Теңіз жағасындағы түйіткілді мәселелер қалай шешіліп жатыр?

Halyik zhane balyik21 Жаңалықтар

Сонымен, Атырауда балық шаруашылығы басқармасы құрылмақшы. Турасын айтқанда, мұндай мемлекеттік мекеме қажет-ақ. Әйтпесе, бүгінде балықшылар кооперативтері әрқайсысы өз бетімен тірлік кешуде. Ендеше, солардың басын біріктіріп, ортақ мақсатқа жұдырықтай жұмылдырса, жарасымы да сол емес пе?

Халык жане балык21

 Дотация

Қазір экономиканың барлық дерлік саласына салынып жатыр. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке кең көлемде қолдау бар. Мұндай қамқорлықтан балықшылар да кенде қалмаған. Мәселен, тауарлы балық шаруашылығына қажетті техника мен жабдықтар алуға арналған шығынның 30 пайызы қалпына келтіріледі. Сондай-ақ, бекіре және басқа бағалы балықтарды қолдан өсіру үшін керекті жемге жұмсалған қаражаттың да отыз пайызы өтеледі. Яғни, мұнда үштен бір дерлік қаржыны мемлекет мойнымен көтеріп отыр.

Алайда, республикадағы балық зауыттары шикізатпен небәрі 43 пайызға қамтамасыз етілген. Шағын кооперативтер торға түскен су маржандарын өз білгенінше пайдалануда. Сонымен қатар, Алматы, Атырау, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында балық өңдеу қуаты жылына 87 мың тоннаға жеткен. Демек, ұтымды ұйымдастыра білсе, әлі де мүмкіндік мол екен ғой.

Дәл қазір 17 қазақстандық кәсіпорынның балық өнімдері экспорттау бойынша Еуроодақтың сапа талабына сәйкес келеді. Бүгінде республика таяу шетелдерді айтпағанда, Австрия, Германия, Канада, Польша, Голландия, Румыния, Чехия тәрізді алыс мемлекеттерге тауар тасымалдайды. Сөйтіп, былтыр 26,9 мың тонна балық өнімі сыртқа сатылып, 52,8 млн. доллар табыс түсірілді. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір көп.

Ал, барымызды қалай кәдеге жаратамыз? Саланы сауықтыру жолы қандай? Әрине, біраз шара атқарылып жатқанымен, біріншіден, балық шаруашылығында нағыз мамандар жетіспейді. Атыраудағы осы сала мамандарын дайындайтын оқу орнының жабылғанына да біраз жылдың жүзі болды. Сонда жергілікті қыз-жігіттерді қайда дайындаймыз? Екіншіден, балықшылардың да, инспекторлардың да жалақысы жарытусыз. Әр кооператив өздерінше айлық белгілейді. Ара-тұра балықшылар мен инспекторлардың ауыз жаласып, көлеңкелі экономикаға бой алдыратыны содан шығар. Расында да күнкөріс қамы қинайтын болар. Мұндай құрылымдардың ішкі ісіне мемлекеттік мекемелер араласпайды. Өйткені, олардың өз есеп-қисабы бар, оған ешкім қол сұға алмайды. Үшіншіден, балықшыларды да, инспекторларды да әлеуметтік тұрғыдан қолдау қалыпты ма? Еңбек демалысына шыққанда жолдамамен қамтамасыз етіле ме? Әлде күні-түні айдын төсінде жүргеніне үстеме ақы төлене ме? Міне, мемлекеттен алынып жатқан дотацияның бір бөлігі осы бағытта жұмсалса, қызметкерлерден көбірек қайтарым да болады-ау.

Фермерлер балық шаруашылығына да қажет екен. Республикада шағын көлдерде су маржандарын өсіру қолға алынбақшы. Қиын ба? Тәуекелі көп пе? Егер мемлекет тарапынан жан-жақты жағдай жасалса, онда неге қолға алмасқа? Әрі ауыл адамдары пайдалы іске тартылар еді. Жылыой жағында көктемгі тасқында бөлініп қалатын осындай су көздерінен азды-көпті балық ауланады. Жергілікті тұрғындар таласа ау салып жатады. Бірақ, ешқайсысы мұнда балық өсіруді ойламайды. Ал, жақында осындағы Тұрғызба ауылынан батысқа қарай 20 км қашықтағы Жыңғылды көлінде балықтар жаппай қырылды. Мамандар әзірге мұны күннің ыстығы салдарынан судың тартылып қалуымен байланыстырып отыр. Әйтсе де, өткен жылғы наурызда Жем өзенінде де осындай оқиға орын алды. Себебі ақыры анықталмады. Иесіздікке ұшыраса, барлық шағын су көздеріндегі жағдай осындай болмақ.

Әйтсе де, тұтас республика бойынша бұл бағытта бірқатар шара жүзеге асырылған. Биыл жергілікті маңыздағы су көздерінен 6,3 мың тонна балық аулауға рұқсат етілді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Каспийді қоспағанда елімізде үш миллион гектар ішкі су көздері бар екен. Бұл мол мүмкіндік емес пе? Оның үстіне, мамандардың есебінше, бір гектардан 100 келі өнім алынғанда, осы аумақтың өзінде-ақ 40 мың тонна шамасында балық өндіруге болады екен. Бұдан біраз жыл бұрын бізде де тоғанда су маржандарын өсіруге бағытталған бірнеше жоба жоспарланған. Бірақ, түрлі себептермен бизнес иелері кәсібін жалғастырмады.

Жалпы, мұндай бастаманы балықшылардың өздері көтеріп отыр. Олардың республикалық ассоциациясы басқармасының төрағасы Серік Темірхановтың айтуынша, табиғи ірі су көздерінің қоры таусылды. Соның салдарынан Еуроодақ пен Солтүстік Америкаға шығарылатын бағалы балық өнімінің көлемі үш есе кеміген. Демек, экспорт түсімі 1,5 есе азайған. Ендеше, шағын көлдердегі шаруаны шалқытқан жөн.

Теңіз балықтары республикаға сырттан жеткізіледі. Ал, оны Каспийде қолға алуға болмас па? Осы орайда мамандар мұнда ғылыми-іздестіру жұмыстарын жаппай жүргізуді ұсынады. Сөйтіп, осындағы балық қорына нақты баға беру қажет. Рас, бұл шаралар азды-көпті атқарылуда. Бірақ, қазіргі талап үдесінен шықпайды. Өйткені, Серік Темірхановтың пікірінше, бөлініп жатқан қаражат тым аз. Демек, егер мемлекет қаржысы жетімсіз болса, онда балық аулаушылар есебінен толықтыру керек. Сайып келгенде, айдындағы ахуалды анықтау, жағдайды сауықтыру солардың келешекте жұмысын жүйелі жүргізуіне септігін тигізеді.

Берекесіз бағдарламалар да балық шаруашылығының тамырына балта шауып отыр. Сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің айтуынша, бүгінге дейін бұл бағытта тоғыз мемлекеттік бағдарлама қабылданған екен. Алайда, олардың кейбірінің талаптары әлі де қағаз жүзінде қалған. Мәселен, 2017-2018 жылдары агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға арналған шарада балық шаруашылығы жөнінде жүрдім-бардым ғана айтылған. Демек, болашақта берекесіз бағдарламалардан гөрі орындалуы қадағаланатын нақты жоспар қажет. Осы орайда өңдеу саласын өрістету өз алдына, дайын тауарды экспортқа шығаруға да көмек керек. Әрине, ол үшін кәсіпорындар өнімі халықаралық стандартқа сай болуы шарт. Қазір Атырауда «Аманкелді» кооперативі ғана лайықты сертификатқа ие.

Маркетинг жайы да ақсап жатыр. Мәселен, қазақстандық су көздерінде ауланған балықтың 75 пайызын әрі коммерциялық құны төмен, әрі салмағы шағын балықтар құрайды. Олардың үштен бірі тірі күйінде сатылады. Ал, 20 мың тонна шамасында балық тіпті саудаға салынбайды. Өйткені, бұларға сұраныс жоқ. Ақыры, өзімізде өңделіп, әйтеуір бір кәдеге асады.

Әйтсе де, Серік Темірхановтың пікірінше, осы балықтардан да пайда түсіруге болады. Сайып келгенде, елімізге жартылай дайындалған балық өнімдері шетелден әкелінеді. Ал, соларды өзіміз тереңірек өңдесек, ішкі сұранысты қанағаттандырмай ма? Әлде бұл шығыны көп кәсіп пе?

P.S. Сонымен, болашақ балық шаруашылығы басқармасы алдында тұрған кейбір міндеттерді таразыға тарттық. Кезінде «Атыраубалық» акционерлік қоғамының жекенің қолына қалай өтіп кеткендігінің куәсі болғанбыз. Одан соң құрылған «Жайық-Балық» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны да күткендегідей нәтиже бермеді.

Әрине, іс жоғарыда айтқандармен ғана шектелмейді. Басты міндет – бірлесіп заңсыз кәсіп иелерін бұғалықтау. Онымен тек браконьерлер ғана емес, кейбір кооперативтер де жасырын шұғылданып жүруі әбден ықтимал. Әйтпесе, ара-тұра олардың тарапынан да қолданыстағы тәртіпті бұзушылық неге кездеседі? «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дегенді басшылыққа алған жеке құрылымдардың басын біріктіру жеңілге  соқпас. Бірақ, табиғи байлықты таран-таражға салуға жол берілмейтіндігін  ескерген жөн.

 Сіз не дейсіз?

Сәрсенбай  ЕҢСЕГЕНОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты:

Балық шаруашылығының әлеуметтік-экономикалық маңызын ескере отырып, салалық комитет құруды ұсынамын. Бүгінде балық шаруашылығында ғылыми негізделген кешенді бағдарлама да, даму жоспары да жоқ.

Биылдан бастап кооперативтерге тартымдар мен учаскелерді бекітуді веб-портал арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар, нарықтағы балық өнімдерінің қозғалысына мониторинг жасау арқылы көлеңкелі сауданың жолын кесу көзделген.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз