Болашақтың байыпты бағдары

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы – ел бірлігін арттырып, рухани тұрғыда жаңаруының басты қағидаларын анықтаған, айқын бағытты белгілеген, тарихи маңызы зор ғылыми еңбек. Осы бағдарламалық құжатта көтерілген екі мәселеге бөле-жара тоқталып, өзіндік ой-пікірлерімді ортаға салуды жөн көрдім.

рухани жаңғыру

Ұлттық код – адами болмысымызды сақтау

Ең бастысы, жаңа тұрпаттағы жаңғырудың ең басты шарты –  ұлттық кодыңды сақтай білу. Ұлттық код дегеніміз – түсіну аясы кең ұғым, қазақтың адами болмысын анықтау деген сөз. Әр халық өзіне тән бет-бейнесі, түр-сипаты, дене бітімімен ерекшеленсе де, оның генетикалық тұрғыдан қандық, ділдік (менталитеттік) және тілдік  белгілері болады. Яғни, қазақтың да тұрпаты бөлек, ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Басқа ұлттардан ерекшелігі – ізгіліктілігі, кімді болса да  ұлтына, жасына, діни сеніміне қарамай құшақ жая қабылдай алатынымыз. Қонақжайлылық, өздері аш отырса да, соңғы сыбағасын белгісіз қонағына сақтап отыру – тек қазақтарға ғана тән құбылыс. Үлкенді сыйлау, ата-ана алдындағы парыз – ата-бабаларымыздан бері қалыптасқан үрдіс. Ұлан-ғайыр қазақ даласында еш жерде «Қарттар үйі» деген болмаған. Жасы келген қа-риялары бар үйдің жастары «қарты бар үйдің қазынасы бар» деп көңілдері тоғайып, айрықша қанағат сезімде жүрген. Жас ұрпақты мейірбандық, ізгілік рухында тәрбиелеу, жаттан болған жақындық, ел болып ұйысу — бәрі де біздің өзіндік артықшылығымызды көрсететін қасиеттер.

Елбасымыз жақсы атаққа жеткізбейтін, ұлттық кодымызды көркемдемейтін, біртұтас ілгері жылжуымызды қамтамасыз етпейтін кейбір әдеттерден арылу хақында ашық та өткір жазып отыр. Тіпті, қоғамымызда етек алып бара жатқан рушылдық пен жершілдіктің кері әсерінен арылуды да негізгі міндеттің бірі ретінде белгілеп берді. Бүгінде белсенді жүзеге асырылып жатқан жемқорлықпен пәрменді күрес, әділетсіздік көріністеріне ымырасыздық құптауға тұрарлық шара екені қапысыз.

Ұлттық кодымызды айқындау ұлттық рухымызды күшейтіп, оны бойымызда мәңгі сақтауға жетелейді. Арамыздағы ксенофильдік жолдағылардың санасына ұлттық ой салар шамшырақ та осы. Нұрсұлтан Әбішұлы өзге мәдениетті, тілді бойымызға қанша сіңірсек те, еш-уақытта да сол ұлттың адамы бола алмайтындығымыздың ақиқат екендігін бүкпесіз саралап берді. «Өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға болмайды» деп қазақ халқының ел бірлігі үшін жауапкершілігін айқын сезіндіріп, жаңғыруға бастайтын ұлттық мәдениетті сақтаудың сара жолын нұсқады. Ендеше, ұлттық кодымызды жасақтауға баршамыз өз мінез-құлқымызбен, парасат-пайымымызбен үлес қосуға  міндетті екенімізді жан-тәнімізбен сезінуге тиіспіз.

Отансүйгіштіктің бастауы неде?   

Мақалада маңызын айшықтап аша отырып, «Туған жер» бағдарламасын ұсыну да – шынайы отаншыл (патриот) адамдарды қалыптастырудың нақты бағдары. Шынында да, жер болмаса, әлем де жоқ. Ол жаратылғалы сан миллиондаған жылдар өтті, оның бетінде болған түрлі оқиғалар тарих қойнауында көмулі,  әр қыртысы өткен кезеңді толайым толғайтын сырлы шежіре. Жер – адамзатты асыраушы, оның барлық іс-әрекетін бойына сақтаушы. «Ауыр болсаң, жердей бол» деп бекер айтылмаған. Тарихты жасаушы адамдардың, жеке тұлғалардың бар сыры – Жер ананың жадында. Жерсіз халық бола алмайды. Жер – панаң, Жер – Отаның. Жер – анаң.

Бабаларымыз туған жерін сақтау үшін шыбын жанын қиды. Қандары судай ақты. Жер тарихы – Ел тарихы. Қазақ ұлтының тарихы — өздерінің туған жерінің ажырамас бір бөлігі.

Ықылым заманға тереңдемей-ақ, беріден шолар болсақ, халқымызды жерінен айырылудан сақтаған тұлғалар еңбегі – біздің терең тамырлы өткеніміздің кепілі. «Дүниені рух билейді, тарихты әлеумет емес, жеке адамдар туғызады» деп Г.Гегель айтқандай, ел қорғаған Едіге батыр 1399 жылы Литва князы Виттовит бастаған біріккен әскерінің жорығына қарсы тұрмаса, қазіргі Орта Азия, Қазақстан жерін олардан қорғап қалмаса тарих тегершігі қалай айналары белгісіз еді.                                                                                                     Туған жерін қорғаған батырларымыздың   шынайы патриотизмі мен отансүйгіштіктің көрікті келбетін жыршы-жыраулар шығармаларына арқау еткен. Осы орайда Асан Қайғы атанған Хасан Сәбитұлы:

Еділ менен Жайықтың

Бірін жазға жайласаң,

Бірін қысқа қыстасаң,

Ал қолыңды маларсың

Алтын менен күміске, – деп халқы үшін жерұйық іздеп қазақ даласын шарлап өткені баршамызға аян.

Доспамбет жырау да:

Айналайын Ақ Жайық,

Ат салмай өтер күн қайда?!

Еңсесі биік боз орда

Еңкейе кірер күн қайда?

– деп күңірене жырына қосып, туған жері үшін қасық қаны қалғанша шайқасып, отыз жасқа жетпей майдан даласында дүниеден өткен.

Ал, Қазтуған Сүйінішұлы:

Ел қияға қонғай ма,

Еділ, Жайық арасы.

Кеңшілік қоныс болғай ма,

Ебей басты құба үлек.

Ернімен шырпы шалғай ма,

Бұл қоныста отырып,              

Біздің мұсылман баласы,

Жағасы босап тынғай ма, — деп елін тыныштықта ұстап, байлыққа кенелту үшін қол бастап та, сөз бастап та жорық үстінде күй кешкен.  Сол замандағы халқын бастаған көсемдер, сөз бастаған жыраулар мен батырлар жерді аңсап, дәріптеп, қорғап дүниеден өткен. Жерін көздің қарашығындай аялап, қаптаған қалың жауға тайсалмай қарсы аттанғаны – халқының алдындағы борышын жіті сезінген ұлттық сананың асқақтығының көрінісі. Ерлерін елі де ұмытпады. Аңыз етіп айтты, жырдан ескерткіш сомдады.

Қазіргі зиялылардың арасында кеңестік кезеңдегі «қазақтар мәдениеттен, өркениеттен мақұрым қалған сауатсыз халық еді. Қазан төңкерісі келіп, адам қатарына қосылып, елдіктері құралды» деген пайымдарынан арыла алмай жүргендер де жоқ емес. Олар Қазақ  мемлекеттілігінің бастауын  КСРО құрамындағы одақтас республиканың бірі болып,  1936 жылдың 5 желтоқсанында құрылғанынан есептеуді немесе сол тұстағы жүйенің басқару құрылымындағы болыс, уезді аудан, облыс деп түзеген жылдарды негізге алуды ұсынуы – ұлттық рухтың мешеулігінің бейнесі. Оған ұлттық сананың нұрын түсіретін, жерге деген сүйіспеншілік туындатуға жол ашар ұстаным Елбасының  мақаласында айшықталып берілген «Туған жер» бағдарламасы. Бұл – Қазақ елі азаматтарының туған жерге деген сүйіспеншілік сезімін нық бекітетін өмірлік бағдар. «Туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге,  Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» дегені – ғылыми тұрғыдағы философиялық тұжырым.

Қорыта айтқанда, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл мақаласы — рухани жаңғыруды жүзеге асыруда басшылыққа алар ұлағатты ілім. Онымен қаруланған Қазақ халқы рухани жағынан байып,  саналы еңбектің нәтижесін көрсететініне, ел бірлігіне белсене атсалысып, елдіктің туын биікке көтеретініне сенеміз. Осы орайда қанымызға сіңбесе де басым жағдайда кездесетін, бірге жүріп бақталастыққа бару, қатарыңнан озса, аяқтан шалушылықтан арылу қажет-тігін түсінуге тистіміз. Мансапқа жетуге, жеке бастың пайдасы үшін әсіре жағымпаздыққа бару да – барып тұрған келеңсіздік. Осыдан  арылайық, аға-йын!

Өмірзақ ҚАЖЫМҒАЛИЕВ,

жазушы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*