ӘМБЕБАП ПОЛИЦИЯ: Нәтижесі қандай?

САҚШЫЛАРҒА ТАЛАП КҮШЕЙДІ

– Жол қозғалысы қауіпсіз-дігін қамтамасыз ету – мемлекеттің маңызды мәселелерінің бірі. Осы бағытта Атырау облысында ауқымды жұмыстар жүзеге асуда, – деп бастады әңгімесін Ж.Шәріпов.
Әкімшілік полиция басқармасы бастығының айтуынша, былтырғы жылдың 1 қарашасынан бастап облыс орталығы мен аудандарда құрамы үш адамнан тұратын автопатрульдік топтар қызмет етуде. Екі құрылым біріктірілген соң 140 қызметкер қайта дайындықтан өтті. Олар жол жүру ережесін, әкімшілік заңдылықтарды тереңірек оқып, білуге зейін қойды. Полиция полковнигі арнайы автокөліктерге «жол патрульдік полициясы» жазуы жапсырылып, техникалардың арнайы дыбыс және жарық құрылғыларымен жабдықталғандығына, тәртіп сақшыларының айырым белгісімен қамтылғандығына тоқталып отыр.

ҚАРЕКЕТ БОЛСА, ҚАРАЖАТ БОЛАДЫ

– Облыс әкімдігінің қолдауымен жол-патрульдік полициясын техникалық жағынан жарақтау үшін ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Бұл – халық тыныштығын сақтау, жол бойындағы тәртіпті қадағалау мақсатынан туған аса қажетті шаралар, – деді басқарма бастығы.
Расыменен, әмбебап полицейдің осы заманғы құрал-жабдықпен қамтылуына, алаңсыз жұмыс жасауына барлық жағдай жасалуда. Осы мақсатта біздің облыста былтыр және биылғы бес айда 184,4 млн. теңге бөлініп, 58 автопатрульдік көлік алынды. Арнайы техникаларға 105 жылдамдық өлшегіш құрылғы (25,7 млн. теңгеге) орнатылды.
Еліміздегі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасақталған салалық бағдарламаның ауқымында және облыстық бюджеттен бөлінген қаржылардың есебінен өткен жыл мен биыл автопатрульдік автокөліктерге 28 бейнетіркеу жабдығы қондырылды. Оның құны 67,2 млн. теңгені құрады. Ресеймен шекарадағы «Рубеж» бақылау-тексеру бекетін техникалық жағынан жабдықтау үшін де мемлекеттен қаржы қаралды. Бұл жұмыстар Ақтөбе – Атырау – Астрахан аралығын қосатын республикалық маңызды автокөлік жолы бойындағы келеңсіздіктердің азаюына септігін тигізуде. Яғни, ол тәртіпті сақтау, қылмысты дер кезінде ашу, ұрланған көліктермен қатар, іздеуде жүрген адамдарды анықтау үшін қажет шаралар болды.

ҚАЛА ШЕТІНДЕ ЖАҢА БЕКЕТ БОЛА МА?

– Біз облыс басшылығына жергілікті жерде жол-патрульдік полицияның үш тұрақты бекетін орнату турасында ұсыныс беріп отырмыз. Атап айтқанда, ол Атырау – Орал тасжолы бойында Береке поселкесі тұсында, Атырау – Астрахан бағытында Қараөзек, Атырау – Доссор жолында Қарабатан бекеттері болмақ. Қаражат бөлініп, жоба жүзеге асса, облыс орталығы қауіпсіздігі жағынан толық қамтылады. Оның үстіне Атырау қаласы шағын ғой, – деді Жәнібек Батаұлы.
Басты тоқталары, жақында көлік бақылау инспекциясының біраз қызметі әкімшілік полицияға беріліп отыр. Әңгіме автокөліктерден ауаға шығатын лас шығарынды, түтіндерді бақылау міндеті турасында болуда. Осы себептен газанализатор, түтін өлшегіш секілді құрылғылардың қажет-тілігі туды. Басқарма басшысы осы үшін бюджеттен қаражат сұрап отырғандарын айтты.
Жаңа құрылымның жұмысының нәтижелілігін мына деректерден аңғаруға болады. 2013 жылдың 1 қарашасынан биылғы 1 маусым аралығында жол жүру ережесін бұзғандығы үшін 38 937 жүргізуші және жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде автокөлікті мас күйінде айдағаны үшін 1322 адам, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен 251 жүргізуші тоқтатылды. «Темір тұлпарының» тізгініне ие бола алмай, апатты жағдай туғызған 114, шапшаңдықты арттырған 6842, теміржол өткелінен өту тәртібін бұзған 12 жүргізуші айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Жауапкершілік артқанымен, көлікте келе жатып телефонмен сөйлесетіндер азаймай тұр. Инспекторлар осындай олқылыққа жол берген 1711 жүргізушіні анықтады. Жалпы, жол жүру тәртібін бұзғандардан түскен айыппұлдардың көлемі бүгінде облыс бойынша 217,1 млн. теңгеге жетті.

ҚАРА ЖОЛДЫҢ БОЙЫНДА ҚАТЕР БАР

Тәртіпті қатайту, көліктерді жете бақылаудың нәтижесінде облыс жолдарындағы жағдай кәдімгідей жақсара бастады. Әкімшілік полицияның басшысы Жәнібек Шәріпов мынадай мәліметтерді келтіреді: Биылғы жылдың бес айында 155 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 25 адам қаза тауып, 182-сі түрлі деңгейде жарақат алды. Көлденең жағдайлар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда едәуір азайған. Былтыр 200 жол апатынан 45 жанның өмірі үзілген еді.
Полицейлер «оң нәтиже көрінгенімен, облыстың жол бойындағы ахуал әлі толық оңала қойған жоқ» деп отыр. Оған жүргізушілердің жолда жүру ережесін ескере бермейтіндігі, сақтамайтындығы, кейбір жолдардың сапасының сын көтермейтіндігі, тағы басқа жағдайлар себепші екен. «Біз уақытпен санаспай, тынымсыз жұмыс жүргізе береміз. Өйткені, халықтың тыныштығын сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайбарақаттықты көтермейді, бізден үлкен жауапкершілікті қажет етеді» деді әкімшілік полиция басшысы. Бұл әмбебап полицияның иығындағы жүктің салмағы артқанын байқатса керек.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*