Ит – өмірдің илеуі

1530079010 sobaka Жаңалықтар

Қаладағы көп қабатты тұрғын үйлердің маңайынан иесіз жүрген иттерді көп көре бермейтініміз рас. Жеті қазынаның бірі мұндай жерлерде ұзақ тұрақтап қалмайды. Алайда, біздің үйдің ауласында мамыр айының соңында пайда болған қара-ала ит әлі күнге көз алдымызда жүр. Оның себебі де жоқ емес. Кіреберістегі баспалдақ астына күшіктеген ол, өздігінен бұл жерді тастап кетпейтін сыңайлы. Кеткенде қайда барады? Иттерді қамқорлыққа алатын қандай мекеме немесе ұйым бар? Иә, бұл мәселеде бізді мазалайтын сауалдың жауабын іздеуге тырысып көрдік.

1530079010_sobaka

Күшік – «қоқыс» емес

Аулада жүрген Герданың (балалар осылай деп атап кеткен) күшіктерін көп қабатты үйдің тұрғындары асырап баға алмасы анық, алайда, оның да бір амалы болуы керек емес пе? Көршілердің «Балаларға ауру жұғады. Қаланың шетіне апарып тастау керек» деп күнде айтатын сөздерінен еш аяушылықты сезбедім. Ойлары – көзден таса қылу, күшіктерді қоқыс секілді тастай салу. Олар да тіршілік иесі емес пе? Ит кейбір «доссымақтарға» қарағанда, әлдеқайда сенімді серігің бола алады. Үйретсең, айтқаныңды орындайды. Оның көптеген ауру түрлерін емдеп жазатынын да уақыт көрсетіп отыр. Оған дәлел – аутизм   сырқатына шалдыққан балаларды емдеп жүрген «Маленькая страна» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Күмісқалиевтың еңбегі.

Осыдан 58 жыл бұрын алғаш космоска Белка мен Стрелка ұшса, сұрапыл соғыс кезінде жаралы жауынгерлерді шанамен сүйреген, бүгінде елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып, құқық қорғаушылардың сенімді серігі болып жүрген иттердің шекараның қырағы күзетінде де орны бөлек.

Қара бастың қамын күйттейтін күйбең тіршілік, адамдардың бойындағы қоршаған ортаға, жан-жануарға деген жанашырлық, аяушылық секілді қасиеттерді азайтып тастағандай көрінді маған. Кішкентай күнімде қыстың қара суығында үйге кіргізіп асыраған «Алыпсоқ» атты күшігім, оған арнап тоқыған киімдер бәрі-бәрі көз алдымнан өте берді… Қазір қаладан итін ертіп немесе итпен ойнап жүрген бала көресіз бе? Көшеде кішкене иттерін құшақтап не болмаса, жіпке байлап орыстың кемпірлері мен қыздары ғана жүреді. Ал, қазақтың неміс төбетіне қызығушылығы жоғары. Соларды ғана асырап, соларға ғана екпе салдырып, баласындай баптайды. Онда да үйді қорғайды, бөтен адам кіргізбейді деген оймен ғана. Ал, қалған иттерге кім қамқор болады?

«Мейірімді жүректегі» 60 ит

Зерделеу жүргізу барысында иесіз үй жануарларына қамқорлық танытып жүрген «Мейірімді жүрек» еріктілер тобын іздеп таптық. Құрылғанына үш жыл болған топ бүгінге дейін 70-тен аса ит пен 100-ден астам мысықты сенімді қолға өткізсе, 60-қа жуық итті жалға алған базада асырап отыр. Топ мүшесі  Альфия Оқашева тұрғындар көптеп хабарласқанымен, қаладағы барлық иесіз жануарды жинайтын мүмкіндіктің жоқтығын айтады.

Оның айтуынша, көмек сұрап қақпаған есік қалмаған. Сол себепті шет елдегідей жануарларға арналған мемлекеттік қамқорлық үйін ашқылары келеді. Бұл мақсаттағы алғашқы қадамдарын жасап үлгерген олар қалалық әкімдікпен мәселені шешудің жолдарын қарастырып жатыр. Мейірімді жастардың жұмысына демеушілік жасалса, жыл сайын бюджеттен иттерді ататын оқ-дәріге бөлінетін миллиондаған қаржыны оларды ұстауға арналған тұрақ салуға, ем-домына жұмсаса, әлдеқайда тиімді болар ма еді?

Топ мүшелерінің басым көпшілігі – қыздар. Құрамында сегіз қыз, бір жігіт қана бар. Қорғансыз жануарларға асырап отырған олардың бойынан қажыр-қайрат пен жанашырлықты, қамқорлықты сезінесің. Әттең, мұндай жандар арамызда санаулы ғана, әйтпегенде, өзге елдердегідей жануарларға әлдеқашан жанашырлықпен қарар едік.

Сақтықта қорлық жоқ

Атырау қалалық ветеринария бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы Ардақ Әміровадан иесіз иттерді атуға бюджеттен 27 млн. теңге қаржы бөлініп, алты айдың қорытындысы бойынша 3415 иттің көзі жойылғанын білдік. Оның айтуынша, қалада үй жануарларын қорғаумен айналысатын бірде-бір мекеме тіркелмеген. Ал, облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Ерболат Уайсовтың айтуынша, бүгінде аймақта эпидемиялық ахуал қалыпты. Соңғы рет Құрманғазы ауданында 2010 жылы өзінің иті жарақаттаған 26 жастағы науқас медициналық көмекке жүгінбей құтыру ауруынан қайтыс болған.

«Көршісінің иті қауіпті», «Көшедегі қаңғыбас иттер шабуыл жасаған» деген хабарды жиі естіп жататынымыз рас. Атырау қаласының тұрғыны, көп балалы ана Динара Жарасова бес жасар баласын көршісінің иті талап, салдарынан бетінде тыртық қалғанын айтады.

«Ит адамның досы деп жатамыз. Десек те, сақтықта қорлық жоқ. Өткен жылы жаз айында есік алдында ойнап жүрген балама көршінің иті шапты. Сыйласып отырған көршіміз болғандықтан, арыз-шағым жазбадық. Алайда, әркім итіне жауапты болуы тиіс. Қабаған итті қалайша бос жіберуге болады? Адамдар айналасындағылардың қауіпсіздігін неге ойламайды? Көшеде жүретін иттер де даладан келмейді. Күшік кезінде қызық көріп асырап алады да, кейін қоя береді», – деген ол қаңғыбас иттердің көбеюіне адамдардың өздері кінәлі екендігін айтады.

P.S. Иә, «Мейірімді жүрек» – қалада біреу. Ал, ондағы тоғыз еріктінің барлық итті қамқорлауға қауқары жетпейді. «Көп түкірсе, көл болады» демей ме? Оларға сіз бен біз болып қол ұшын созсақ, одан ұтылмайтынымыз анық. Адамзат атаулыдан жылылық күтетін төрт аяқтыны мылтықпен көздемей, қамқорлық нысанасына алғанымыз дұрыс болар. Онсыз да қатыгездікке толы қоғамда ит бізге кейбір адамдардан артық көрінетіндей…

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз