Бұл не қылған батпан құйрық?

3074171 Жаңалықтар

«Құттықтаймыз! Сіздің поштаңыз жеңімпаз атанды!  Сіз 100 доллар мен 2000 доллар аралығында ақшалай сыйлық ала аласыз!» Осындай рәуіштегі хаттар жеке электронды поштама жиі келіп тұрады.

3074171

Доллардың соңынан «қуған» күн

Осы мазмұндас «сүйінші» хаттардың бірі repost-goda.win сайты арқылы келіп түсті. Көркемдік безендірілуі жарқырап тұрған сайт акцияның биылғы бюджеті 450 мың долларды құрайтынын жазып қойыпты. «Аспаннан түскен сый не үшін?» деп ойламаймын ба? Сөйтсем, өткен жылдың 23 желтоқсаны күні әлдебір хабарды репосттағаным үшін-мыс, яғни, әлеуметтік желілерде таратқаныма бола мына белгісіз сайт «мырзалық» танытып, маған ақша беруді ұйғарыпты. «Әрі қарай басыңыз» деген батырмамен сайттың келесі парағына өткенімде, жүйе менің 1735 доллар ұтып алғаным туралы сүйіншіледі. Төл валютамызға айналдырғанда шамамен 535 мың 419 теңге екен.

Осылайша, «мырзалық» танытқан сайт оператордың менімен байланысқа шығуын күте тұруымды өтініп, хабарлама жіберді. Сәлден соң «Сіздің браузеріңізге SendMess 4.6  технологиясы жүктелмегендіктен, оператордың өзі ғана бір жақты байланысқа шығады» деген хат келді. Артынша өзін Елена Новиковамын деп таныстырған оператор қыз ұтыс ақшасын «Киви-әмиян» қызметіндегі жеке шотыма немесе банктік картама аудара алатынымды айтып, мені құттықтаған болды. Арамыздағы қысқа сұхбаттан кейін транзакцияны жасау мүмкін болмағандығы жөнінде хабарлама келді. Яғни, ақша жөнелтетін банк аударымды АҚШ валютасында жібере алмапты-мыс. Сол себепті, АҚШ долларын теңге валютасында конвертализациялау қажет екендігін «ескерткен» сайт, ұтыс ақшасын аударым арқылы алуым үшін, сайтқа 885 теңге жіберуім қажет деп жазды.

Бастапқы «жарна» – 885 теңге

Яғни, бұл аударым менің жеке тұлғамды нақтылау үшін қажет екен. Хош, дедік. Сөйтіп, сайттың сұраған сомасын аударуға бел будық. «Viza Master Card», «Maestro», «Киви-әмиян», «Яндекс ақша» немесе «Сбербанк» арқылы аударым жасауымды ұсынған жүйе төлемнің «Simplepay» жүйесі көмегімен жасалатынын айтты. «Бақсам, бақа екен» демекші, ең қызықтысы осыдан кейін басталды. Жүйе картаның нөмірін, оның кімнің атына тіркелгендігін, жарамдылық мерзімі және СV кодты енгізуімді сұрады. Шешінген судан тайынбас. Тап-таза алаяқтардың сызбасы екенін біле тұра, соңына дейін байқау үшін, сайттың карта туралы сұраған ақпараттарын толығымен енгізіп кеп жібердім. Сайттың «сұраған» 885 теңгесі толықтай аударылды. Бірақ, маған берілетін «сыйақы» жайында қалды. «Жеңімпаздар» санының көп екендігін себеп қылған сайт тағы да 1500 теңге, одан кейін 3000 теңге көлемінде қаражат аударуымды сұрады. Әрине, мен ол аударымдарды жасамадым. Есесіне, банкке барып, картамды қайта рәсімдеуіме тура келді. 1735 долларды «ұтып» алу оқиғам осылайша қысқа аяқталды.

«Егіз» комментарийлер

Жалпы, соңғы кездері кибералаяқтардың тым еркінсіп кеткенін интернет кеңістіктегі түрлі жарнамалар көрсетіп отыр. Әсіресе, интернет қолданушылардың басым бөлігі пайдаланатын «Инстаграмм» желісінің кибералаяқтар үшін штаб ролін атқарып отырғаны өкінішті. Кибералаяқтар енді жалған жарнама таратып, сөздерін «өткізу» үшін, банктердің шаблондарын көз қылып пайдалана бастады. Тіпті, осындай жалған жарнамалардың көбеюіне байланысты, ҚР Халық Банкі арнайы мәлімдеме жасап, алаяқтардың қақпанына түсуден сақтандырды.

Алаяқтардың басқа емес, «Халық Банктің» атын не себепті жамылғаны белгісіз. Десе де, болмашы сауалдарға жауап беру арқылы, мол ақшаға кенелуді ұсынатын алаяқтар енді әлеуметтік желілерге қарапайым адамдардың суреттерін жүктеп, жалған парақшалар  аша бастаған. Бұл жайтқа да сол баяғы «Инстаграмм» желісін парақтап отырып көз жеткіздік. Бірінен бірі аумайтын комментарийлердің танымал парақшаларда жүктелген видео, фотосуреттер астына жазылатынын қайтерсің.

Егіз қозыдай болған комментарийлерді қазақшаға аударып, әдейі жариялап отырмыз. «@miуokebu», «@nokishiki», «@nomishise» есімдерімен тіркелген қолданушылардың барлығы «тегін» ақшаны Рита есімді аруға арнапты. «Ритуль, қазір интернет арқылы жұмысқа сенбеуге болмайды. Соңғы кездері мен сұрақтарға жауап беріп жүрмін. Жақсы төлейді. Аптасына 73-75 рубль. Ендеше, менің инстаграмм парақшама қара» депті.

Бұл тақырыпқа терең бойласақ, осындай алаяқтарға алданып, қомақты қаражатынан айрылып қалғандардың түрлі жазбаларын интернеттен кедергісіз кездестіруге болады. Асылында, банк қызметкерлері жеке картаңыз туралы ақпараттың екінші тұлғаға жария етілуіне тыйым салады. «Өйткені, кез келген ақпарат сіздің шотыңызға кибершабуыл жасалуына алып келуі мүмкін» дейді мамандар.

Онлайн режимдегі кибералаяқтардың құрбаны болсаңыз, полиция қызметкерлері бірден көмекке келеді дегенге сену қиын. Өйткені, түрлі сайттар арқылы бір хабарды таратып, қалай да жемтігін сендіруге барын салатын кибералаяқтар көп жағдайда шет елдерді  сағалап жүреді. «Бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық?» демей ме? Асылы, ортаңқол сайттардың арзан жарнамасынан алыс жүргеніңіз дұрыс-ау…

Сіз не дейсіз?

Жаңылсын  ҚУАНЫШҚЫЗЫ, «Каспий банк» Атырау облыстық филиалының менеджері:

Мәліметті құпия сақтаңыз

– Жеке картаңыздың құпия кодын екінші немесе үшінші тұлғаға жария етпейтініңіз түсінікті. Ал, кейде интернет арқылы сауда жасайтын болсаңыз, кибералаяқтар төлем картаңыздың СV кодын енгізуіңізді сұрауы мүмкін. Үш саннан тұратын бұл нөмірді құпия сөздің баламасы деуге болады. Картаңыздың нөмірі, оның жарамдылық мерзімі және СV код жөнінде ақпаратты білетін адам  кез келген уақытта интернетте сіздің атыңыздан ірі көлемдегі сауда-саттық жасауы мүмкін. Кейде шотыңыздағы қаражатты соңғы тиынына дейін үптеп кетеді. Сол себепті, жеке картаңыз, шотыңыз туралы мәліметтерді құпия сақтағаныңыз жөн.

 Баян ЖАНҰЗАҚОВА

 

Анықтама:

Өткен жылы Қазақстандағы мекемелер мен жеке тұлғалардың 81 пайызы кибер-алаяқтардың шабуылына ұшыраған. Осыған байланысты   ҚР Ұлттық Банкі салымшыларды сақтандырып, интернет арқылы  операциялар жасар кезде өте сақ болуға  шақырды.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз