АЛЫС АУЫЛДАҒЫ АБЫЗ

Әр өлкенің ойы орамды, сөзі салиқалы, көкірегі күмбір, пейілі сүмбіл қазына қарттары болады. Менің ұғымымда Құрманғазы ауданындағы Өмірзақ Қажымғалиев – осындай тұлға. Көргені мол, түйгені одан да терең ағаның сергек санасы, не нәрсеге де жедел үн қосқыштығы күні бүгін де оның байыпты да, сарабдал келбетін одан әрі өркештендіре түседі. Анығын айтқанда, облыстық «Атырау» газетіндегі әр мақалаға деген өзіндік көзқарасын білдіріп, айына кем дегенде екі-үш рет телефон соғатынын айтпағанда, өзі де қолына қалам алып, небір тарихи тұлғаларды қайта «тірілтіп» отырады.

Әңгіменің әлқиссасын бұлай бастауымның да мәнісі бар. Мені онымен рухани жақындастырған Өмірзақ-өлкетанушының Жәнібек баhадүр, Әбілхайыр, Бөкей, Жәңгір хандар, Мақаш әкім, тіпті одан берідегі ҚКСР Әділет Халық комиссары болған Шафхат Бекмұхамбетов туралы зерттеулері мен Өмірзақ-жазушының драма мен лирика араласа тұнған әдеби туындылары еді. «Оның несі таңсық, ғалым, қаламгер атаулы көп емес пе?» дерсіз. Алайда, әңгіме – оның мамандығы ветеринар екендігінде және өмір бойы мал шаруашылығы саласында жауапты қызметтер атқарғандығында. Сонда бұл кісіні әмбебап дарын дейсіз бе, әлде туабітті қасиетті жанкешті еңбекпен астастырған дегдар дейсіз бе – өзіңіз пайымдай беріңіз.

 Жалпы, Өмірзақ Қажымғалиев туралы сөз қозғау оңай да емес. Оның өзіндік себебі бар. Балалық шағын соғыс ұрлаған тұстастары сияқты, біздің кейіпкеріміз де бейбіт күннің қадірін бір кісідей біледі. Сол бір сұрапыл шайқасқа аттан-ған әкені күткен сәби-жүрек лүпілін түсіне алармыз ба?! Әскери киімдіні көрсе, «менің көкем емес пе екен?» деп еле-гізе қалатын қағылез балдыр-ған ақыры үмітін үзді. Небәрі үш жаста асқар тауынан ай-рылған ол Самияндай асыл анасымен жетім-жесір боп мұңды өмір кешті. Ерте есейді. Құлады. Тұрды. Жігерін жаныды.

Өмір бір орында тұрмайды ғой. Ганюшкин селосындағы Абай атындағы орта мектепті тәмамдаған Өмірзақ Гурьев ауыл шаруашылығы техникумында оқыды. Мал дәрігері мамандығын алған ол еңбек жолын «Сүйіндік» кеңшарында бастады. Тағдырының бетіне алғаш күліп қарағаны да сол шығар (өзі әлі күнге дейін солай ойлайды), елгезек те, іскер жасты сол кездегі аудан басшыларының бірі Сайфолла Сүйінов қапысыз таныпты. Өйткені, одан кейінгі өмірбаянында тек өрлеу ғана бар екен. Теңіз (қазіргі Құрманғазы) ауданындағы «Правда» кеңшарының мал дәрігерлік учаскесінің меңгерушісі, Құрманғазы атындағы кеңшардың ферма басқарушысы, Балқұдық кеңшарының бас мал дәрігері, Калинин атындағы кеңшардың партия комитетінің хатшысы, кейіннен сол кеңшар директоры, аудандық агроөнеркәсіп кешенінің төрағасы, аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, «Коммунизм жолы» кеңшарының директоры, «Мақаш» ұжымдық шаруашылығының төрағасы, «Мақаш» өндірістік кооперативінің төрағасы болып талай лауазымдық қызметтерді ат-қарды.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ҚР Мәдениет қайраткері,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Толық нұсқасын газеттен оқи аласыз.

 

 

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*