Арбау мен алдау немесе қазақ эстрадасындағы жасандылық

Аты дардай мейрамхананың бірінде тойда отырған сәт. Той иелері қуаныштарын бөлісуге танымал эстрада жұлдызын шақырыпты. Әуен ойнап, ортаға той қонағы шыға келгенде, тойшы қауым өнеріне сүйсініп, зор қошемет білдірді. Кенет техникалық ақаулардың салдарынан музыка сап тыйылды. Маңдайынан тері бұрқ еткен әртіс әннің сөзін ұмытып, дауысы қарлығып, жалғастыра алмай әлек болғаны бар.

арбау мен алдау 1

Бүгінгінің әнін тыңдамаған Біржан салдар бақытты…

Бұдан кейін қазақ эстрадасының деңгейін фонограммамен әрлеп жүргендердің өнеріне көңіл толмаушылық арта түсті. Дискіге жазып алған дауысқа ілесіп, өзімізді де, өзгені де алдаудың не қажеті бар деген сауал маза бермеді.

Ән өнерін дәріптеп жүрген белгілі өнертанушы Ерлан Төлеутайдың сөзіне сүйенсек, қазір төрде де, теледидарда да аузын жыбырлатқан «фонерщиктер» тұлға болып отырады.

«Олар өзгені өзіне табындырып та үлгерген. Егер олардың фонограммаға жазып алған әндері мен құр шыңғырғанын, мәні мен мағынасы жоқ «зың-зың», «битіп биле», «самая вышка» сынды сөздерін қазақтың Біржан салы мен Естайы, Әсеті тыңдаған болса, бізден баз кешіп кетері сөзсіз. Өкініштісі сол, әншісымақтардың мұндай әрекеті жас таланттарды да осындай тәсілге баулып, ақысы мол думандар мен тойларға фонограммамен шығарып жүргені жанға батады. Ақ пен қараны ажырата алмайтын жас өренде «өнер деген осындай халтура екен ғой» деген түсінік қалыптасты. Олар арзан жолмен ақша табудың соңына түсіп, өнердің киесін ұмыта бастады», – дейді ол.

Заңмен тосқауыл қажет

Қазақ эстрадасындағы бұл әрекет осылай жалғаса берсе, өнердің болашағы бұлыңғыр болары сөзсіз. Яғни  заңмен тосқауыл қойылмаса, фонограммамен халықты алдайтын алаяқтар саны артып отыр. Бүгінде мәселенің алдын алуда сең қозғалды. Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов:

«Қоғамда осы салаға, әсіресе, эстрада жанрындағы әншілердің өнеріне, әннің мәтініне орынды сындар айтылуда. Тұрғындармен кездесулерде олар ән өнерінің болашағына алаңдаушылықтарын білдіріп, бұл саланың жекелеген тұстарын заңнамалық тұрғыдан реттеу туралы ойларын айтады. Соның ішінде, әншінің шынайылығы, табиғилығы, оның өнерін тыңдауға келген адамдарға өзінің даусымен ән орындауы өзекті мәселе болып тұр», – деп алаңдаушылық білдірді.

Сенатор фонограмманың жаппай және жалпылама қолданылуына халық наразы екенін депутаттық сауал ретінде көтеріп, еліміздің ән өнерінде қалыптасқан жағдайды заңнамалық тұрғыдан реттеу қажеттігіне назар аударды. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беріп, аталған мәселелерді заңнамалық тұрғыдан шешу жолдарын қарастыруды талап етті. Ендігі уақытта айтылған жайды естір құлақ табылса, құба-құп.

Шетелде фонограммамен қойылатын концерттер арзанырақ

Еуропада «фонограмма» деген ұғым атымен жоқ. Көршілес Қырғыз елінде де бұл мәселеге тосқауыл қойылған. Америкада рұқсат болғанымен, шығармашылық концерттердің афишасында «фонограмма» деген ескертпе міндетті түрде жазылады екен. Бұған қоса мұндай бағыттағы концерттің билеті әлдеқайда арзанырақ сатылады. Аспан асты елінде әншілер фонограммамен ұсталса, ауыр айыппұл төлейді. Ұлыбритания, Малайзия, Индонезия мемлекеттерінде бұл мәселе лицензиялау арқылы шешімін тапқан. Батыста, Еуропада фонограммамен ән айту – өліммен тең. Ондай өнерпаздан халық теріс айналып кетеді.

Ал, бізде әншісымақтардың фонограммамен сахнаға шығып, аузын жыбырлатып, әрі-бері секіруі – халықты арбап, алдаумен тең. Мұндай алаяқтыққа көнген тыңдармандардың талғамсыздығы да өнерімізді өрге сүйремесі анық. Қазақ эстрадасындағы мұндай әрекетке жол беруіміздің мәні неде, өнер десе, ішкен асын жерге қоятын өз халқымызды арбап, алдайтындай басымызға не күн туды? Ән саламын деп өтірік аузын жыбырлатқандардың «талантынан» қандай ләззат алуға болады?

Сіз не дейсіз?

Илья ЖАҚАНОВ, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері:

Дарынсыздар сахнада тайраңдауда

Қазір фонограмма деген дүние – вокалдық өнердің нағыз қайғысы мен қасіреті. Талай дарынсыздарды сахнаға алып келді. Олар әр жерде желпілдеп жүріп, өздерін жұлдыз санайды. Ал, шын мәнінде, осы жанрмен ән айтып жүргендердің табиғи дауысын сахнада отырып тыңдасақ, үш метрге зорға жетеді. Фонограмма өнерге жасалған опаздық пен сатқындық деп білемін. Әні мен сөзінде, оның сапасында еш мәні жоқ дүниелерді тыңдаудың өзі жүйкені жұқартады. Барлығы табиғи мазмұнмен үндесіп, жанасып жатса, нағыз ән деп соны айтуға болады.

Бүгінгі әнге сөз жазушылар музыка тілінің поэзиясын мүлдем түсінбейді. Оның жазылу табиғатын білмейді. Себебі, олар кеңестік дәуірдегі біз көрген тәрбие мен идеологияны көрген жоқ. Сонау кезеңдер нағыз өнердің алтын ғасыры еді. Қазір «Қазақ вальсі», «Бұлбұл», «Жас қазақ», «Алтай», «Шолпан», «Тос мені, тос», «Бақыт вальсі», «Гүлденген Қазақстан» сынды әндер сағынышқа айналды. Бұл әндер өнердегі энциклопедиялық көрініс болды. Бүгінде әнді табиғи дауыста айтып, оның мәтінінің сапасына да талдау жасайтын кәсіби алқалы орган құру аса маңызды. Көршілес кейбір мемлекеттерде осындай тәжірибе бар.

Сәуле ЖАНПЕЙІСОВА, дәстүрлі әнші:

Шын таланттар танылмай жүр

Фонограммамен ән айту кеңес дәуірінде болмады. Кейін бұл жанр қаулап өсіп, оған жастар ден қойды. Оның бұлайша үстемдік алуына телеарналар да себепші болып, дыбыстың сапалы болуы үшін фонограммаға басымдық берді. Бұл оңай жолға әншілер тез үйренді. Тойға да, сахнаға да бұрынғы жазылған таспамен еш дайындықсыз келіп, аузын жыбырлатады. Жарқыл-жұрқылымен ғана халықты өзіне қаратады. Бұл – нағыз алдау.

Дайындық болмаған соң өнер өшеді, дауыс кетеді. Сондықтан, нағыз таланттар табиғи дауыспен ән шырқап, өнерін ұдайы жетілдіру қажет. Көгілдір экрандағы әншілердің дауыстары да, өздері де жасанды. Көрермен мұндайларға алданып, кімнің талантты, кімнің талантсыз екенін аңғармай жүр. Олардың қошеметі әлгі әншіні «жарық жұлдызға» айналдырады. Сөйтіп, дәстүрлі ән өнері қалыс қалып жатады. Сондықтан, бұл мәселені шектеу жөнінде Алматыдағы 67 дәстүрлі ән иесі қол қойып, жоғары билікке хат жазды. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, ендігі уақытта бұл бағытта арнайы бағдарлама дайындалмақшы.

P.S. Тақырыпты түйіндей келе, қазақтың «бәрің бірдей тойшы болсаң – жын боласың, бәрің бірдей қойшы болсаң – құл боласың» деген сөзі ойға еріксіз оралды. Расымен де, астарында жаны бар бұл ғибрат тура біздің «жарық жұлдыздарымыздың» осынау әрекетіне сай айтылғандай.

Той басталды. Микрофонды жұлып жердей болған жұлдыз жаттанды әдіспен аузын жыбырлатып, халық қошеметіне бөленуде. Шат-шадыман қуанышқа кенелген тойшы қауым әртістің әніне елітіп барады. Әттеген-ай!..

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*