«Иманғали» орталық мешітінің бас имамы тұрғындардың сұрақтарына жауап берді

Screenshot 5 "ATYRAÝ"-ға 100 жыл!

Облыстық «Атырау» газеті редакциясы ұйымдастырған «тікелей желіде» оқырман тарапынан түскен сауалдарға Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы Батыржан Мансұров жауап берген болатын. Төменде телефон қоңырауы,  әлеуметтік желілер және электронды пошта арқылы облыс орталығы, аудан, шалғай ауылдардан келіп түскен сауалдарға облыстың бас имамы берген жауаптарды іріктеп ұсынып отырмыз.

534534

Телефон арқылы қойылған сауалдар

Жаназа және жерлеу рәсімдері

Кісісі қайтқан үйге бата оқып барған кезде адамның атыжөні жазылған ақ матаға «қайыр болсын» айтып келгендер ақша тастап жатады. Бұл үрдіс әсіресе, Исатай ауданында кеңінен тараған. Адам нөпірі көп болғандықтан, әлгі мата әпсәтте ақшаға толып қалып жатады. Шыны керек, матаның бетін жапқан ақша Құран оқып отырған кісіге кедергі келтіреді, әрі ыңғайсыз. Қаралы үйге қаржылай көмекті берудің басқалай жолын ойластыруға болмас па екен?

– Бұл мәселе жөнінде аудан мешіттеріне тапсырма берілетін болады. Аудандық деңгейдегі газеттерде осы мәселеге байланысты мақалалар жариялап, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.

Кейбір өңірлерде мынадай әдет бар. Қаралы үйге көңіл айта келген адамдар үшін арнайы қорап қойылады. Оны сол әулеттің жанашыр туысы үйлестіреді. Яғни, шаңыраққа келген адам бата оқып, бет сипаған соң, әулеттің иелеріне көңіл айтып, атаған қаражатын әлгі қорапқа салып кетеді. Бізге де осындай тәжірибені енгізген артық болмайды.

 – Қайтыс болғанына біраз уақыт өткен кісінің қабірі жаңартыла ма? Және намаз оқитындар арасындағы кей жамағат қазір көп жағдайда тойсадақаларға бармайды. Бұл қаншалықты дұрыс?

–  Қабір жаңартылмайды. Егер қаланған кірпіш қабірдің ішіне қарай түсіп кеткен болса, оны еппен алып қоюға болады. Ал, қоршалған дүние сыртқа қарай құласа, оны жаңартпаймыз. Сонымен бірге, биік емес темір шарбақпен қоршау жүргізуге де болады. Онда да мәйітті мал баспасын, аяқасты болмасын деген ниетіміз болуы керек.

Екінші сұрағыңызға байланысты айтарым, дін мен дәстүрді шатастырмасаңыздар екен. Біз кісісі қайтқан үйдің садақасына көңіл айту үшін, шаңырақтың қайғысына ортақтасу үшін барамыз. Рас, бүгінгі күні садақа мейрамханаларда өтетін болды. Бірақ, бұл қаденің өту форматының ғана өзгергені, әйтпесе, ниет бір.

 – Халық арасында атқарылатын түрлі кәделер үшін мешіт көрсететін қызметтердің белгіленген, бекітілген ақысы бар ма? Оның есебі қалай жүргізіледі?

– Мешіттер кез келген кәделерді ақысыз атқарады. Өлім болған жерде имам  өзінің қызметін жасауға міндетті. Яғни, қайғы түскен шаңырақта намаз, дұға оқып береді. Бірақ, мешіттерде қызметтің бұл түріне арнайы бір үкім немесе қаражат сметасы белгіленбеген. Бұл жерде халықтың өзінің көңіл ризашылығынан беретін дүниесі немесе сыйлығы деп қарағанымыз дұрыс. Және қайтыс болған кісілердің есімі арнайы журналға тіркеліп отырады. Ол келешек ұрпақ үшін керек дүние. Мысалға, мешітке бір адам келіп, осыдан он жыл бұрын марқұм болып кеткен әкесінің қайтқан күнін немесе садақасы өткен күнін нақтылап, сұрауы мүмкін. Осындайда әр мешітте ашылған жаназа өткізетін, садақа өткізетін журнал көмекке келеді.  Сол сияқты, мешітте неке қию журналы да бар. Бұған біріншіден, тарихи құжат деп қарауға болады. Екіншіден, бұл шараларға молда тағайындап, мешіттің ішкі жұмысын үйлестіру үшін қажет.

Соңғы кездері жаназа, садақа рәсімдеріндегі дастархан мәзірін неғұрлым қарапайым ету мәселесі жиі көтеріле бастады. Бұл дұрыс бастама. Десе де, осыны заңдық тұрғыда үкім етіп енгізуге болмас па екен? Және марқұм адамға арналған бейнероликтерді түсіру тенденциясына өкілетті орын ретінде назар аударып отырсыздар  ма?

– Мейлі ол үш күндік, жеті күндік қаде болсын, жалпы той мен өлімнің арасында айырмашылық болуы керек. Осы тақырыпты газет беттерінде жариялап, телеарналардан да айтып жатырмыз. Бұл мүфтияттың тарапынан қоғамға тасталған ұсыныс. Мұны  қоғамға бүгін-ертең еніп кетеді деп ойлауға да болмайды. Десе де, осы ұсынысты қолдап, орындап жатқан жекелеген адамдар бар. Мешітке арнайы келіп, мәзір алып кетіп жатқандар да бар. Демек, сең қозғалды деген сөз.

Басын ашып айту керек, мүфтият ас беру немесе бір, бес, он жылдық сияқты қаделерге араласпайды. Себебі, бұл шараларға адамдар арнайы дайындалып мал шалады, жан-жақтан қонақ шақырады. Сөйтеді де, дастарханын тоқ етіп жайғысы келеді. Біз қазалы күндері қайғыға ұшырап отырған отбасыларды одан әрмен әурелемеу, шаңыраққа ауыртпашылық салмау мәселесін көтеріп отырмыз.

Ал, екінші сұрағыңыз бойынша айтпағымыз мынау. Қайтқан кісінің тірліктегі деректері фильмге түсірілетін болса, оны өзгеге ғибрат ретінде беру жағына назар аударуымыз керек. Мәселен, шығармашылықтың, ғылымның саласындағы тұлғаларды жас буынға үлгі ретінде атап көрсете аламыз. Бірақ, осындай фильмдерді түсіру кезінде ол кісінің көзі тірісінде тойларда, отырмақтарда қолына арақ не сол ащы су құйылған стаканды ұстап, суретке түскен фотолары жиі пайдаланылып жатады. Асылында, мұндай істер жасырын күйінде қалуы керек.

Тіршілік түйткілдері

Атырау облысындағы діни ахуалды қалай бағалайсыз? Жат ағымдағылар енгізіп жүрген лас термин – «жыныстық джиһад» ұғымы исламға қаншалықты сәйкес келеді?

– Бүгінгі таңда аймақта діни ахуал тұрақты. Өйткені, діни ағарту саласындағы жұмыс бірізділікке салынған. Бұл бағытта Дін істері басқармасы және орталық «Иманғали» мешітіне қарасты ғибадат үйлерінде қызмет ететін теологтар мен имамдар арқылы түсіндіру, оңалту, ақпараттық жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Нәтижесінде, өзіміздің  дәстүрлі бағытымызға қайтып жатқан азаматтар бар.

Екінші сауалыңызға келсек, қазір мейлі ол отандық, иә республикалық болсын, БАҚ беттерінде «жыныстық джиһад» ұғымы жиі айтылатын болып жүр. Бұрынғы жоқ терминдердің, қолданыста болмаған, мүлде жат дүниелердің қалыпты жағдайға айналып кеткені қынжылтады. Бұл жерде ата-бабаларымыздың ұлттық мәдениеті, қыз бала тәрбиесін қолға алу арқылы қыздарымызды теріс жолдан қайтарып алуға болады.

Атыраудағы «Дина» базары жұртшылық көп жиналатын жер. Онда намазхана бар. Бірақ, дәрет алуға адамдар үшін аса бір жағдай жасала қоймаған

– «Дина» базарында намазханамыз бар. Намазхана орталық «Иманғали» мешітіне қарайды. Бірізділікті сақтау мақсатында намазхана жұмысына имам да тағайындалды. Намазханада сыртқы дәрет үшін дәретхана жасақтап бердік.

Ал, әжет еткен кезде, сол базарға қарасты әжетханаларда арнайы құманды қойған да дұрыс болады. Бұл жөнінде «Дина» базарының басшылығымен ақылдасып, нақты шешімге келетін боламыз.

Қазақтың тұсаукесер дәстүрін біреулер «жіпке сеніп, құлшылық жасап, адасу» деп бағалап жүр. Баланың тұсауын кесу дәстүрінен діни негіз іздеуге бола ма?

–Енді-енді қаз-қаз басқан сәбидің тұсауын кесу – қазақ халқының ықылым заманнан келе жатқан дәстүрі. Яғни, бұл ұлтымызға тән дәстүр. Мұны дінмен шатастырмау керек.

Біз бұл жерде қазақтың тұсау кесу дәстүрінде ақ жіп пен қара жіпті бір-біріне ораймыз. Не үшін? Мұнда бала өскенде біреудің ала жібін аттамасын деген символика бар.

 Әлеуметтік желілер арқылы түскен сауалдар

Қазақстанда тыйым салынған радикалды топтарда болған, қазір түзету мекемелерінде отырған азаматтармен қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Олардың арасында беті бері қарап жатқандар бар ма?

– Радикалдық бағыттағы көзқарасы түзету мекемелеріне әкелген азаматтармен Атырау облысы Дін істері басқармасына қарасты теологтар мен мүфтиятқа қарасты имамдар бірігіп, жазасын өтеу орындарында кездесу ұйымдастырамыз. Бұл оңалту үрдісі болғандықтан, жұмыс апта сайын жүргізіледі. Оның өзінде жеке кездесулер, сұхбат, әңгіме форматы сынды түрлі формалар таңдалып алынады. Кезінде жолынан шатасып, теріс қылыққа барған азаматтар арасында дәстүрлі мәзһабқа бет бұрып жатқандар бар. Жалпы, Атырау облысында ғана емес, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасында республикадағы барлық түзету мекемелерімен жұмыс жасайтын адамдар тобы құрылған. Жұмыс жазасын өтеушілердің отбасымен де жүргізіліп отырады. Кейде қайырымдылық негізде қолдау білдіріп, көмектесіп отырамыз.

Кейбір өңірлерде қайтқан үйде үлкен ас берілмейді деп шешіліпті, бұл қаншалықты дұрыс? Жағдай Атырауда қалай?

– Бұл Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының бастамасымен барлық облыстарда қолға алынып жатқан дүние. Өткен жылы қалың оқырманға «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітаптың жол тартқанын білесіздер. Онда жерлеу, жаназа рәсімдерін бірізділікке түсіру, аса ысырапшылдыққа жол бермеу мәселесі көтерілген болатын.  Қазалы үйде қазан қайнатпау мәселесі осы жағдайлардан кейін туындап отыр. Бұл жердегі мақсатымыз – қазалы үйді дастархан, мейрамхана мәселесімен әурелемей, шаңыраққа әлеуметтік жағынан қолдау көрсету. Қазалы күндерде, яғни, марқұм жерге түскенге дейін сол шаңырақта ас берілмесе, дастархан жерлеу рәсімінен кейін жайылса, онда да арнайы ас мәзірі қалыптасса деген ұсынысымыз бар. Арнайы мәзірден балық ассортиі, салат, көкөніс түрлері сияқты басы артық тағам түрін алып тастайтын болсақ, шариғатымыз талап ететін қарапайымдылыққа бір табан жақындаған болар едік. Бұл әрине шығарылған үкім немесе заң емес. Әрі қарайғысын халық өзі саралайды.

Ең бірінші намаз оқығысы келген адам не істеуі керек? Қайдан және қандай кітаптар алуға болады? Сол жайлы нақты деректер берсеңіздер.

– Намазға ниет еткен адам егер ауданда тұратын болса, ауданның орталық мешітіне барып имамдардан, ұстаздардан кеңес ала алады. Сондай-ақ, мешіт жанында мүфтияттың сараптауынан, мақұлдауынан өткен діни кітаптар, әдебиеттер бар. Мешіті жоқ ауыл болса, кітапты ауданнан немесе орталық мешіттен келіп алғаны дұрыс.

Дүниеге ер және қыз бала келген уақытта берілетін арнайы садақа бар деп естідім. Осы жөнінде толығырақ ақпарат берсеңіз

– Мұны «ақиқа құрбандығы» деп айтады. Егер шаңыраққа ұл бала дүниеге келсе, екі қой, қыз бала жарық дүние есігін ашса,  бір қой шаламыз. Әрине, осындай теңдессіз ризық бергені үшін Алла Тағалаға шүкіршілік ретінде шалынатын садақаны толықтай ата-ана атқаруы тиіс. Оның орындалу негіздері де бар. Мысалы, ата-ананың шамасы келсе, мұны бірден  орындап тастаған абзал. Алғашқы жеті күн дегенде мал шалынып, баланың есімі азан шақырылып қойылып жатса, бұл нұр үстіне нұр. Десе де, құрбандықтың мұндай түрі мүшел жасқа дейін шалына береді.

Кезінде дұғаларды жаттау үшін кітаптан көшіріп, параққа қаламмен жазып алған болатынмын. Енді осы дұға жазылған қағаздарды қайткенім дұрыс?

– Мұндай жазбаларды қоқысқа немесе аяқасты етіп тастауға болмайды. Оны өртеп жіберу керек немесе аяқ баспайтын жерге көміп тастаған жөн. Өйткені, Құран сөзі, хадистер қасиетті болғаннан кейін, оған немқұрайлы қарауға болмайды.

Неке қиюдың нақты шарттары қандай?

– Отбасын құрып, неке қиюды жоспарлаған екі жастың бас қосуына ең алдымен ата-ананың рұқсаты қажет. Және ер мен әйелдің бір-біріне шын жүректен разылығы керек.  Үшіншіден, некелесушілердің жанында куәгер болуы міндет. Куәгердің өзіне алдымен мұсылман, балиғат жасына толған, ақыл-есі бүтін болуы тиіс деген сияқты талаптар қойылады. Төртіншіден, әйелге берілетін мәһр, яғни, сыйлық мәселесі шешілуі керек.

Денсаулығымды нығайту үшін, йогамен айналыссам деп едім. Мұндай амал мұсылмандарға рұқсат етілген бе?

– Асылында, мұсылман халқы мұсылман емес басқа дін өкілдеріне ұқсамауы керек деген.  Сондықтан, буддистік дәстүр болса, діни тұрғыдан мұсылмандардың ол қауымға ұқсамағаны жөн. Егер йоганы жаттығу ретінде атқаратын болса, айталық, таңертең ертемен тұру, суық сумен жуынып, оң жамбасқа иілу, сол жамбасқа иілу деген сияқты амалдармен жасаса, оның еш айыбы жоқ. Ал, мұсылман мантра айтып, буддистерге еліктеу ниетімен йогамен айналысатын болса, мұндай амалға рұқсат етілмейді.

Жазып алған: Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз