Аманқос Ершуовтың «Жеті қазына – жер үсті» қолжазба кітабынан үзінділер

Ауылда тұрып, Алашқа белгілі болған ақын Аманқос Ершуовтың есімі жырсүйер қауымға кеңінен таныс. Жетпісінші жылдары поэзияға келген ақынның өлеңдері кең тынысты, қамтылар тақырып аясы кең. Сыршыл сезім, айшықты теңеулермен өрілген жырлардың өз оқырмандарына берері көп. Жақында 75 жастың асқарына шыққалы отырған ұстаз ақынның жас ұрпақтың санасына ұлттық тәлімтәрбие беріп, салтдәстүріміз бен қазақ табиғатын өлеңмен ұғындырып, өлеңмен тәрбиелеу саласында сіңірген еңбегі зор. Оқырман назарына Аманқос Ершуовтың  «Жеті қазынажер үсті» қолжазба  кітабынан үзінділер жариялап отырмыз.

аманкос ершуов

Дастархан

Май шығады сорпаға,

Май тұнады қолқаға.

Көлдей болып жайылар

Ақ дастархан – ортада.

Тойдың отын маздатар,

Әр көңілде саз жатар.

Құрт, ірімшік,

Сарысу

Қойылады қаз-қатар.

Шұбат, қымыз, айраны,

Қалмайды ұмыт қайдағы.

Қазы, қарта, жал-жая

Беу, рахат жайғаны!

Қонақ болсаң, төрлеші,

Еш жамандық көрмеші.

Ақ дастархан секілді

Ұлттық тағам көрмесі.

 

Бас табақ

Күлімдейді қас-қабақ,

Жастар отыр жас қанат.

Тартылады қашанда

Құдаларға бас табақ.

Бас табақта – мал басы,

Тағы  да бар жалғасы.

Семіз сүбе, қабырға,

Бел омыртқа, жамбасы.

 

Күйеу табақ

Бар болған да себебі,

Мынау күйеу денелі.

Төс омыртқа салынып

Үйме табақ келеді.

Төс қияғын жебелі,

Ұят өзі жегені.

Күйеу жігіт жеңгейге

Үлестіріп береді.

 

Келін табақ

Келе жатқан бұрыннан,

Халық берік ұғынған.

Ұмытылмас ұлтабар

Игі тілек ырымнан.

Салынады қабырға,

Сирақ, ішек, қарын да.

Абысындар бас қосар

Келін табақ жанында.

 

Ерулік табақ

Ауылымызға жаңа адам,

Көшіп келсе қаладан.

Беретұғын ерулік

Қалған дәстүр бабадан.

Құнан қойды сояды,

Басты алдына қояды.

Ішіп-жемей қонағы

Пейіліне тояды.

 

Қонақ

Өткен күнде көп белгі,

Есіне алып өткенді.

Үйге келген кісіге

Айта көрме өкпеңді.

Қонақ бәрін топшылар.

Аз отырып, көп сынар.

Құдай көрген қонағын

Біздей халық жоқ шығар.

 

Орта табақ

Қонақ кәде желінер,

Ретімен бөлінер.

Енді екінші табағың

Орта табақ делінер.

Кәрі жілік салынар,

Асық жілік тағы бар.

Тоқпан жілік қосасың

Кім әдеттен жаңылар.

 

Қыз табақ

Қыздар отыр үлбіреп,

Әрқайсысы бір жібек.

Тартылады оларға

Жақсүйек пен тіл-жүрек.

Ет жасаушы таңдайды,

Қыз үлесін арнайды.

Майы шыққан құйымшақ

Бүйрек, көз де қалмайды.

 

Сыбаға табақ

Бір келетін жылына,

Оқудағы ұлына.

Сақтайды әжей сыбаға

Біліп қойшы мұны да.

 

Көк сүт-көже

Сүттің болар көп түрі,

Майлы, тәтті, өткірі.

Қалқып алса қаймағын

Көрінеді көктігі.

Не қажетке жарарын,

Білетұғын баламын.

Көк сүт қосып көжеме

Көңілденіп қаламын.

 

Уыз

Ішкің келсе ақ уыз,

Кел, жайлауға бәріңіз.

Алдарыңнан шығады

Уыз деген дәміміз.

Балдай жұғар ішке де,

Майдай тиер тіске де.

Сезінесің, қалғандай

Бойың өсіп кішкене.

Дәмі ауыздан кетпейді,

Тамақ құрғап кеппейді.

Құнарына уыздың

Витамин де жетпейді.

 

Қаймақ қатқан шай

Қара қазан қайнады,

Белгілі ғой шай қамы.

Тіл үйірер қою шай

Алынбаған қаймағы.

Апам дәмін білмесе,

Шай қайнатпай бірнеше.

Әр баланың қолында

Мөлдірейді бір кесе.

Пешке сүйеп арқаны,

Апам ұзақ тартады.

Тіске жұмсақ қаймақпен

Ақ тарының талқаны.

«Сәл жібісе, маңдайым

Жақсарар» деп хал жайым.

Күрең шайға апамыз

Күлімдейді әрдайым.

 

Керегеге  керілме

Етікті шеш, ерінбе

Ел береді төрін де!

Босағаны құшақтап,

Керегеге керілме!

Елемесең, ей, жігіт,

Құлағыңды жейді құрт.

«Керегеге керілу –

Кесір қылық», – дейді жұрт.

 

Ашық аяқтан ас алма

Сүт пісіріп, ет асып,

Кейде асығыс шатасып.

Іше көрме тамақты

Түннен қалған беті ашық.

Ауыртады ол шекені,

Ішің қызып, өтеді.

Өйткені, ашық аяқты

Шайтан жалап кетеді.

 

Асаба

Қалмайды ешкім тасада,

Орын емес босаға.

Сыйлы адамды жоғары

Отырғызар асаба.

Сөз бастайды баталы,

Үстінде зер шапаны.

Таусылмайды қалжыңы

Әзілі мен мақалы.

Сері жігіт той бастар,

Семіз серке қой бастар.

Деп домбыра ұсынар

– Жастау жігіт ән бастар.

Құлақ құрышын қандыра,

Сұңқылдайды домбыра.

Қу жігіттер ән салар

Құдашаның орнына.

 

Құрт қайнағанда

Құрт қайнаса бүлкілдеп,

Қол созамыз біртіндеп.

Жерге түссе, жеркенбей

Денемізге сүртіп жеп.

Күлісеміз мәз болып,

Қаңқылдаймыз қаз болып.

Жаңқалтамыз толса да,

Өкпелейміз аз көріп.

Әжем бізге қатты кеп,

Ұрыспайды

Көз сатты деп.

Өйткені, құрт балаға

Тәттіден де тәттірек!

 

Бүйіріңді таянба

Шаршадың ба, аялда,

Көргеніңді баянда.

Бүйі шағып алғандай,

Бүйіріңді таянба.

Бар тиесі – бұйырым,

Тастама нан түйірін:

Бүйіріңді таянсаң

Шықпай қалар бүйірің.

 

Таяққа сүйенбе

Салт-сананы сүйем де.

Игілікті иемде,

Әсемдікке құмартып.

Тал-таяққа сүйенбе

Денің аман шағында.

Дұрыстықты қабылда.

Таянышқа сүйенер,

Ақсақтықты сағынба.

 

Түнде тырнақ алма

Түнде тырнақ алмайды,

Жұрт жарықты таңдайды.

Түнде ал десең, егерде

Зәре-кұты қалмайды.

Бар оның да себебі:

Тырнақтарды жегелі.

Саусағынан от шашып,

Жезтырнақтар келеді.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*