«Аналар мектебі» – сіздер үшін!

Атырау қалалық перзентханасында «Болашақ аналар мектебі» ашылды. Мұнда келешек ана мен әке атанушыларға сала мамандары дәріс өткізеді. Психологтар қызмет көрсетіп, дені сау сәбиді дүниеге әкелудің қыр-сырын үйретеді. Босану кезіндегі жаттығулар да арнайы көрсетіледі. Бұл туралы жүкті аналарға аталған перинатальдық орталықтың тыныс-тіршілігін таныстыруға арналған экскурсия барысында айтылды.

IMG_6841

Ана мен бала саулығын қорғауда ақхалаттылардың еңбегі қашан да орасан. Олар бар жауапкершілік өздеріне жүктелгендіктен, ана мен нәресте үшін күні-түні тынбай еңбек етеді. Келер жылы ашылғанына он жыл толатын орталықтың мамандары бұған дейін атқарылған жұмыстары туралы әңгімелеп, бүгінгі жаңалықтармен таныстырды.

Перзентхана бес қабаттан тұрады. Бірінші қабатта күту залы орналасқан. Одан кейін босану, босанғаннан кейінгі, ота бөлімі бар. 58 кереуеттік ана мен нәресте, жан сақтау, гинекология, анестезиология-реаниматология, клиникалық диагностика және 30 орындық күндізгі бөлімдерден тұрады. Перзентхана жыл сайын заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ, босану бөлмесінде барлық жағдай жасалған. Медициналық құрал-жабдықтар жеткілікті. Дәрігерлер жетіспеушілігі бар. Дегенмен, мәселені шешуде Ақтөбе, Шымкент қалаларынан арнайы мамандар шақыртылып, жұмыс жасауда. Сала мамандары біліктілігін ұдайы арттырып отырады. Бір қызығы, бес қабатты ғимарат іші тып-тыныш. Жылаған баланың дауысы мүлдем естілмейді.

–Ғимарат іші дыбыс өткізбейтін материалмен жабдықталған. Бұл әрбір бала мен ананың өзін жайлы сезінуі үшін жасалды. Алайда, әрбір бөлмедегі кереуеттің әрқайсысында дәрігерді шақыртуға арналған қоңырау құрылғысы бар. Батырманы басқан кезде қоңырау үні сол бойда дәрігерлік бекетке жеткізіледі, – дейді аталған денсаулық сақтау ұйымы директорының орынбасары  Назымгүл Меңдешева.

Ана мен баланың денсаулығын дер кезінде сақтап қалу үшін жедел түрде көмек көрсетудің маңызы зор. Мұндай жағдайда жүкті әйел жергілікті акушер-гинекологтың  бақылауында болып, үнемі тексеруден өтіп тұруы тиіс. Бұл тұрғыда перзентхананың сала мамандарына тексерілу үшін жүктіліктің барлық кезеңінде ақылы түрде тіркеуге болады.

Босануға дайындайтын бөлімге болашақ ананың қасына туысқаны келе алады. Дәрігерлердің айтуынша, аналарға көп жағдайда жұбайлары келіп, қиын сәтте жанынан табылып жатады. Ақхалаттылар «босанушының қасында ең жанашыр адамының болғаны жақсы» дейді. Ғимаратта босанғаннан кейінгі тегін бөлмелер екі кереуетке арналған. Ал, ақылы түрдегі бөлмелер бір орындық. Мұнда үйден келген туысқандары бөлмеге кіргізіледі.

Осы және өзге де жаңашылдықтармен танысқан болашақ аналар  ақхалаттылармен еркін әңгімелесіп, пікір алмасты.«Мен жуырда екінші сәбиімді дүниеге әкелуді күтіп жүрмін. Тұңғышымды ота арқылы дүниеге алып келдім. Арада біраз уақыт өтті. Дәрігерлердің айтуынша, қазіргі жағдайым қалыпты. Енді екінші нәрестемді өзім дүниеге әкелсем деймін. Бұл үшін алдын ала өзімді жан-жақты дайындап, перзентхана мамандарының кеңесіне жүгінуді жөн көрдім. Ананы бақытқа бөлейтін мекеннің қазіргі тынысы маған ұнады» дейді Атырау қаласының тұрғыны Аягөз Мәженова.

Алтыншаш Құрмашева

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*