Қанат АЙТБАЕВ, әнші, композитор: «Димашқа үлкен тосын сый жасадым»

Қытайдың «Мен әншімін» байқауында бақ сынаған Димаш Құдайбергеннің есімі бүгінде әлемді шарлап кетті. Небәрі 22 жасында әлемдік сахнаны бағындырып үлгерген талантты жасты өнер бәйгесіне баптаған әкесі Қанат Айтбаевпен арадағы сұхбат оқырман көкейінде жүрген көптеген сауалдарға жауап берді.

0apenr

Алты жасында лауреат атанды

­­­­– Қазақ халқының ғана емес, миллиардтаған әлем тыңдармандарының жүрегін жаулаған Димаштың балалық шағы туралы айтып өтсеңіз. Бала күнгі Димаш қандай қабілеттерімен ерекшеленіп еді?

– Димаш – сәби күнінен менің әкем Құдайберген мен анам Миуаның бауырында өскен бала. Барлығымыз бір үйде тұрамыз. Ата-әже мейіріміне қанып өскен бала ойын да ашық айтатын. Кішкене Димаш жан-жақты бала болды. Жасынан футболды қатты жақсы көрді. Таэквондо, жүзумен де айналысты. Бес жасынан музыкалық студияның фортепиано класына барды.

– Ұлыңыздың бойындағы ән айту қабілеті қалай ашыла бастады?

– Кезінде Ақтөбеде «Айналайын» атты балалар арасындағы халықаралық музыкалық байқау өтетін. Алты жасында Димаш осы байқауға қатысып, фортепиано бойынша лауреат атанды.  Димаш ән айтуға да құштар болды. Ақтөбе облыстық филармония жанындағы «Саз» балалар студиясы хорының құрамында ән айтты. Димаштың кәсіби өнер жолын қууына осы хордың да көп әсері тиді деп ойлаймын.

Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе облыстық музыкалық колледжінің академиялық вокал бөлімін бітірді. Қазір Қазақ ұлттық өнер университетінің «Эстрадалық өнер» факультетінде оқиды.

«Танымалдылықты көтере білу керек»-1

Димашқа тосын сый жасадым

– Қытайда өткен халықаралық «Мен әншімін» жобасы Димаштың диапазоны кең талант екендігін танытты. Димаштың осы сайысқа қатысуына нендей жағдай себеп болды?

– Қытайдағы байқауға дейін де Димаш көптеген конкурстарда бақ сынады. Яғни, Димаш бұл жобаға арнайы дайындықпен келді. Мәселен, 2012 жылы «Жас қанат» республикалық конкурсына қатысып, жеңімпаз атанды. Осы сайыстан кейін түрлі конкурстарға шақырту, ұсыныстар түсе бастады. Соның бірі Украинаның Қырымында өткен эстрадалық әншілердің «Шығыс базары – 2012» атты конкурсы еді. Жоғары деңгейде өткен конкурсқа 28 елден әншілер қатысты. Димаш осы додада бірінші орын иеленді. Одан кейін «Славян базарына» шақырту алды.

Ал, Қытайдағы конкурстың ерекшелігі, ол негізінен телевизиялық аудиторияға арналған. Бірде кезінде «Қазақстан» ұлттық арнасында қызмет еткен Ертай Нүсіпжанов деген азамат хабарласты. Ол Димаштың әртүрлі конкурстарда орындаған әндерінің сілтемесін Қытайда өтетін сайыс ұйымдастырушыларына жібергісі келетінін айтты. «Тағы да бірнеше әншілердің әндерін ұсынудамын. Ол–өте ірі шара. Қазақстандық өнерпаздардың да сол конкурстан көрінгенін қалаймын» деген еді.

Нәтижесінде ұйымдастырушылар Димашты іріктеу турына шақырды. Іріктеу турында әншінің біліктілігін, интеллектуалдық деңгейін, музыкалық қарым-қабілетін, сахналық мәдениетін, диапазонын, түр келбетін де саралаудан өткізеді екен. Сөйтіп Димаш желтоқсан айында іріктеуден өтті. Ал, қаңтар айында конкурсқа қатысуды бастап кетті.

– Білуімізше, Қытайда өткен конкурстың кезекті турына сіздің барғаныңыз Димаш үшін «тосын сый» болыпты. Ұлыңыз сахнада ән орындап тұрған кезде де залда сіздің отырғаныңыздан бейхабар болған. Димаштың әніне қиқу салып, қолдау білдіріп отырған халықты көрген сәтте сіз әрі әке, әрі әнші ретінде қандай сезімде болдыңыз?

– Ұйымдастырушылар «сіздің келгеніңіз Димашқа тосын сый болсыншы» деп қолқа салды. Конкурс телевизиялық бағытты ұстанғаннан кейін олар Димаштың қуанған сәтін көргісі келген болуы керек. Сөйтіп,ән айтып болғанға дейін оған көрінбеуге тырыстым. Ән орындау біткен соң мені көрген Димаштың көзінен қуаныштың оты жалт ете қалғанын барлығы да аңғарды деп ойлаймын.

Әдетте, қобалжу мен қуаныш қосылған кезде адамда өзгеше бір сезім пайда болады ғой. Оның үстіне, бала өзге жерде өнер көрсетіп тұрған кезде үміт те, толқу да көп болады. Бұл ­– бір үлкен тебіреніс.

«Танымалдылықты көтере білу керек»-2

Өнер – тәрбие құралы

– Елге оралған Димашты Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы қарсы алды. Сол бір керемет сәтте мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков ағамыз Димашқа «осы танымалдылықты көтере біл» деген батасын беріпті…

– Бұл өте дұрыс нәрсе деп ойлаймын. Себебі, өскелең ұрпаққа қашанда үлкендер ақыл айтып отыру керек. Ел алдында жүрген ағаларымыз жастарға жақсы тілегін арнап жатса, алғыстан басқа не айтуға болады? Мырзатай ағамыз «танымалдылықты жақсы жағынан көтере біліп, ақылдың шеңберінде ғана қызмет жаса» дегенді ойды меңзеді деп ойлаймын.

– Димашқа жарнама агенттіктерінен, кино саласынан көптеген ұсыныстар түседі екен. Болашақта Димаш Құдайбергенді өнердің басқа да салаларынан көруіміз мүмкін бе?

– Ұсыныстардың түсіп жатқаны рас. Димаштың қандай әнші екенін білгенімізбен, оның қаншалықты актер бола алатыны бізге беймәлім. Ұсыныстың барлығын бірдей қабыл алу да оңай емес. Оның барлығы сүзгімізден өтуі керек. Егер, Димаштың шама-шарқына келетіндей, әншілік те, актерлік те қабысатындай жоба болса, ойланып көруге болады.

– Қытай еліндегі конкурстан көңілге не түйдіңіз?

– Қытайда өткен конкурстың басты ерекшелігі, ол елдің тыңдармандары дер едім. Себебі, Қытай халқы эмоцияға берілгіш, сезімтал келеді екен. Әншілерді жақсы қабылдайды. Ілтипаттары да ерекше. Әр концерттік шарадан кейін халық көптеп жиналып, жақсы тілектерін айтып, гүл шоқтарын ұсынып жатады. Мұның барлығы әрине, көңілге ерекше шабыт сыйлайды. Осы сәтті пайдаланып, Димашқа қолдау білдірген өзіміздің отандастарымызға да ерекше алғыс айтқым келеді.

Ең бастысы, өнердің қуатты тәрбие құралы екенін ұмытпауымыз керек. Тыңдарман сан қырлы болса, классиканы да, эстрадалық бағытты да, ұлттық дәстүрлі өнерді де тыңдай білсе, жан-жақтылық пайда болады. Әртүрлі дүниені саралап, жүрегіне жақынын қабылдай білген тыңдарманның да талабы өседі. Сол кезде, әншілердің де ізденісі артып, деңгейі өрлей түспек…

Димаштың аты аңызға айналған Джеки Чанмен кездесуі көпшілікке жылы әсер етті. Димаш қана емес, біздің өзіміз бала кезімізден Джеки Чанның өнеріне тәнті болып өстік. Сондай атақ-даңқына, дәрежесіне қарамастан, Джеки Чан Димашты кішіпейіл де, қарапайым мінезімен тәнті еткен. Бұл кездесу біз үшін үлкен мәртебе. Осындай даңқты тұлғалардың адамгершілік, қарапайымдылық қасиеттері Димаш үшін де үлкен мектеп болғанына сенемін. Димаштың өмір жолында жақсы адамдар кездесе берсе екен деген тілегім бар.

 Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

1 комментарий

  1. Димашжан, онерин орлей берсин!!!

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*