АРАҚ ІШУДІҢ АҚЫРЫ ҚАЙҒАЛЫ ОҚИҒА ДУШАР ЕТТІ

 

Мас та болса орны толмас өкініш – кісі өлтіру қылмысын өз қолымен жасағанын білген әлгі жігіт жансыз денені жасыру мақсатында гараж ішін қазады да, целлофанмен орайды. Содан оны өзі қазған жерге салып, дымын білдірместен топырақпен көмеді. Осылайша бұл қылмыстың беті ашылмай ондаған жылдар бойы жата берер ме еді, кім білсін. «Адамның құны жатпайды, түбі ашылады» демекші, қанша жерден болған оқиғаны ұмытайын десе де, оның көз алдынан сол жігіттің кескін-келбеті кетпей қояды. Сөйтіп, ол күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Қылмысын есіне түсірмеу үшін ол араққа да салынып көреді. Бірақ одан ештеңе өзгермейді. Әбден жаны қиналған ол «осындай іс жасадым» деп бауырларына да айтып жүреді. Олар мұның сөзін шындыққа емес, мас кісінің даурықпа әңгімесіне телиді. Өзіне үйдегілердің сенбей жүргенін білген ол, ақыры күрек-сүйменін алып, сол баяғы кісі көмген жерді қазуға кіріседі. Осы сәтте полиция қызметкері келіп, полиция бөлімшесіне алып барады…
Сот наркологиялық сараптаманың амбулаториялық актісіне сәйкес бұл кісінің алкогольді тұтыну арқылы психикалық, мінез-құлықтық бұзылуына шалдықпағанын анықтады. Дегенмен, ол еріксіз емдеуді қажет етеді. Ал, осы қылмыстық іс-әрекетті жасаған кезде ол психикалық бұзылу жағдайында болмаған. Қайта өзінің іс-әрекетінің қоғамға қауіптілігін түсінетіндей күйде болған. Зерттелген дәлелдемелерді саралай отырып, сот сотталушы мен тергеумен анықталмаған белгісіз адам арасында туындаған келіспеушілік салдарынан сотталушы соңғысына қаза қылған деген тоқтамға келеді. Сөйтіп, арадағы келіспеушілікті себеп қылып, жәбірленушінің мойны мен кеуде тұсына пышақ салғаны дәлелденді деп есептейді.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ж.Ташимовтың төрағалық етуімен болған сот отырысы осынау қылмыстық істі қарап, қылмыскердің іс-әрекетінің қасақана адам өлтіруге бағытталғанын анықтады. Осылайша сотталушының қылмысы кісі өлтіру, басқа адамның құқығына қарсы қасақана қаза келтіру деп табылды. Сөйтіп, ҚР Қылмыстық Кодексінің 96-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жаза өтеу орны түзеу колониясының қатаң режимінде белгіленді.
Адамдар, соның ішінде мұсылман жұрты ешқашан сау отырып, бір-біріне қол көтермек түгілі, ауыр сөз айтпаған. Мынадай кісі өлтіруге дейін баратын сорақылықтар, әрине, ащы судың зардабынан кейін орын алады.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*