АНАНЫ АҢСАУ

«Адамның өмірі сағыныштан тұрады» деген ойлы тәмсіл бар. Осы сөзде, шынымен де, үлкен мән бар-ау деймін. Мен де көйлегім емес, көңілім тозған сәттерде анамды қатты сағынамын. Аяулы анашым Бозбалақызы Мария есіме түскенде көзден аққан ыстық жасқа тыйым сала алмаймын, өкініштен өзегімді жарып шығып жатқан, қайғы кернеген, жан дүниемді өртеп бара жатқан сағыныштың ыстық селі бойымды босатар емес. 
Ол тірі болса, 75 жасқа толар еді. Осы күні жанұямыз қайда жүрсек те, жан-жақтан хабарласып дастархан басына міндетті түрде жиналамыз. Анам аққұба, бойшаң, өте ажарлы жан болатын. Көңілі тау суындай мөлдір, көпшіл, сызылып қана, асықпай қоңыр даусымен өнегелі әңгімелерін, ойларын, ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Өзінің ақылгөй, данагөйлігін тек сөзбен емес, ісімен де дәлелдеген. Ертеңін ойлап, істің ақырын күтетін төзімді де, сабырлы адам еді. Тумысынан турашыл, ғұмыр бойы ар-намыс пен адамгершілікті тағдырына ту етіп ұстана білген.
«Әйелдің аты үймен, көңілмен, аспен шығады» дейді ғой. Анам асқа да, іске де шебер болатын. Тоқыманың жаңа өрнегін көрсе, көзбен көріп тез шығаруға асығатын. Үйімізден қонақ арылмайтын еді. «Жоқпын деп жылама, жоқ болсаң да, қазаныңды көтеріп отыр. Бармын деп тасынба. Барыңды бер де, жымиып күліп отыр. Жұртқа қайнатқан самауыр өзіңе де қайта қайнайды» деп отырушы еді. Адамның арманы біткен бе — қанша жасасаң да, өмірдің бәрі сондай сабақ. Бір-бірімізге қайырымды, адал, кешірімді болу, әрқашан да қатар жүргенде бір-біріміздің бағамызды білу, сыйлау, ер-азаматты бағалау… – мұның бәрін де мен анамнан үйрендім. Оның мейірімді жүзі көз алдымда сағым болып оралып, жылы сөздері құлағыма жиі-жиі келіп тұрады.
Әрбір ана өз баласына үздіксіз тәлімді тәрбие бергісі келетіні анық. Анамның бізге берген ең керемет тағлымы – өзінің күнделікті ісімен де, өмірге деген құштарлығымен де үлгі-өнеге бола білгендігі. Оның жүрек мейірімінен, сезім жылылығынан қуат алып өстік. Өмірінің соңғы сәттеріне дейін анам жолдасы Арыстанбек екеуі бала-шағасының тілеуін тілеп, қолдарынан келген бар жағдайды жасап жүруші еді. «Бала» деп таңдарын аттырып, «бала» деп кештерін батыратын. Жаманымызды жасырып, жақсымызды асырып, бәрін өздерінің мерейлі жүректеріне сыйғызушы еді. Әркез «Құдай сендердің жамандықтарыңды көрсетпесін» деп отыратын. Әке-шешеміздің қанатының астында бақытты балалық шағымызды өткізіп, ержеттік. Олардың дүниеге екі ұл, бір қыз әкеліп, құда-құдағай, ата-ене, ата-әже атанып, өмірді қызықтап, шалқып жүрген кездері әлі де көз алдымда.
Менің анам – ақ халатты абзал жандардың бірі. Бала жасынан армандаған медицина саласына 60-ыншы жылдары қолы жетіп, Балықшы аудандық біріккен ауруханасында жоғарғы санатты бас медбикеге дейін жоғарылап, зейнеткерлікке шықты. Өз жұмысын адал, зор жауапкершілікпен атқаратын оның еңбегі лайықты бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен де марапатталды.
«Назары әдемінің ой-санасы да әдемі келеді» дегені бар әзіз анамның. Өмірге көзқарасың қандай болса, жеткен биігің де сондай болмақ. Өмірге ғашық болып жүрген анамның санасында сәуле, тұла бойында тулаған бұлқынысы, ілгеріге ұмтылысы бар еді. Әрбір түп қазығына, тыныс-тіршілігінің өзегіне, өмірінің мазмұнына айналатын ерекше қасиеті бар еді. Бүкіл өміріме үлгі бұл менің!..

Сәния МОЛДАШЕВА,
Атырау қаласы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*