АПАТ АЙТЫП КЕЛМЕЙДІ

 

Биылғы жылдың 1 қарашасында облыс әкімдігінің №386 «Атырау облысының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясын құру туралы» қаулысы шыққан болатын. Соның негізінде комиссия құрамы анықталып, ережесі бекітілді. Оған жергілікті атқарушы және өкілдік орындардың, аумақтық бөлімшелер, кәсіпорындар мен ұйымдар, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері мүше. Комиссияның атқаратын міндеттері турасында мәжілісте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Болатбек Омаров баяндап берді. Оның айтуынша, барлық күш төтенше жағдайдың алдын алуға, орын алған күнде оның зардабын азайтуға жұмылдырылуы керек. Зардап шеккен адамдарды, апат салдарын жоюға қатынасқандарды әлеуметтік жағынан қорғау, оңалту мәселелері де бірлескен, ақылдасқан жұмысты қажет етеді.

– Комиссияның жұмысын ұйымдастыру-техникалық қамтамасыз етуді облыстық төтенше жағдайлар департаменті жүзеге асырады, – деді Болатбек Бөлемісұлы.

Қыс кезіндегі маңызды нысандардағы ахуал, адамдардың суыққа ұрынбауы секілді мәселелер аталған комиссияның басты назарында болады. Осыған орай департамент басшысы тиісті орындардың осы мақсатта не жасап, не қойғандарын, дайындығын толықтырып айтып берді. Яғни, Б.Омаровтың әңгімесінен ұққанымыз, жергілікті жердегі 375 білім беру, 153 денсаулық сақтау нысаны қысқа дайын болды. Тұрғын үйлер жылумен толық қамтамасыз етіліп отыр. Ал, қыс мезгіліндегі төтенше жағдайларды жоюға барлығы 158 әртүрлі техника, 15 дербес жарықпен қамту көзі дайындалып қойылған.

Күртік қар, сықырлаған аяз қамданбағанды қапы қалдыратыны белгілі. Атырау осындай жағдайға әзір болуы тиіс. Соның мысалы ретінде төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысы республикалық маңызды жолға баса мән берілгенін баяндады. Бүгінде ықтимал апаттарды жоюға 19 жол-құрылыс және қар тазалау техникасы дайындалып қойылған. Төрт жылыту бекеті сақадай сай тұр. Жанар-жағармайдың қоры 130 тоннаны құрайды. Техникалық тұз, құм қажетті мөлшерде үйілген. Ауыл мен ауылды жалғайтын жолдар да назардан тыс қалмағаны анық. Көлденең оқиғаларды болдырмау мақсатында «Атырауинжстрой» ЖШС-мен келісім-шарт жасақталып жатыр екен. Өйткені, аталған серіктестіктің сын сағатта қиналғанға қол ұшын созатын мүмкіндігі бар. 35 арнайы техникасы есепте. Қажетті отын мен құмның мол қорын жинақтап қойыпты. «Қазақстан теміржолы» АҚ Атырау филиалы бойынша 14 теміржол қар тазалау техникасы барын да айта кетейік.

– Әуеден жағдайды бақылау, зардап шеккендерді құтқару мақсатында үш тікұшақ дайындыққа келтірілді. Оның екеуі «МИ-8» («Бейбарыс», «Қазавиақұтқару»АҚ-дарының иелігінде), біреуі «ЕС-145» әуе кемелері. «МИ-26» тікұшағы жыл аяғына дейін алынып, Атырауда орналастырылады. Соңғы аталғаны, әлемдегі ең үлкен әрі қуатты тікұшақ саналады. Оның біреуі Алматыда болатын болса, екіншісі, мұнайлы астанаға беріліп отыр, – деді Б.Омаров.

Өртке қарсы күрес, оның алдын алу, зардабын жою мәселелеріне қатысты төтенше жағдайлар департаментіне қарасты «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстар қызметі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Оралхан Стамғазиев айтып берді. Әңгімесінің түйіні – кейбір елді мекендерде өрт сөндіру деполары жоқ. Оның біреуінің құны 50 миллион теңгені құрайды екен. Сондай-ақ, өрт сөндіретін жоғары қысымды, арнайы насоспен жабдықталған көліктердің қажеттілігі туып тұр. Атырау облысы Жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасының басшысы Нұртас Мұхтаров аталған комиссияның бүгінге дейінгі жасаған жұмыстарын сөз етті.

Ал, ТЖД мемлекеттік өрт бақылау бөлімінің бастығы Саламат Қайыров пиротехникалық өнімдерді сату кезіндегі сақтық шараларын алу жөнінде атап айтты. Баяндауынша, осы мақсатта қазірдің өзінде біраз жұмыс жасап үлгеріпті. Мейрамхана, кафе, түнгі клуб секілді адамдар көп жиналатын 112 нысанға өрт-техникалық тексерулер жүргізілген. Жыл сайын тәртіп сақшыларымен бірге жергілікті жердегі сауда нүктелеріне, ойын-сауық орындарына рейдтер жүргізілетіндігі айтылды.

Осы тұста облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Нұрым Оразбаев аталған жұмыстарды жүзеге асыруға орай мобильді топтар құрылып жатқанына, оның саны қазіргі күні жиырмаға жеткеніне, ауылдық жерлерде де осыған орай қарекет жасалып жатқанына тоқталды. «Осындай шаралардың нәтижесінде өткен жылы пиротехникаға қатысты бірде-бір оқиға тіркелген жоқ» деді ол.

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов отырыста талқыланған мәселелер бойынша өз пікірін білдіріп, жауапты басшыларды орындарынан көтерді. Проблеманың алғашқысы, Атырау жұртын тұншықтырған жағымсыз иіс болатын. Соған байланысты облыстық табиғи қорлар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ербол Қуанов қазір бес мекемеге тексеру жүріп жатқанын, соның үшеуі жұмысын тоқтатуы ықтимал екендігін жеткізді. Өйткені, олар қоршаған ортаға үлкен залал келтіріп жатырған көрінеді.

– Өндірісті тоқтату оңай емес. Дегенмен, тұрғындардың саулығына қауіп төндіретін, зиянын тигізетін, қаланы улап, жағымсыз иіс шығаратын тараптарды жазаға тартуымыз керек. Біз адамның саулығына жеңіл қарайтын мұндай берекесіздікпен келісе алмаймыз, – деді Бақтықожа Салахатдинұлы.

Аймақ басшысы төтенше жағдайлардың алдын алуда үлкен жауапкершілік қажет екендігін ерекше атап өтті.

– «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Көршілес Батыс Қазақстан облысына басшылық етіп жүрген кезімде 26 елді мекенді су басып қалды. Бұл  тосыннан келген жағдай еді. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», табиғаттың тосын мінезіндей қатты дауыл, қарлы боран, шарпыған өрт (бетін әрмен қылсын) болуы мүмкін. Оған біз әрқашан дайын болуымыз керек. Мұндай кезде ауылдың тұрғыны алдымен кімге хабарласады, кіммен байланыс жасайды, жұртшылыққа осыны түсіндіруіміз керек. Тиісті орындар, ақпарат құралдары бұл мәселеге барынша атсалысуы қажет деп санаймын. Пиротехникалар турасында да осыны айтар едім. Елімізде жүздеген адам осы қауіпті өнімдердің құрбанына айналды. Бірі қолын, бірі аяғын жарақаттады дегендей. Ендеше, оның қауіптілігін де халыққа кеңінен ескертуіміз қажет деп білемін, – деді өңір жетекшісі.

Мәжіліс соңында облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында тиісті орын басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Азамат САНСЫЗБАЙҰЛЫ. 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*