АНАМДАЙ ҚАМҚОРЫМ БОЛҒАН АЙБЫНЫМ ЕДІ…

 Күзде Астанаға «Шабыт» фестиваліне қатысуға бардым. «Мен сені Атыраудан келіп тұрғасын қолдады екен деп ойлама, – деп байқау қорытындысы жария етілетін күні апай звандады. – Өлеңдерің үшін Гран-При жүлдесіне сені ұсындым. Сен өзі бір адаммен сөйлеспейтін тәкаппар секілдісің ғой, «Шабыт» басталғалы мына ақындар телефоныма тыным бермей, үйімнен де шықпай жүр. «Апай, мен келіп едім» деп кіріп шықсаң болмайтын ба еді?» – деді де трубканы қоя салды. Балалығым ба, ішімнен ренжіп қалдым. «Ұрсатыны бар, орын бермей-ақ қойса болмас па еді?».

Кейін де апайды іздеп жарытқаным шамалы. Жоқ, күнде дауысын естігің, әңгімелескің келеді-ау, әр тәулік амандығын біліп тұруды ойлайсың-ау, бірақ, мысы баса ма, менен басқа да мазасын алатындар жететін шығар деп жорығанымнан ба, телефоннан нөмірін теруге жасқана беретінмін. Апай Атырауға келген бір сапарында менің екінші балаға жүкті екенімді көріп, ренжігені бар. «Мен сені дені дұрыс адам бола ма деп жүрсем, мұның не? Қалады ғой енді өлеңнің бәрі жаялықтың астында!» деп жақтырмай қалды. Елге келген сайын іздеп отыратын. Дамбыдағы үйіне Әлия екеуміз барып, өлеңдерімізді оқып, арқа-жарқа боп қайтатынбыз. «Ғашық болу күнә жасау емес қой, жарықтарым. Жазыңдар, адамдарды жақсы көріңдер» дейтін.

Республикалық бір басылымға меншікті тілші болып жүрген кезім еді. Газетке шыққан бір сыни мақалам апайға ұнамай қалса керек, бір күні звандады: «Сен өзің туған жеріңді жамандап, ұшпаққа шығайын деп жүрсің бе? Не жазып қойғансың? – деп біраз ұрсып алды. – Жақсылық туралы, жақсы адамдар туралы жаз. Сенсіз де ұрыс-керіс пен жамандық жайлы жазатындар бұл елде толып жатыр. Жүрегіңді қарайтпа. Ізгілікті іздеп жүр», – деп отыратын.

2010 жылы Бекет Атаға арналған республикалық мүшәйра өтті Ақмешітте. Балам ауырып, дәрігерден дәрігер қалдырмай, жұмыста да жалақыны кешіктіріп, бір жағдайым болмай жүрген кез еді. «Пір Бекет пен Махамбет» деген баллада жазып, қатыстым. Шыным сол, бар ойым – жүлде алсам, біраз ақшалы болып, баламды Астраханға алып кетер едім болды. Бірақ… апай маған жүлде бермеді. «Мына Бақытгүл Бабаш деген мен үміт күтіп жүрген қыздың бірі еді. Бұл жолы оңбай қателесіпті, – деп дүйім елдің алдында айтты апам, – Бекет Ата Махамбетке «сенің даңқың менен де алысқа барады» депті» дейді. Сонда бұл Пір Бекет Махамбеттен әлсіз дегісі келіп тұр ма?». «Апай, мен «Бекет Ата» кітабында жазылған аңыздың желісімен жазып едім», – дедім қарап тұрмай. «Ол кітапты жазғандар дәл сол сәтте Бекет Атаның қасында тұрыпты ма?».

Бұл жағдай маған сабақ болды. «Енді ақша үшін деп өлең жазбаспын» деп өзіме серт бердім. «Енді әр жазған сөзіме мұқият болармын» дедім тағы.

Одан кейін де апаймен кездескен, сырласқан сәттер аз болған жоқ. Өткен жылы жазда Роза Әлқожа «Фариза» деген ән жазып, Астанадағы кешінде орындады. «Қасиет нұры тамған, айналдым, қаламыңнан!» деген сөзің әдемі екен, айналайын», – деп апам риза болып, Роза екеумізге сыйлық жасап еді. Қолында барды елге үлестіруден талмайтын, әр адамның жанарынан жақсылық іздеп, жүрегіне мейірім төгіп жүретін қайран апам-ау!

Қазан айында Астанаға барғанымда ақын қыздар Асылзат Арыстанбек, Құралай Омар үшеуміз апайға ауруханаға бардық. Апай звандасақ та, кездессек те үнемі менің ақындармен байланысым жайлы сұрай беретін. «Жалғыз ағаш орман болмайды, айналайын. Әлия (Дәулетбаева) екеуің тату болыңдар, бір-біріңді күндемеңдер, бір топырақтан шыққан ақынсыңдар, тілеулес болыңдар», – дейтін. Сол жолы да біраз тілектерін айтты. «Мен базардан қайтып барамын, сендер енді келе жатсыңдар. Атырау, Алтай демей, бір-біріңді іздеп жүріңдер, рухани сүйеніш болыңдар», – деп Асылзат, Құралай үшеумізге ұзақ қарап отырды. Адам қанша дертке шалдығып, ауру азабын тартса да, көз жанары өзгермейді екен-ау деп ойлағанмын сол жолы. Апайдың көзі жанып тұр еді. Ол әлі де ұзақ өмір сүретіндей көрінген…

Бейсенбі күні Атырау даласы аппақ қарға оранды. Бұл биылғы қыс бойы қар көрмеген жұрт үшін бір леп әкелгендей еді. Сол күні облыстық филармонияда аймақ қаламгерлерінің әдеби жыл қорытындысы өтті. Жиналған жұрт та, сахнаға шығып сөйлеушілер де сол сәтте Фариза апайдың атын әлденеше рет айтты. Бұл тек алты алаштың ғана емес, Адамзаттың Ұлы Ақынының қайтпас сапарға қамданып жатқан сәті екен ғой…

Көз жасымыздан көл жасап, жоқтағаннан басқа, ендігі күні атыңызды зор ілтипатпен айтып, сағынып, дұға арнағанымыздан басқа дәрменіміз неге жетеді, жан апа?!. Сіз артқан сенім мен үміттің биігінен көріне алсақ дейміз ғой… Қаймана қазақтың жоғын жоқтап, қолында барын сарқып беріп, әр қыздың бақытын тілеп, жақсылық ойлаумен кешкен ғұмырыңыз Сізді Фариза атандырды, Сізді Ұлы Адам қылды. Сіз бізді Ақын ғана емес, Адам болса екен деп тілейтінсіз. Арман-Аманатыңызды аласартуға ендігі жерде қақымыз жоқ, апа. Алла алдыңыздан жарылқаса екен!

…«Айналайын» деген жалғыз ауыз сөзіңізді мына жалғанның бар жылтырына айырбастамас едім-ау!

Бақытгүл БАБАШ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*