Отандық білікті мамандар шетелдіктерді алмастыра бастады

c911414c11d92ba66c0d61833015d445 Жаңалықтар

Өңірдегі ірі компанияларда жұмыс істейтін шетелдіктердің орнын отандық мамандар басып жатыр. Олардың білімі мен біліктілігін арттыруға айрықша маңыз берілуде. Осы ұстанымды жүзеге асыру, жергілікті кадрларды қайта дайындау мен кәсіби оқыту мақсатында НКОК қазірдің өзінде 260 миллион доллар жұмсады.

c911414c11d92ba66c0d61833015d445

«Сұңқар» бұрғылау қондырғысында бұрын барлық жұмыстың тетігін шетел асып келгендер ұстайтын. Қазіргі жағдай өзгеше. Мұнай өндірісіндегі күрделі операциялар отандық мамандардың күшімен жүзеге асырылуда.

Былтыр НКОК құрылымындағы үш мың жұмысшы-қызметкердің 89 пайызын Қазақстан азаматы құрады. Солтүстік Каспий жобасына жұмылдырылған 10 мың адамның 92 пайызы отандық маман болып отыр, – дейді НКОК компаниясының өзара әрекеттестік, есептілік және оқыту жөніндегі әкімшілік мәселелер бөлімінің басшысы Талғат Баирханов.

Компаниядағы басшылық құрамның 75 пайызы қазақстандықтар. Инженер-техниктердің барлығы да – өзіміздің жерлестеріміз. Яғни, 1998 жылдан бергі кезеңде 16 мыңнан астам отандасымыз үлкен жоба аясында оқу оқып, білімін жетілдірген, біліктілігін арттырған.

НКОК басшылығы шетелдік мамандарды қазақстандық кадрлармен алмастыру үшін арнайы мақсатты бағдарлама әзірлепті. Оның ішінде өткен жылдың мамыр айынан бастап жүзеге аса бастаған «Көшбасшылық» атты жаңа жоба да бар. Бұл Көшбасшылық және менеджмент институтымен бірлесіп қолға алынған. Бағдарламаға сәйкес, қазақстандық азаматтар екі деңгейге бөлініп оқытылуда. Алғашқысында топ жетекшілері алты айлық курстан өтсе, орта буын менеджерлері бес күндік оқу оқиды. Бүгінде 51 қызметкер аталған деңгейлер бойынша білімін жетілдіріп үлгерді.

Жалпы, НКОК компаниясының оқытудың арнайы жобасын жүзеге асырғанына 16 жыл болды. Бұл Қашаған кен орнын игеру жобасында талай жастың жолын ашты. Компанияның кадрлар бөлімінің директораттармен жұмыс жөніндегі маманы Ержан Тасқынғалидың баяндауынша, арнайы жобалар – қазақстандық жоғары оқу орны түлектеріне арналған бірегей оқыту бағдарламасы. Оның басты ерекшелігі, тағылымдамадан өтуші жас мамандарға барлық жағдай жасалуында. Тасымалдау мен тамақтандыруды айтпағанның өзінде, жобаның аясында өтемақы төленіп, кәсіби деңгейде оқытыла бастады.

Алғашқы арнайы жоба жүзеге ас-қалы бері 1100-ден астам тағылымгер оқу бағдарламасын ойдағыдай аяқтап, Қашаған кен орнын игеру жобасына жұмысқа қабылданған. Қазір олардың 700-ге жуығы компанияның түрлі бөлімдерінде жұмыс жасап жүр.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз