«Арбаттағы» думан

Мұнда суретшілер «кішігірім» сурет көрмесін ұйымдастырып, туындыларын көрсетіп жатады. Бұл жер өнер – шығармашылық бұйымдарының базары іспеттес. Серуендеп жүргендер арасынан әнші де, биші де жас ерекшелігіне қарамай өз өнерлерін көрсетеді. Тіпті, ұлттық ою-өрнекпен әдіптелген әмиянды да, әдемі домбыраны да осы жерден сатып алуға болады.
Бақта жылдың қай мезгілінде болмасын адам көп. Біз барған күні де әдеттегідей ерсілі-қарсылы адамдардан аяқ алып жүргісіз екен.
«Арбаттағы» суреттердің орташа бағасы – 25-30 мың теңге. Ара-тұра бағасы 50-60 мың теңгеге жететін туындылар да кездеседі. Ал портретті 40 мың теңгеге бағалайды. Бірақ, ұйымдастырушылар айтқандай, қалтаңдағы ақшаңа қарай да жеңілдікпен сатып алуға болады.
Он алты жастағы Данияр Әкімғали Еркінқала селолық округінен. Ол гитарамен «Ақ сәулем», «Нағыз махаббат» деген әндерді орындады. Ал, 63 жастағы суретші Ахмет Әшіров «Арбатқа» домбырамен қазақтың біраз күйлерін орындау үшін келіпті. Қолөнерші Қайрат Болаттың туындылары, яғни әмияндары 7 мың теңгеге, ер адамдарға арналған белбеу де осы бағаға сатылып кетті.
Апасымен бақта серуендеп жүрген №17 мектептің оқушысы Мұхамбетжан Балмұрзинның да гитарада ән шырқауы көпшіліктің ерекше ықыласын тудырды. Бір қызығы, он төрт жасар бозбала гитара аспабында еркін ойнауды интернеттен үйренген.
– «Арбат» деген сөздің негізі – Мәскеуде ХV ғасырдан бері бар орталық көшелерінің біреуіне қойылған атау. Біздің өңірдегі есімдері беймәлім өнерпаздардың да еңбектері көпшілікке осы жерден танылсын деген оймен «Арбатта» көңілді кеш өткізуді ұйғардық, – дейді ұйымдастырушылардың бірі Қаршыға Көшеков.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА,
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*