АНАНЫ ЖОҚТАТПАҒАН АСҚАР

«Менің бейқам өмірімді өзгертіп жіберген 2006 жыл. Әйелім қайтыс болған уақытта кенже ұлым 5 жаста болатын. Балалардың ересектеулері үнсіз іштен тынатын да, кенже ұлым қолды аяққа тұрмай анасын іздейтін. Анасын сұрап, жылай беретін. Мұндайда жанымды қоярға жер таппай қиналатынмын» дейді Асқар. Әйелін жерлеместен бұрын қос ұлы Артур мен Дастанды  жер қойнына тапсырып, қара жамылып отырған Асқарға бұл қаза тіптен ауыр соққы болып тиді.

«Уақыт – емші» деседі. Бірақ, «өмірлік жарым» деп таңдаған Жанатының қазасынан кейін де жалғыз басты жігіттің жан жарасы жазылып кете қойған жоқ. Себебі, Асқарды алда тағдырдың талай сындары күтіп тұрған еді.

Арада екі жыл өткенде сұм ажал Асқардың анасы Шырынды, төрт жылдан соң жалғыз қызымен қалған ағасы Сатыбалдыны да алды. Осылайша, шиеттей бес баласына тағы бір жалғыз қосылып, Асқар қайғының үстіне қайғы жамап қала берді. Бірақ, тірі адам тірлігін істейді. «Тағдырдың ауыр сынағына қасқайып қарсы тұрғандар ғана төтеп бере алады» деп өзін қайраған Асқар шаруаларын тиянақтап, балалары үшін еңсесін тіктеді. Ағадан қалған аманатқа да адал болды. Қарындасын заңды түрде қамқорлығына алды.

Бүгінде Асқар нағыз жігіт ағасының жасы – 52-ге келді. Сағыздағы №9 орта мектепте директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары болып қызмет етеді. Ұжымда абыройлы, беделді азамат. Түс әлетінде үйіне асығып, балаларына ас-су әзірлейтінін, сенбі, жексенбі күндері үй шаруасын реттеп, шақырған жерден қалмай, өзі де халықты жинап, Құран бағыштап отыратынын барлық ауылдастары жақсы біледі.

Асқар тағдырдың қиындықтарына қарамастан балаларын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді, ержеткізді. Ең бастысы, оларға аналарының жоқтығын білдіртпеді. Қатарынан қалдырмады. Балаларының барлығы да заман талабына сай білім алды. 

«Жеке басымдағы қиындықтар мені әке атанудың жауапкершілігі қандай  болатынын көрсетті. Өмірім өкініштерге толы болды деп те айтқым келмейді. Бастысы, өмір маған тамаша балаларымды сыйлады. Ендігі жерде осы құлыншақтарымның амандығын тілеймін» дейді Асқар.

 

P.S.  Туған баласын далаға тастап, тіпті болмаса өмірге әкелген бойда еш қиналмастан өлтіре салатын қатыгез «аналардың» тірлігіне қарап отырып, Асқардай әкелерді қоғамға үлгі ету керек деген ой да келеді екен. Осындай  жандардың  бейбіт өмірдегі ерлігі қағынан жерінгендерге сабақ болса екен…

Зайдолла  ЖИЕНБЕТ,

№9  орта  мектептің  мұғалімі,

Қызылқоға  ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*