Әр пікірдің астарында үміт бар

«Атыраудың» өткен санында жарық көрген мақалаларға орай, газетіміздің www.atr.kz  ресми сайтына пікірлер мен тілектер, ұсыныстар да келіп түсіп жатыр. Редакция ұжымы үшін оқырмандардың белсенділігі өте маңызды.  Сондықтан да  олардың бірқатарына шолу жасап, көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.
«Көненің көзі» айдары ең рейтингтік жобалардың біріне айналды. Бұл айдардың да өзінің тұрақты оқырмандары қалыптасты. 
Гүлнар Шайхашева:
–  Газетте соңғы кездері жақсы тақырыптар қамтылып жүр. Соның ішінде ұмыт болған ғимараттарды ұрпақ жадында қалдыру үшін әр сенбілік нөмірде жарық көріп жүрген «Көненің көзі» айдары ерекше табылған тақырып болды. Қазір бала тұрмақ, ескі ғимараттардың тарихын үлкендер жағы да біле бермейді. Ал, газет тілшісі Нұргүл Ысмағұлова осындай тың мәліметті іздеп, оқырманға түсінікті етіп жеткізіп жүр. Бірі білсе, бірі біле бермейтін көптеген нысандар жайлы ақпарат айтылды. Алдағы уақытта да аудандағы көненің көзіне айналған ғимараттар мен дүниелер беріліп тұрса, игі болар еді дейміз. Аталмыш айдар тоқтап қалмай, жалғасын таба бергей. Шығармашылық табыс тілеймін.
Мұхамбетқали Кипиев: 
–  Мықты тарихшы болмаса, әп дегеннен көне дүниелерді жазу оңай жұмыс емес. Өзім көптеген зерттеу орындарында болып жұмыс жасағандықтан білемін, әр санды жазу үшін үш рет қарап, ойланып-толғануға тура келеді. Осындай қиын мәселені газет журналистерінің өз ісімен бірге алып жүруі – үлкен жетістік. Ендігі кезекте, «Көненің көзі» айдарына Атырау өңірінде болған шетелдің ғалым-зерттеушілері туралы, олардың тұрған үйі, айналысқан ғылыми жұмысы туралы жиірек берілсе деген ұсынысым бар.
«Ай көрінбеді» деп, қазақстандық жамағаттардың арасында, Ораза айттың алғашқы күні ауыз бекітіп жатқандар бар екен. Осыған орай, орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұровтың мақаласы дайындалып, «Ай көрінбеді» деп Ораза айттың бірінші күнінде ауыз бекітудің қателігі түсіндірілді.  Бұл  оқырмандар  назарынан да  тыс қалмапты.
Оқырман:
– Ораза айт қабыл болсын! Елімізде тек тыныштық болып, осындай елді бірлікке шақырар мақалалар көп болсын! Мақала үшін үлкен рахмет!
Аптаның басында аяқ астынан төпелеп жауған жаңбыр кім-кімді де әуре-сарсаңға салғаны белгілі. Табиғаттың тосын сыйы Атырау көлік және коммуникациялар колледжінің шатырын ұшырып әкетті. Оқыс оқиға газет сайтында уақытында берілген еді. Бұл хабарға да бірнеше пікір келіп түсті.
Айдарбек Қайратұлы: 
– От пен суды тілсіз жау дейді ғой. Расында, таңертең күн шайдай ашық еді, аяқ астынан бұлттанып, қатты нөсерлеткенде қорқып кеттік. Қала шетіндегі елді мекендер мен асфальт жол төселмеген көшелердің тұрғындарына қиын болды. Бұл колледж ескі, әбден  тозығы  жеткен ғимарат қой. Құдай сақтап, адам шығыны жоқ екен. Ақша  бөліп,  күрделі жөндеу жүргізетін уақыт жетті. Ол жерде елдің болашақ  мамандары білім алады, сол себепті, мұндай жағдайға салғырт қарамайық.
«Балық батағалары жаңа кәсіптің бастауы болды». Осындай тақырыпта балықшылық кәсіптің түп тамыры болған балық батағалары туралы байырғы балықшы, облыстың балық өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен ардагер Әділғали Кемелбаймен  сұхбат жарияланды.  Алғашқы балық өңдейтін орындар туралы мол мәліметке қаныққан  сайттың бірқатар оқырманының ойын да ортаға тастауды жөн көрдік.
Асылан:
– Қазір Атырау мұнаймен танымал. Ал, оған дейін шаһарымыз тайдай тулаған балығымен бүкіл Кеңес үкіметіне әйгілі болғанын бүгінгі ұрпақ біле ме екен?
Соңғы кезде жұмыспен қамту секторы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлеріне енгізілген бірқатар өзгерістерді  «Жұмыс іздеудің жаңа тәртібі» тақырыбындағы мақаладан білген оқырмандар үнсіз қалмай, алғыстарын  да  жеткізген  екен.
Расул:
– Пайдалы ақпарат екен. Рахмет!
Нұржан Нұғманов:
– Соңғы кезде Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі деген атауға түсінбей жүруші едік. Газеттен оқып, бұрынғы «собестің» қызметіне енді АХАЖ бөлімі де қосылғанын білдік.
«Атырау» қоғамдық-саяси газетінде де, оның www.atr.kz ресми сайтында да Елордадағы «жасыл белдеудің» өзіндік ерекшелігі, болашағы, ондағы атқарылған жұмыстар туралы «Астана орманы» ЖШС директоры Мәулен Самамбетовпен жүргізілген әңгіме барысында кеңінен қозғалды. Бұл сұхбат та көпшіліктің талқысына түскен екен.
Кенжегүл Нұрсұлтанова:
– Бас қаламыздың күннен күнге жасарып, жасанып келе жатқаны қуантады. Шын көңілмен жасалған жұмыс қашан да өзінің игілігін, оң нәтижесін беретіні сөзсіз. Біздің мұнайлы өңірде де тал отырғызып, жасыл алқапқа айналдыру мүмкін емес дейтін. Қазір «Нұрсая» мөлтек-ауданына барар жолдағы жасыл желек жайқалып тұр. Көз қуанады.
Нұрхат – Мерует:
– Осы облыс орталығындағы тал-теректерді қазақ соқырлар қоғамы күтіп-баптауына алғанын да сіздердің газеттеріңізден оқыған едім. Сондықтан  «ауызды қу шөппен сүрте бермей», ағаш өсірудің жаңа  жолын іздеп, Атыраудың  айналасына  да «жасыл белдеу» жасауға мүмкіндік   мол.  Бірақ, бізде  әңгіме  айтылады  да,  бұл  бағытта іс жалғаспай қалады.
Сайтқа  шолу  жасаған:  Рита  ӨТЕУҒАЛИ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*