АПТАНЫҢ БАСТЫ ЖАҢАЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?

• 26 ақпанда Алматы қаласында Иран ядролық бағдарламасы төңірегінде келіссөздер өтеді. Бұл қазірдің өзінде бүкіл әлемді елең еткізген жаңалық болғалы тұр. Өйткені, мәселені талқылаудан қашқақтаған ирандықтар ақыр соңы Қазақстан жерінде бас қосып, салиқалы ой айтуға ғана келісіпті. Ресми өкілдің баяндауынша, басқосуға Иран, Германия, Ресей, Қытай, АҚШ, Франция, Ұлыбритания елдерінің өкілдері қатысады.
– Жалпы, Қазақстан Иран ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздерге қатысушы ел қатарына жатпайды. Мүдделі тараптар елімізде аталмыш басқосуды өткізу жөнінде ортақ шешім қабылдаған болатын. Осыған орай қабылдаушы тарап ретінде Қазақстан бұл келіссөздердің табысты өтуіне барынша күш-жігерін жұмсайды, – деді ресми өкіл.
Тағы бір естігеніміз, «Интерконтиненталь Алматы» қонақ үйінде шетелдік және еліміздің БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясы залы мен баспасөз орталығы ашылады. Келіссөздің өзі өзге ғимаратта өтеді екен. Осынау алқалы жиынды кеңінен насихаттау мақсатында бүгінде 150-ден астам отандық және шетелдік ақпарат құралының өкілі тіркеуден өтіпті. Мұның қатары жақын күндері тағы да өсе түседі. Өйткені, ирандықтармен өтетін келіссөзге халықаралық қауымдастықтың қызығушылығы ерекше көрінеді.
• 21-22 ақпанда ҚР Парламенті Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков бастаған ҚР Парламентінің делегациясы Венадағы ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының қысқы 12-ші сессиясына қатысады.
– Парламент мүшелері ЕҚЫҰ-ны реформалау және ашықтылық арнайы комитетінің жұмысына, сондай-ақ, Ассамблеяның үш жалпы комитетінің отырысына қатысады. Олардың барысында қауіпсіздік пен саясат, экономика, ғылым, технология, қоршаған ортаны қорғау, адам құқығы, гуманитарлық мәселелер кеңінен талқыланады, – деді ресми өкіл.
Айта кетейік, Парламенттік Ассамблеяның сессиясына ЕҚЫҰ-ның 50 елінен келген 240-тан астам Парламент мүшелері қатыспақ.
• 21-22 ақпан күндері Мәскеуде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің өкілдері сот жүйесіндегі мәселелер жөнінде бас қосады.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*