ӘН-КҮЙДІҢ АБДОЛЛАСЫ ЕДІ

 Кезінде осы ауданда ауатком төрағасының орынбасары, аупарткомның хатшысы сынды қызметтерді атқарған Аташ Досалиев «Шуақты жол» деген кітабында «Орта музыкалық білімі бар Абдолла Мусағалиев көп көңілінен шыққан бірнеше ән-күй жазды», – депті. – Әлі есімде 1959 жылы жазғытұры Абдолла маған келіп «бір ән шығардым, сөзіне көмектес» деп, базыналық жасады. Қазақ университетінің тіл-әдебиеті факультетін 1951 жылы бітірген, аса сауатты және байсалды Ғилымғали Сайханов дейтін асыл азаматқа Абдолланың тілегін айтып, ән сөзін жазуға қолқа салдым. Ол келісімін берді. Келесі күні ән сөзін дайындап, Абдолланы шақырып, сазын тыңдадық. Әннің аты «Ақ Жайық», хорға арналып жазылған. Сол бойда хордың репертуарына енгіздік. Жергілікті жердің әнұраны іспеттес, әуені де сұлу, патриоттық ән өлкеге кең тарап, көптің игілігіне айналып кетті.

Абдолланың зайыбы, «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» атағын алған Әмірова Мәкуа ерінің өмірбаянын өз қолымен жазып қалдырған екен, енді соған назар аударалық.

«Абдолла Мусағалиев 1934 жылы 10 желтоқсанда Гурьев облысы, Есбол ауданының Тума ауыл кеңесінде дүниеге келген. Орталау мектепті бітіргеннен кейін кітапхана меңгерушісі болып жасаған. 1953 жылы Алматы қаласындағы П.Чайковский атындағы музыка ушилищесіне түсіп, екі курсын бітіреді. Үшінші курсында оқып жүргенде ауырып, Алматы қаласындағы ауруханалардың бірінде алты ай жатып емделеді. Дәрігерлердің кеңесімен оқуды одан әрі жалғастыра алмай, ауылға келеді. Өрлік және Жамбыл атындағы орта мектептерде ән пәнінен сабақ береді. Сол жұмыс істеп жүрген кездерінде ауыл жастарын ұйымдастырып, өнерпаздармен тұрғындар алдында концерт қояды. Домбырашылар үйірмесін ұйымдастырып, соған өзі дирижер болады.

Ол 1958 жылы аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа ауысып, өмірінің ақырына дейін жылжымалы клуб меңгерушісі болып жасады. Абдолла 1962 жылдан КПСС мүшесі еді. 1957 жылы дүниежүзілік жастар фестиваліне, ал 1958 жылы желтоқсанда Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігіне қатынасқан. Еңбегі жоғары бағаланып, Абдолла 1967 жылы «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медалімен марапатталды, «Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» құрметті атағына ие болды. Абдолла шығармашылықпен де айналысты. «Шопан жыры», «Жігіт сыры», «Есбол жастарының маршы», «Ақ Жайық», «Жүгеріші Дәмелі» әндерін, «Салтанат», «Колхоз жігері» күйлерін шығарды.

Абдолла Мәскеу кітапхана институтының Саратов қаласындағы филиалында сырттай оқып жүр еді. Амал не, шығармашылық күш-қуаты толысып тұрған шағында өмірден өте ерте кетті»,-депті Мәкуа.

1971 жыл. Маусым айы. Далада аспан айналып жерге түсердей ыссылық бар. Осы сәтте терезелері қараңғыланған кең бөлменің іші сап-салқын, жанға жайлы. Сол бөлменің дәл ортасында қалың салынған төсек үстінде Абдолла жатыр. Оның кейпі асқынған аурудан әлсірегендікті бірден байқатады. Толық денесі шүйкедей болып, қараторы жүзі қуқыл тартыпты. Өзінен гөрі өзгенің көбірек сөйлегенін ұнататын сыңайы бар. Ол өзі сөйлеуге ниеті жоқтықтан емес, әлжуаз әлсіздігінен екені де танылып тұр.

Абдолла жанында тұрған домбыраны едәуір қиналып алды да, төсіне қойды. Сонан соң бізге қарап біраз үнсіз жатты.

Ол қазір күй төкпек пе домбырадан. Ол әбден шырқау шабытқа енгенде «Жетім баланы» тартатын еді-ау. Абдолла домбыраны тартпайтын, кәдімгідей сөйлететін. Жетімнің жетпей жүрген мұңлы өмірін айна-қатесіз көз алдыңа тосатын.

Арада бірнеше күн өткенде Абдолланың өмірден озғандығы туралы хабар алдық. Сонда біз домбырада тартылмай күй, азамат көңілінде айтылмай сыр кеткенін еске түсірдік.

Осылай деп сол бір кез туралы «Күй қалды домбырада тартылмаған» деген тақырыпта жазған мақаламыз облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің 1974 жылғы 3 тамыздағы санында жарияланып еді.

«Мусағалиев Абдолла туралы бұл жолдарды жазғандағы мақсатымыз – оны жұртшылыққа кеңінен таныстыруға талпыныс. Шынында да, ол танытуға тұратын өнер иесі еді» деп аяқтағанбыз сонда мақаламызды.

Бұл жолы да сол мақсатпен қолға қалам алдық. Енді Абдолланы тану аз, оны мәңгі есте қалдырудың қамын жасаудың уақыты жетті. Ондай шара А.Мусағалиевтың сексен жылдығына орай биыл қолға алынып, іске асса қандай ғанибет. Ең алдымен, Абдолланың ауданда көркемөнерпаздықты дамытуға, оны сауатты ұйымдастыруға үлкен еңбек сіңіргенін атап көрсетуіміз керек. Аудан орталығы Кулагино (қазіргі Есбол) селосында мекемелерде жұмыс жасайтын жастарды жинап, олардың музыкалық сауаты жоқтығына қарамастан екі дауыста шырқайтын хор, ұлт-аспаптар оркестрін ұйымдастыра білді. Сонымен қатар, ол жылжымалы клуб жетекшісі ретінде қиыр жайлап, шет қонған малшылар ауылдарын, пішен бригадаларын аралап, мәдени қызмет көрсетті. Сол үшін А.Мусағалиев – «Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағына облыс көлемінде алғаш ие болған екі адамның бірі.

Абдолла Мусағалиевтың сексен жылдығына байланысты атқарылатын шаруаның ең үлкені де маңыздысы – оның ондаған ән-күйін жүйеге келтіріп, көпшіліктің игілігіне айналдыру деп білеміз. Бір кездері аудандағы үлкен концерттерде хор бағдарламасы Абдолланың «Ақ Жайығымен», оркестр «Салтанат» күйімен басталып жататын. Қазір оларды естімейтін болдық. Бұл Мусағалиев шығармаларының көпшілік көңілін көншітпейтіндігінде емес. Дегенмен, бұлай бола берсе ортамызда болып, өзіндік өнерімен ерекшеленген азаматты да, ән-күйін де көзден таса, көңілден ада қылып алуымыз әбден мүмкін. Оған жол берсек, өнерге қиянат жасағанымыз. А.Мусағалиевтың бірқатар шығармаларының ноталық сызбасы сақталмаған сыңайлы. Сондықтан оларды бұрын орындағандардың немесе жете білетіндердің ауызша айтуымен немесе аспапта орындауымен нотаға түсіріп алса дейміз.

Қысқасы, А.Мусағалиевтың әндер жинағы шығарылса деген ниет қой бұл. Әрине, ол бірер кісінің айналысар шаруасы емес. Оған облыстық ішкі саясат, мәдениет басқармалары білек сыбана араласып, ыждағаттылық танытса ғана оң нәтиже береді.

Сонымен қатар, көркемөнерпаздықты дамытуға айтарлықтай үлес қосқан, әп-әсем ән-күйі көпшіліктің көңілінен шыққан Абдолла Мусағалиевтың есімі оқу орындарының біріне, айталық Индербордағы өнер мектебіне берілсе, ол тек оған ғана емес, өнер адамдарына, өнерге деген ыстық ілтипаттың белгісі болар еді.

Ерсайын КӨШЕК,
Қазақстанның
Құрметті журналисі,
Индер ауданы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*