АЛЫСТАҒЫ АЗҒЫРДЫҢ АРМАНЫ

Расында да, Елбасының шекара маңындағы елді мекендердің әлеуметтік ахуалын жақсарту жөнінде берген нақты тапсырмасына орай қолға алынып жатқан шаралардың бірі ретінде Азғыр өңірін сауықтырудың маңызы зор. Мұндағы жұрт шекараны жалаңаштап, ішкі аймаққа үдере көшуден аулақ. Мұны осындағы тұрғындармен тілдескенде өзіміз де аңғарғанбыз. Тек өздеріне қалыпты тіршілік кешуге лайықты жағдай туғызылғанын қалайды. Соның бірі – табиғи газ желісінің қосылуы. Қанша дегенмен, алыстан тасымалданған сығымдалған газ тұрмысқа аса қолайлы емес. Сөйтіп, осындағы Балқұдық, Азғыр, Қоңыртерек, Асан, Ұштаған, Сүйіндік, Жалғызапан, Батырбек, Егінқұдық пен Қошалақ ауылдары «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілмек. Бүгінде селоішілік газ құбыры құрылысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Бұған дейін де төзімділік танытқан тұрғындар сәл шыдаса, көп ұзамай олардың да үйлерінде табиғи газ маздамақ.

Жалпы, Ақылбек Байшахановтың айтуынша, бүгінде аймақтағы 166 елді мекеннің 128-і «көгілдір отынмен» қамтамасыз етілген. Демек, облыс халқының санына шаққанда 97,8 пайызы табиғи газды тұтынып отыр. Жоспарланған жұмыс барысында 2013-2015 жылдары Елтай селосындағы  23,5 шақырымдық  әбден тозығы жеткен төмен қысымды газ құбыры ауыстырылды. Сонымен қатар, Исатай ауданының Томан елді мекеніне 27 км «көгілдір отын» желісі тартылды. Сондай-ақ, 21,5 шақырымдық «Редут-Финская АГТС» жоғары қысымды магистральды газ құбыры салынды. Ал, Мақат ауданының №402 бекетіндегі 10,3 км газ желісінің қатарға қосылуы осындағы тұрғындарды қуанышқа кенелтті. Бүгінде 110 шақырымдық апатты жағдайдағы Индер-Махамбет құбырын ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр.

Құрманғазы ауданының Азғырдан өзге 13 елді мекенін қамтитын ауқымды газдандыру шарасы қолға алынған. Жалпы, республикамыздың батыс қақпасы саналатын Қиғаш бойындағы халыққа жайлы тұрмыстық жағдай туғызуға бағытталған ауқымды жұмыстар мәреге жетуге таяу.

Бүгінде облыс елді мекендерінің орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілу деңгейі бұрынғы 52 пайыздан 75,3-ке жеткен. Соның ішінде «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша 2011-2014 жылдары ауыз суға қатысты 84 нысан пайдалануға берілді. Бүгінде 13 объектінің құрылысы жүруде. Соның нәтижесінде жыл соңына дейін елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткішін 77,4 пайызға жеткізу жоспарланған.

Энергетиктердің ерен  еңбегінің нәтижесінде аймақ электр және жылу энергияларына зәру емес. Үстіміздегі жылы Атырау жылу-электр орталығында төртінші кезеңнің екінші кезегін 100 меговатқа кеңейту жұмыстары жүруде. Осы шара жүзеге асқанда қуаттылық 414 меговатқа жетеді және облыстың ішкі сұранысы 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Бұл – Елбасының әр аймақта энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты берген тапсырмасына нақты жауап. Бүгінде аймақтағы 166 елді мекеннің 162-сі электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Шал-ғайлығына байланысты Қошалақ, Әліпов, Мыңтөбе мен Айбас ауылдары ғана қағыс қалған. Биыл Құрманғазы ауданындағы Өрлі, Дәшін, Безымянный, Афанасьев пен Д.Нұрпейісова елді мекендері электр желісіне қосылды.

Жылу беру маусымына байланысты бөлінген 2,4 млрд. теңге мақсатты игерілді. Бүгінде көппәтерлі тұрғын үйлер жәнебілім беру мен денсаулық сақтау,мәдениет пен спорт ғимараттары жылумен толық қамтамасыз етілген. Маусымға дайындық барысында 21,8 км жылу және 720 шақырым электр желілері жаңартылды. Атырау жылу-электр орталығында бірқатар дайындық жұмыстары жүзеге асырылды. Рас, тұрғындардың дебиторлық берешегі 22,4 млн. теңгені құрап отыр. Бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен болғанымен, тұтынушылардың коммуналдық төлем қарызын қайтарғаны жөн.

Әрине, ең басты көрсеткіштің бірі – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту. Ескі үйлерге екінші өмір сыйлап, оларды пайдалану мерзімін ұзарту – Елбасы бастамасымен қолға алынған шаруа. Атырау аймағында да өткен ғасырдың 60-70 жылдары тұрғызылған тұрғын үйлер жеткілікті. Қазір жергілікті атқарушы биліктің пәрменімен солар біртіндеп қалпына келтірілуде. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражат та жөнімен игерілуде. Бұл бағытта биыл алты үйдің жөндеу жұмысы толығымен аяқталды, екеуі жыл соңына дейін мәреге жетпекші. Жалпы, 2020 жылға дейін белгіленген өңірлік даму бағдарламасы аясында 75 көппәтерлі үйдің толық қайта жаңғыртылуы жоспарланып отыр. 

Бұл жерде басты мәселе – мемлекет тарапынан бөлінген қарыз ақшаның қайтарылуы. Яғни, осы қаржыға тағы да басқа үйлер жөнделеді. Міне, осы бағытта жүргізілген түсінік жұмыстары нәтижесінде қазір қайтарым едәуір жақсарды. Демек, алдағы уақытта күрделі жөндеу жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік бар.

Меңдібай  СҮМЕСІНОВ.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*