Қара және түрлі түсті металлды заңсыз қабылдау орындары жабылады

Көп пәтерлі тұрғын үйлерден металл бұйымдардың ұрлануы жиілегеніне байланысты тұрғындардан түскен шағымнан кейін қалалық әкімдік заңсыз металл қабылдау қызметін анықтап, жоюды қолға алмақшы.

WhatsApp Image 2018-08-14 at 11.29.43

Қалалық әкімдікте өткен аппарат жиналысы барысында коммуналшылар шаһар басшысына металл бұйымдарды ұрлайтындардың әрекетін айтып шағымданды.

Атырау қалалық «Тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС директоры Зүлқағида Наубековтың айтуынша, қаскүнемдер “Нұрсая” ықшам ауданындағы №14 үйдің алты лифтісінің металл арқаны мен қозғалтқышын ұрлап, істен шығарған.

«Бұзақылардың кесірінен тұрғындар жапа шегіп отыр, олардың арасында жоғары қабатқа көтеріле алмайтын зейнеткерлер мен мүгедектер бар. Сондай-ақ, ұрылар подъездердегі батареяларды, металл бұйымдарды да қолды қылып, коммуналдық меншікті істен шығарған. Оңай олжалы болғысы келетіндер ұрлаған металлдарды қара және түрлі түсті металл қабылдайтын орындарға тапсырады», – дейді Зүлқағида Наубеков.

Қала әкімі Алимұхаммед Құттымұратұлының айтуынша, облыс орталығындағы барлық қара және түрлі түсті металл қабылдау бөлімшелерінің лицензияларын тексеретін рейд жүргізу керек. Жұмыс тобының құрамына құқық қорғау органдарының, салық департаментінің өкілдері, депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері енгізілуі тиіс.

«Егер мұндай бөлімшелердің тиісті лицензиялары болмаса, аумақтарында жиналған барлық металлдарды тәркілеу керек. Өйткені, заңсыз бизнестің кесірінен адамдар зардап шегіп отыр. Біз өз тарапымыздан металлды тиейтін техниканы береміз», – деп мәлімдеді шаһар басшысы.

Сонымен қатар, қала әкіміне кәріз жүйесінің металл қақпақтарын ұрлау деректерінің көбейіп кеткені де айтылды. Ал, ұрланған заттар көбінесе қара және түрлі түсті металл қабылдау орындарынан табылып жатады. Бұл проблеманы шешудің баламалы жолы ретінде қаладағы барлық темір қақпақтарды резин немесе бетон түрлеріне ауыстыру ұсынылды.

Хорлан Смадияр

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*