АМАНШИННЕН ҚАЛҒАН АМАНАТ

Аудан құрылған жылдары аудандық Кеңес атқару комитетінің жауапты хатшысы болып қызмет жасап жүріп, орыс халқының атақты жыры «Слово о полке Игореваны» (Игорь жасағы туралы жыр») қазақшаға аударып, аудандық партия комитетінде хатшының көмекшісі болып қызмет жасайтын Карин Көбенге көшіртіп, Жазушылар Одағының төрағасы Сәбит Мұқановқа жолдайды. Ол кісіден шақырту келеді.
Кезінде Берағаң өз қатарлары Жапар, Меңдекеш, Қойшыбай, Жақсығалилармен әзілдесіп, қалжыңдасып жүреді. Бірде мынадай жағдай болады. Ол кездегі қыздар ұялшақ, именгіш. Сондай бойжеткендердің бірі – Үміт Иманәлиева өзіне сөз салып жүрген Жақсығалиға келісімін беріп, тұрмысқа шығайын десе–жұмыс бар, бастығы Әлібек Түсібәлиевке (бұл күнде Балықшыда соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы) кіріп, жағдайын айтайын десе – ұяты құрғыр жібермейді (аудандық тұтынушылар одағының төрағасы). Сонымен, Үміт қатары Қыздарбаймен ақылдасады, ол Берқайырға сілтейді. Берағаңда қарсылық болушы ма еді. Үміт болып Әлекеңе былай деп жазады:
Председатель ағайға
Берсек арыз қарай ма?
Жалғыз жату оңай ма,
Босатыңыз қалайда!
Енді Үміттің арызына Әлібек болып былай деп жауап қайтарады:
Осы болса шыныңыз,
Құрып тұрса дымыңыз,
Бізге адам табылар,
Босатайын, шығыңыз! – Кейін бұл ауылға жайылып, әзіл-қалжыңның тақырыбына айналды. Қанзия, Орыншалар әлі ұмытпапты.
Берағаңның «Өмірбаянында» мынадай да бір деталь бар. Онысы «Парасат» журналына да жарияланды:
Шаршадым қаулы жазып исполкомда
Исполком қырық мәселе қарап күнде.
Сартылдап уәкіл болып мен де жүрдім
Баққаным карта ойыны мен арақ күнде.
«Жұрт мені үнемі «Бераға, Бераға» дейді де жүреді. «Ал, аға», «ал, аға» деп біреуі айтпайды» деп күлдіретін. Өзі Атырау дегенде, аймақтың белгілі тұлғалары туралы айтқанда маған алдына жан салмайтындай көрінетін.
1971 жылдың қараша айы, мен онда Алматының екі жылдық Жоғары партия мектебінің соңғы курсының тыңдаушысымын. Әр бөлмеде телефон бар, кешқұрым телефоным безілдеп қоя берді. Трубканы көтерсем, Берағаң: «Әй, Төлеп, кешке Қалижан Бекхожинді қонаққа шақырып жатырмын. Заидаға үйленгелі (әйелі қайтып, екінші рет үйленген) үйімде болмап еді, бірге бол»,–деді.
Жақсы отырыс басталды, әңгіме тақырыбы белгілі, поэзия ауылы, басқа жанрларға да ат шалдырып қоямыз. Бір мезгілде Мәдениет сарайының алдындағы Абай ескерткішіне байланысты Бәкең ашуға басты. «Ол жерде Абай емес, Махамбет тұруы керек, Абайдың Сұлтанмахмұт пен Ілиястан артықшылығы шамалы, ал, Махамбет – қазақтың хас батыры, «Ерулі атқа ер салмай» – нағыз жауынгерлік төкпе жыр» деп өңештейді. Қызу керіс басталды, ақыры үй иесі қонақтарына «үйден шық, кет» дегенге дейін барды, қазандағы жылқының сүр еті мұрынды жарып барады. Ақыры не керек, үйден қуып шықты, мен шығарып салдым. Бір бөлек күннен кейін маған тағы да телефон шалып, «Қалекеңдер саяжайда екен, шақырып жатыр барайық, арамызда ондай-мұндайлар болып тұрады, оны елемейміз» деп қарап тұр, мен бармай, ұялып қашқақтадым.
Кезінде жазушылар арасында «Ереуіл ме?», «Ерулі ме?» деген үлкен талас туған. Зейнолла Қабдолов «Ереуілді» дәлелдесе, Берағаңдар Ғабит Мүсіреповті алға тартып, «Еруліні» жақтады, әркім өз пікірінде қалды. Берқайыр құрастырған соңғы Махамбеттің жинағы «Ерулі атқа ер салмай» деген атпен жарық көрді. Екі Мұхит жөніндегі дау-дамайдың да соңғы нүктесін Берағаң қойғанын анық білеміз. Менің бұл айтқандарым – Б.Аманшиннің әдебиеттегі зерттеушілік қырын көрсету.
1986 жылы мамыр айында Берағаң қасында зайыбы Жәмби, облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің редакторы Теңдік Жауыров, жазушы Берік Қорқытов (соғыстың алдыңғы жылдары Кулагинде көрші тұрыпты) бар, ауданымызға келіп, Қаракөлде, Тасшағылда, Миялыда және Мұқырда жұртшылықпен кездесу өткізді. Бірде мен, бірде Берік жазушының өмір жолы, шығармашылық еңбектері жайлы баяндап отырдық. Қадау-қадау тұрғызғандарға «сенің әкең Құрымбаев Оразғали ғой, сенің әкең Құлниязов Қожағали ғой, сенің әкең Қожанов Сәрсенғали, сенің әкең Базарбаев Елеу…» дегенде біз таң қалғаннан жағамызды ұстап отырдық. Қызықтың көкесі Мұқыр селосында болды. Соғыстың соңғы жылдары «Гурьев» қаракөл қой совхозында мамандар кілең орыс ұлтынан болыпты. Малшылар оларды түсінбейді, ал Берағаң Доссордан осында келіп, аудармашылық қызмет атқарған.
«Ержеттім сонау Үйшік қыр жағында,
Ол елге мәңгі бақи ырзамын да», – деп Атырауын еске алса да, жұбайын, жарын сыйлаған ол үшін Қызылқоға өте ыстық:
«Қарабау, Қаракөлім, Қызылқоғам,
Жайдары жаздай ыстық жүзің маған.
Сыйлайды азаматын, ықыласын,
Сыйлады махаббатын қызың маған».
Берағаңның алғашқы өлеңі облыстық газетте 1942 жылы жарық көрді. Сондай-ақ өлеңқұмар қауымды елең еткізгені есімізде. Бірақ, ол өмірде де, өнерде де бітім-болмысымен кішіпейіл, асып-тасуды білмейтін, биязы қалпынан айнымайтын. «Оқушыма» деген өлеңіне назар аударайықшы. «Өлең» деп аталатын үйден келем» дейді де:
«Онда көп әр алуан дыбыс пен үн,
Алтын, мыс көрдім
жырдың күмістерін.
Ол үйде небір шебер,
зергерлер бар,
Мен сонда жай әншейін жұмыскермін, – деп кішіпейілділік танытса, «Жасыма» деген жырында:
«Айтамын ақ жарыла көңілімді –
Бұлдаман өнер түгілі өмірімді.
Елімнің дауылпазы болмасам да
Мен де бір қоңырауымын қоңыр үнді» – депті.
Берағаң әзіл-оспаққа, қазақы қалжыңға да, ауызекі әңгімеге де ұста-тұғын. «Тамаша» сахнаға шыққанда Тұңғышбай мен Құдайбергеннің айтысында нағашы мен жиеннің сөзін көрікке салып қыздырған да ағамыз еді. Жұрт езуін жимай күлкіге бататын. Шымшымада өмір шындығы айна-қатесіз нанымды суреттелетін. Тыңдаушыларға арзан күлкі емес, мағыналы, мәнді, ой түбіне жетелейтін, тұспалдап түсіндіретін күлкі керек.
Ақын қай тақырыпқа бармасын оқушысын ойлантады, ойға жетелейді, мына бір тіркестерге назар аударыңызшы:
«Әйелден үйренуге міндеттімін,
Әйелді үйретуге правом жоқ.
Баламды бағуға мен міндеттімін,
Мені бақ деуге оған правом жоқ.
Бастықты сыйлауға мен міндеттімін,
Мен оған сыйла деуге правом жоқ,
Түбінде мен де өлуге міндеттімін,
Тірідей өлуге тек правом жоқ».
Ақынның өмірлік поэзиясы, кредосы осы болды.
«Игорь жорығы..» туралы жырға байланысты одақтық дәрежедегі талай жиын, конференция, мәжілістердің бәрінің де төрінде Берағаң отырды.
Ақынның бірінші таңдамалысы 1978 жылы «Жайық желі» деген атпен Хамаңның «Сабырлы да әсем әуен» алғысөзімен жарық көрді. Осыған енген жырларда жастың күлкісі, сұлудың сымбаты, дананың ақылы, батырдың қайраты, теңіздің тереңі тербеткен толқынына дейін бәрі қамтылған.
Ақын мүшелді жасқа толғанда Қызылқоғаға соқпай кетпейтін. Алдымен Қарабаудағы туған жиені, Ұлы Отан соғысының ардагері Көмеков Нығыметтікіне сәлемдесіп, 50 жасын Миялыда өткізіп еді. Ақын Төлеген Жаңабаев «Қол соғады Тайсойған» деген жыр шумағында:
«Құмарта көз тігеміз жырларына,
Нұр төгіп, көрік берген қырға мына.
Шыққанда қаламыңнан татымды ән,
Құйылған әдебиет қырманына» деп баға берген-ді. Осы кеште «Сәлемдесу» деген өлеңін оқыды, өте ұзақ, ішінде мынандай жолдар бар:
«Алатаудың бауырынан,
Қанатында кептердің
Көп келмеген ауылыма
Көрісейін деп келдім.
Өздеріңді, ағайын,
Сағынғанда кеп тұрмын,
Ақ қырауға самайым
Шалынғанда кеп тұрмын,
Жақсылармен қауышып,
Жолым болса деп келдім,
Тайсойғаннан шай ішіп,
Шөлім қанса деп келдім.
Туған жерге жарықтық,
Аунайыншы деп келдім,
Астанада дардаймын
Ауылымда баламын.
Сол қалпымнан жазбайын
Шамшырағым сөнгенше
Хош есен бол, ағайын,
Қайта айналып келгенше!»
Бұл соңғы кездесуіміз екен, қатал тағдыр өз дегеніне жетті, қайта қауышып, сәлемдесудің сәті түспеді. Пайғамбар жасында дүниеден озды.
«Таныстық керек», «Жылама, Дәмеш» секілді драмалық туындылары батыс өңірінің театр сахналарынан көрініс тауып жүр. Алматыдағы 25 қабатты «Қазақстан» қонақ үйінің түбіндегі Достық даңғылы, 3-ші үйдің үшінші қабатында Бәкеңнің кең де, сайлы пәтері бар, оның бір бөлмесінде мұражай бар, онда еш жерде жоқ жәдігерлер мол. Махамбеттің, Исатайдың, Бөкей хандығының, Әбілқайырдың, қазақтың тұңғыш генералы Шәкір Жексембаевтың дүние-мүліктері, ұстап-тұтқан құрал-жабдықтары, құжаттары көздің жауын алады. Оны Жәмби жеңгеміз қорғап, қорып отыр, алайда кейбір пысықайлар «кәдеге асырайық, жарыққа шығарайық» деп маза бермейтін көрінеді. Жәмбидің өзі де аурулы, дімкәс, түбі тырнақтап ел аралап, мұражайлардан тапқан қайран дүниелер талапайға түсіп кете ме деп қатты қауіптенемін. Осыны Берағаң жөнінде жазбақ боп жүрген журналист Кенжебек Тұманбайұлына да құлаққағыс еттім.
Ауданымыздың мәдени, халық ағарту салаларының қызметкерлері тамыз айында туғанына 90 жыл толуына байланысты еске алу кештерін, кітап оқушылар конференцияларын, көрме ұйымдастырып жатыр. Бұл да болса сүйікті жазушыға деген құрмет деп білеміз. Ал, біз Аманшиннен қалған аманатты ұмытпайық, арнайы үлкен мұражай ашайық, ағайын!..

Төлеп ТІЛЕГЕНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*