Аналар мерейін асырған байқау

Аудандық «Қызылқоға» газеті редакциясының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырған «Ел анасы» байқауы газет бетін елге сыйлы аналарымызға қатысты тың деректермен толықтыруға мүмкіндік берді.

%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d1%80-%d0%bc%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%b9%d1%96%d0%bd-%d0%b0%d1%81%d1%8b%d1%80%d2%93%d0%b0%d0%bd-%d0%b1%d0%b0%d0%b9%d2%9b%d0%b0%d1%83

Байқауға очерк, эссе, суреттеме, новелла, зерттеу мақалалары және тағы да басқа жанрлар бойынша жазылған шығармаларға бәйге жарияланды. Жеті айға созылған байқауда редакциямызға жиырмаға жуық мақала келіп түсті. Бәйге талабына сай келетіндері газет бетінде жарияланып, солардың ішінде үздік деп танылған авторлар марапаттар мен арнайы жүлделерге қол жеткізді.

Өткен аптада «Арман» мәдениет үйінде салтанатты түрде өткен байқау қорытындысына ауыл тұрғындарымен қатар, байқауға ұсынылған шығармалардың кейіпкерлері, аяулы аналарымыздың ұрпақтары да қатысты. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып өткізілген бұл шараны аудан әкімінің орынбасары Әлібек Олжағалиев ашты.

Одан әрі жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне ұласып, сахна төріне Социалистік Еңбек Ері Қанаш Қожахметованың ұрпағы Дастан Қожахметов шақырылды. Ол Қанаш Қожахметова атындағы жүлде және 50 мың теңге қаржылай сыйлықты  байқауға бірнеше мақала ұсынған ардагер журналист Жолдас Жанқуатовқа табыстады.

Ұзақ жыл ауданның денсаулық сақтау саласында қызмет етіп, Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген дәрігер атанған Зауза Дәулетиярова атындағы жүлде мен 100 мың теңге қаржылай сыйлыққа Ғафура Жанбосынова ие болды. Келесі жүлде бәйгеде поэзия бағытында шығарма ұсынып, онысы көпшілік көңілінен шыққан ақын Шопан Шыңғысовқа «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Октябрь революциясы» ордендерінің иегері Айман Самарханова атындағы жүлде мен 100 мың теңге қаржылай сыйлық тапсырылды.

Соғыс жылдарында майданға жылы киіммен, ақшалай көмек көрсеткен қайырымды ана  Әзен Нәбиева, Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген мұғалім Зәуреш Насырова атындағы жүлделер мен 500 мың теңге қаржылай сыйлықты Әзен ананың шөбересі Нұрлан Қалдығұлов және Зәуреш Насырованың ұрпақтары атынан келген Меруерт Мұқанбетқалиева Қайрош Қабдешев пен Нұрсәулне Жауынбаеваны марапаттады.

Жиынды қорытындылаған аудандық газеттің бас редакторы Бауыржан Сисенов  «Ел анасы» байқауының жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан жоғарыда есімдері аталған аналардың ұрпақтарына қомақты жүлде тігіп, қаржылай қолдау білдіргендері үшін ұжым атынан Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етті.

Нұрболат НҰҒМАН,

Қызылқоға ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*