Аманат арқалап жүрмін…

Ол – барлық аспапта еркін ойнайтын ерекше музыкант. Ол – көне күндер сарынын жаңа ғасырға айнытпай жеткізген дарын иесі. Ол – өз қиялымен, өз арманымен оңаша қалғанды жақсы көретін оқшау тұлға. Ол – жаңа шығармасын жазарда ылғи қоңыр түстен шабыт алады. Өйткені, қоңыр түс – қазақтың түсі, ал, Ол – қазақ музыкасының патриоты, Халықаралық байқаулардың бірнеше мәрте лауреаты, «Ғасырлар сазы», «Шабыт» халықаралық фестивальдарының  І орын иегері, «SARMAD» этно-фольклорлық ансамблінің жетекшісі Бауыржан АҚТАЕВ.

ФОТО

– «Кез келген өнер түрі текпен, топырақпен беріледі» деген догма бар. Сіз қазақтың ескісі бар, жаңасы бар, барлық дерлік аспабында еркін ойнайсыз. Бұл қабілет пе, дарын ба?

– Өнер маған қанмен дарыды деп сеніммен айта аламын. Себебі, әкем де, анам да осы салада қызмет етпесе де өнерпаз жандар болды. Нағашыларым сөз қуған шешен адамдар, өздерін әйгілі Балпық биден таратады. Әкем домбырашы болатын. Менің отбасым бұрын Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тұрған. Олар Атырау облысының Қызылқоға ауданына көшіп келгеннен кейін дүниеге келдім. Анам үйде жүргенде халық әндерін, Илья Жақановтың әндерін айтып жүретін. Ал, әкем қолы босай қалса, домбырасын алып Құрманғазының, Қазанғаптың күйлерін шерте жөнелетін. Кешке қарай үйде кішігірім ансамбль құратынбыз. Мен кішкене гармонда, әкем мандолинде, ағам гитарада, әпкем домбыра шертетін де, анам ән шырқайтын.

Үшінші сыныпта оқып жүргенде мен әпкеме еріп Миялыдағы саз мектебіне бардым. Негізі баян класын таңдағанмен, алдыма өңгерген баяннан көрінбей қалғаннан кейін мені скрипкаға берді. Сөйтіп, жеті жыл скрипка мамандығы бойынша тәлім алдым. Қобыздан бұрын танығаным скрипка болды. Махамбеттің термесін орындап, екі жыл қатарынан аймақтық байқаудың жүлдегері атандым.

– Тағдырыңыздың жүз сексен градусқа бұрылуына әсер еткен оқиға болды ма?

– Мектеп бітірер тұста алдымда екі түрлі жол тұрды. Мен математика пәнін өте жақсы оқыдым. Мүмкін, музыкант болмағанда математик атанар ма едім?! Сол 11 сыныпта оқып жүргенде ауылға Д.Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ ұлт-аспаптар оркестрі концерт қоюға келді. Сол ғажап концертті, оркестрде ойнаған Рыспай Ғабдиевті көріп, біржола шешім қабылдадым. Бұл оқиға менің жан дүниеме қатты әсер етті. Сөйтіп, Атыраудағы музыкалық колледжге түстім.

– Сіз басқаратын «SARMAD» этно-фольклорлық тобы – Қазақстандағы жанры жағынан да, репертуары жағынан да қайталанбайтын сирек ұжымдардың бірі. Осы қазіргі бағытты ұстану, көне түркілік сарынды музыкаға сіңіру идеясы қайдан келді?

– Шығармашылық адамының тағдыры өзін-өзі іздеуінде жатыр. Сол жолдағы сәтсіздіктер мен жеңістер сенің тұлға боп қалыптасуыңа әсер етеді. Мен мектеп жасында классикалық өнерден ауыздансам, колледжде оқып жүргенде таза домбырамен, классикалық күймен айналыстым. Қарап отырсам, консерваторияға түскенге дейін-ақ музыканың сан түрімен «ауырған» екенмін. Консерваторияның алғашқы жылдарында джаз музыкасы баурады. Екінші мамандығыма айналған дирижерлікті оқығалы жүргенім де осы жылдар болатын. Осыған байланысты еуропалық музыканың түрлі жанрларымен таныс бола бастадым. Бірақ, осылардың қай-қайсысы да менің қолайыма жақпады. Бір нәрсенің өзіңдікі емес екенін түсінесің ғой. Сондай болды… Былайша айтқанда, басыңды тауға да, тасқа да ұрып жүрген кездер еді. «Бабалар сазы», «Алтын орда» деген ансамбльдерді құрып, жұмыс жасап көрдік. Мұның бәрі сол баяғы өз бағытыңды іздеу сапарындағы талпыныс еді.

Қазіргі «SARMAD» бір кезде «Ақ ерке Жайық» атты облыстық халық шығармашылығы орталығы жанындағы ансамбльдің ізінде құрылды. Біз топтың стилін қалыптастыру жолында көп іздендік. Ешкімге ұқсамайтын ансамбль құруды мақсат еттік. Біздің қазіргі ойнайтын музыкамыз, бағытымыз – осы ізденістің жемісі. Біз классиканы көне түркілік сарынмен синтездедік.

– Шығармашылық шабытты қайдан аласыз? «SARMAD»-ты тыңдаған жан еріксіз кешегі өткен бабалар рухымен қуаттанғандай болады. Ұшы-қиыры жоқ кең дала, маңқиған балбалдар, тұлпарлар тұяғының дүбірі, көк бөрінің сарыны құлағыңа келеді. Түп-тамырыңды тереңірек танығандай боласың. Тыңдарманды осы күйге түсіру үшін қандай құдірет керек?

– Музыка жазған кезде көзіме ылғи қоңыр түс елестейді. Айналамның бәрінен сол қоңыр әлемді көремін. Бұл бір сурет салғандай құбылыс қой. Ол қалай да жазған музыкаңа беріледі. Қоңыр түс –қазақтың жан әлемі. Әуеннің ұлттық тамыры да осында жатырған шығар…

– Қазір елімізде этно-фольклорлық топ көп. «Қассақ», «Тұран» сынды топтар бар. Көбі үш-төрт адамнан құрылғандықтан, үлкен ареналарда жанды дыбыста концерт бере алмайды. Бұл жағынан алғанда, «SARMAD» тобының теңдесі жоқ. Осының сыры неде?

– Ол рас. Біздің ансамбльдің құрамында он бір кәсіби музыкант бар. Үшеуі ғана студент. Бәрі де  Атыраудың ұл-қыздары. Олардың әрқайсысы – ортақ идеямыздың патриоттары. Өйткені, біздің топ еш жерде тіркелмеген, еш жерден жалақы алмайды. Сөйте тұра, қазақ өнері үшін қызмет етуді мақсат етіп қойдық. Екіншіден, топтың репертуарында жиырмадан астам туынды бар. Олардың бәрі – өзіміздің төл туынды. Еш жерден алынбаған, қайталанбаған музыка. Үшіншіден, мен қай жерде жүрсем де, ешқашан халтураға жол берген емеспін. Бұл – принцип. Ансамбль мүшелері де осы бағытты ұстанады.

– Әйгілі «Алаш», «Көшпенділер» секілді туындылардың авторысыз. Сондай-ақ, Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры сахнасындағы Ш.Айтматовтың «Көшпенділер», Иран-ғайыптың «Сүйінбай» драмасына музыкалық өңдеу жасадыңыздар. Жуырда М.Әуезов атындағы «әкемтеатрдың» директоры Асхат Маемиров Махамбет театрын «жанды ұлттық аспаптарды драмалық қойылымда қолданған тұңғыш театр» деп атап көрсетіп, сіздің музыка өңдеудегі шеберлігіңізге тәнті екенін жеткізген. Осы жаңалықты қазір өзге театрларда қолдану үрдісі байқалып келеді. Сізге театрмен шығармашылық байланыс не берді?

– Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрымен жұмыс істеу барысында үлкен шыңдалысты бастан өткердік. Көптеген жаңа идеялар осындай процестерде дүниеге келіп жатады. Жалпы, театр – өте жанды құбылыс. Соның барлық иірімін, барлық тереңдігін сезініп, қазанында бірге қайнау қайталанбас ләззат сыйлайды. Шынында, тұтас қойылымды этно-фольклорлық топтың қатысуымен сахнада жанды дыбыста сүйемелдеу бір жағынан режиссердің де ұтымды шешімі болды.

– Қазақтың арғы-бергі тарихындағы музыкалық аспаптарды түгел меңгергенсіз. Жаныңызға жақыны қайсы?

– Халқымыздың сан ғасырлық тарихында, зұлмат жылдарында, сұрапыл жорықтарында ең төзімдісі де, уақытқа төтеп бергені де домбыра болды. Біздің ұлттық аспаптарымыздың ең танымалы да – домбыра. Консерваторияда Қаршыға Ахмедияровтан, Айгүл Үлкенбаевадан дәріс алдым. Домбырадан бастап, өзім меңгерген аспаптың бәрі де ыстық, бәрі де жақын.

– Күллі дүниеге қазақ атын мәшһүр қылған Димаш Құдайбергеновтың байқау барысындағы әндеріне музыкалық өңдеу жасадыңыз…

– Мен Димаштың ата-анасымен бұрыннан таныс едім. Димаштың анасы Света Айтбаеваның әндерін нотаға түсіріп, өңдеп бергенмін. Димаш байқауда оркестрдің сүйемелдеуімен өнер көрсетті. Ал, оркестрге нота керек. Осы орайда, ашығын айту керек, біздегі көптеген музыка өңдеушілердің нотаға түсіру қабілеттері кемшін түсіп жатады. Көбіне компьютерде өңдеу жасауға үйреніп қалған. Сондай таңдаулардан соң Димаштың әкесі ұсыныс жасады. Оралда Ерлан Бекчурин деген музыкант эстрадалық өңдеу жасап, мен үшінші турдан бастап аяғына дейін барлық кезеңдердің музыкасын нотаға түсірдім. Музыкада штрих, диапазон дегендер болады. Яғни, оркестрде музыканттар, скрипкашылар ойнай алатындай сауатты түсірілуі керек.

– Бүкіл арман-мақсатыңызды «SARMAD» тобымен байланыстырасыз. Шынында, көп жұмыстар жасалды. Қазір өзге өңірлерде шеберлік сыныптарын өткізуге шақырту түсіп жататын көрінеді. Гастрольдеріңіз де бар. Одан өзге ансамбльдің толып жатқан ішкі жұмыстары (костюмдері, музыкалық құрылғысы, репертуары) және бар. Құпия болмаса, келешек жоспар, мақсаттарыңызбен бөліссеңіз…

– Қазіргі таңда менің үлкен арманым – «SARMAD» этно-фольклорлық тобының дербес ұжым ретінде штат алуы. Бұл ансамбль менің перзентім секілді. Ол келешекте де ұлтымыздың мүддесі үшін, осы елдің өнердегі биігі үшін қызмет етеді. Алға қойған біраз мақсаттарымыз бар. Сондықтан да топты сақтап қалу, өзін-өзі қамтамасыз ететіндей тәуелсіз ұжым мәртебесін алуын армандаймын. Алла жазса, сол мақсатқа қолымыз жететін болар.

– Өз перзенттеріңізге нені аманат етіп өсіріп жатырсыз?

– Екі ұлым бар. Оларға қазақтың қазақтығын ғана аманат етіп келемін. Жалпы, бәріміз де аманат арқалап жүрміз. Тек, адалмыз ба соған?.. Әңгіме сонда!

 

Әңгімелескен: Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*