондай өнер, адамды  терең, тез танытады.

 

30.06.05.

Әрбір нәресте  жарық  дүниеге дарынды болып келеді. Оның алдында  екі жол сайрап  жатады. Бірі – кең, даңғыл жол, екіншісі – жалғыз  аяқ, сүрлеу. Көбісі, әрине, әрі кең, әрі кедергісіз  даңғыл, шаңдақ  жолға түседі.

Бұл – тобыр!

Ал, мыңнан, миллионның бірі  сүрлеу, жалғыз аяқ,  бұралаңы көп,  қиын да қыстау  жолға түседі.

Бұл – дарын!

 

8.07.05.

Венера, Руслан  үшеуміз  Иманғалидың  қабылдауында болдық. Жақсы  қарсы алды. «Шәкен жұлдыздары» фестивалі  туралы  сөйлестік. Өте  нәзік, сауатты әңгіме айтты. Мен: «Жас болса  келіп  қалды.  Келешек  туралы  да ойлану керек. Кино мұражайы  салынса»  дедім. «Бұл  – ойланатын  іс»  деді. Артын бағамыз. Иманғали  сенетін жігіт.

 

6.01.07.

Абайдың 150 жылдығында  Абай мен Шәкәрімге  зәулім мазар  салды. Сол тойда  Әзірбайжан, Преображенский  үшеуміз  мазарға  тағзым етуге  бардық. Ақша салатын  жәшікке Әзекең  3 теңге салды. Мен Әзекеңе көрсетіп 50 доллар салдым. «Әзеке! Сіздің 3 теңгеңізді Абай мен Шәкәрім  1 теңге, 50 тиыннан  бөліп  алатын  болды»  дедім.  Зере шешеміздің  басында  толған  ақша жатыр  екен, мен отыра қалып Құран оқып, ақшаны  жинап алдым да,  мектеп балаларына  тараттым. Әзекеңе де 3 теңге беріп: «Енді Абай мен Шәкәрім Сізге  қарыз емес» дедім.  Әзекең маған  бақырайып  қарап «ой, «идиот»  деді.

 

16.02.07.

«Грузия»  деген кафеге  бардық. Бұрынғы аты қазақша  еді: «Кафенің  атын  неге «Грузия» қоясыңдар?» деп грузиндерге тиістім.

Қазақтың  намысы  жоқтығының  тағы бір белгісі.

 

21.02.07.

«Ақылдысың ба, онда неге  кедейсің?»  деген мәтелді  «Байсың ба, онда  неге ақымақсың?» деп қазақ  байларына  айтуға  болады.

Адам тұрмаған  үй қараң  қалады. Қабырға тозады, мүлік  мүлгиді, үй  суыйды. Өмір  атаулыға жылылық, жан  кіргізетін  тек қана  адам. Адам бар жерде  соның  бәрі  тіріледі.  Сөйлеседі,  қабырға тілдеседі.

Біреулер «традиционно  ойлайды» деген сөзді айтқыш.  Традиция  деген  сөзді  жағымсыз  ұғымға  айналдырмау  керек, ол өткенді ұмытпай, үрдісті жалғастыру деген сөз.

 

21.04.07.

Иранбектің  60 жылдығы. Иранбекте ес жоқ, нағыз ақын ғой. Маған  сөз бергенде «Иранбектің тілі  тигендер болса, Иранбектің  атынан кешірім  сұраймын» дедім.

 

10.05.07.

Туған күнімде  «Арайлым»  ресторанында  туған-туысқа  шай берген едім,  соған есептесуге  келдік. Директоры «қанша  бересіз, соған ризамын»  деді.  Жарты бағасын алды, тіпті алмаса  да риза. «Сіз тарихсыз, сізден  ақша алу  күнә»  дейді.

Еврейдің   ішіндегі  қазағы екен.

 

10.08.07.

Байқап жүрмін, осы  күнгі  тойдың  бәрінде  өзбек, грузин музыкасы. Қазақ музыкасы  жоқ.  Сол баяғы  еліктеп-солықтау  тоқтайтын емес.

 

Бауыржан  деген оқушым  бар. Жақсы актер. Сол «ассалаумағалейкүм,  учителім» деді, мен «уағалейкүмассалам, мучителім» дедім. (Аздап  ішіп алатыны бар).

 

24.10.07.

Нағыз күз. Той көбейіп кетті.  Күрделі өмір.  Мені қобалжытатыны – ел жағдайы. Ел ішінің  ырду-дырдуы көп. Бас бірігуі  қиын.  Байыған сайын адамгершілік, мейірімділік  азая  ма деймін.  Уәде бергіш, іс  жүрмейді.  Өзімізді-өзіміз  орынсыз мақтау, «көп елден  алдамыз» деген  айғай  көп.

Адам өлтіру, сатып  кету деген   дағдыға  айналған, оп-оңай  тіршілік.

 

1.11.07

Молдалардың  қаны  жерге тамбай  тұр. Не көп, мешіт   салушы  көп.  Мешітті  әулиеге  арнап салса  ғана мешіт.  Ал,  жалпы  сала беру – надандық.

 

3.11.07.

Ғабекеңмен (Ғ.Мүсірепов)  жолым түсіп, Алматы  санаторийінде  бірге  демалғаным  бар. Тіпті преферанс  та ойнадым.  Көп нәрсені  үйренуге  болатын данышпан ғой.  Кеште  қыдырып келе жатып,  бір жас  қарағайға  көзі түсті  де тұра  қалып, «нағыз  қолға  ұстауға  керемет екен»  деді.  Мен ертеңіне ерте тұрып, әлгі  қарағайды даярлап қойған  арамен қырқып  сұлатып тастадым. Ғабең  қыдырып келе жатып, әлгі қарағайдың тұсына келгенде  тұра қалып, маған қарады, мен сұлап  жатқан  қарағайға  қарадым. Ғабең: «Өзің баукеспе екенсің ғой» деп жымиып, ағашты  екіге кестіріп, өзі жуан  жағын, маған жіңішке  жағын  ұсынды. Өкінішке орай, Ғабеңнің сыйлығын  сақтай алмадым.

Баға жетпес сыйлық.

 

15.01.08.

Мынадай нәрсе ойлап отырмын:

Жалпы театрға  әр аймақтан  алу керек. Сонда ғана  талантты ұжым  болады. Мүмкін  олай  болмаса, халық  театрына айналып кетеміз. Қызуқанды  батыстан, күйлі оңтүстіктен, ойлы, арынды Арқадан араласу керек. Бұрынғы Үлкен театр осылай құрылған. Осыны айтсаң, кейбіреулер  дұрыс  қабылдамай  ма деп  ойлаймын. Ал, айтпасаң,  білер түрі жоқ.

 

24.01.08.

Өмірге  Асанәлі  келгелі  көңіл-күйім  жоғары, елдің қуанып  телефондағаны арқылы  бұл үлкен қуаныш, сирек жағдай  екенін  одан сайын  сезіндім. Атын Бағдаттың өзі тумай тұрып менің рұқсатыммен  қойған еді.  Мұнда үлкен сыр бар-ды…

 

26.02.08.

Ана деген  ұлы есім ғой! Апамды сағындым! Көптеген аналық  мінездері  есіме түсіп сағындым. Көп нәрсеге мән бермеппін. Қазір қарап отырсам апам мен деп қана  өмір сүріпті  ғой. Мен кейде  түсінбей «Қойшы қайдағыны  айтпай, не болды  саған»  деген сықылды мінездер  көрсетіппін. Ұлы адамды  алыстан  іздейміз, қасымда  болған екен ғой! Бағдат пен оның  анасының  тірлігіне  қарап осындай  ой кештім.

 

29.04.08.

Қазір кітап жазсаң, біреуге  тиісіп, жамандауың керек екен, әйтпесе, оқымайды  дейді. Жазушы, журналистерде  осындай әдет бар.

 

4.06.08.

Сағат 9.00-де «Қазақстан» телеарнасына  тікелей  эфирге  телефон арқылы сұхбат бердім. – Руға, жүзге  бөлуге қалай қарайсыз? — деді. Сұрақ қойған соң  жауап  беру керек. – Бұндай әрекет  жоқ дей алмаймыз, бар, дамыған індет. Руына қарап қызметке қою деген масқаралық етек алып барады. Қызметте де, басқа  да болсын, елге талантты  адамдар  қызмет  етуі керек, — дедім.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*