Алыптар арасындағы санкцияның астарында не тұр?

Әлемдік геосаясат картасындағы ахуалды өзінше сызып, өзінше қалыптастыруға үйреніп қалған АҚШ әдеттегі әуеніне қайта басты. Күні кеше ғана Американың Ресей, Иран және Солтүстік Корея елдеріне қарсы салынған шектеулерді жаңа бір санкциялармен күшейтіп жатқаны белгілі болды. «Reuters» сияқты «мен» деген агенттіктердің мәлімет таратқаны сол-ақ еді, ақпараттық кеңістік атойлап шулап шықты. Сонымен, Американың ғана мүддесін көздейтін санкция-лардың «кереметі» неде?

көзқарас

Конгрестен басталған дау

Санкцияларды күшейту туралы шешім өткен аптада Американың Конгресінде қабылданды. Әлемдік саясат алаңына тағы бір салқынын әкелген санкция талқылауды аса қажет етпегенге ұқсайды. Алақайлап «иә» дескен депутаттардың саны – 419, келіспеген кейіп танытқандардың саны небәрі 3 депутатты құрады. 419 дауысқа үш адамның қарсылығы нені шешкен еді? Әлбетте, ештеңені. Сөйтті де, заң жобасына АҚШ президенті Дональд Трамп қол қойып жіберді.

Санкция АҚШ-тың Ресей, Иран, Солтүстік Корея елдерімен арадағы экономикалық қарым-қатынасын қазақша   айтқанда, одан әрі қысымға ала түсуге бағытталған. «ИТАР-Тасс» агенттігі санкциялардың, әсіресе, ресейлік компаниялардың экономикалық ахуалын қиындата түсетінін айтып дабыл қағуда. «Мәселен, ресейлік компаниялар үшін Батыстан  несие алу процесі қиындай түсетін болады. Оның сыртында бірлескен ғарыштық жобаларды қайда қоямыз?» дейді агенттік. Бір назар аударарлығы, жыр болған санкциялар белгілі бір елдердің ғана емес, азуын айға білеген Америка президентінің де мүмкіндігін шектеп отыр. Мәселен, Ақ үй қожайыны Дональд Трамп санк-цияда көрсетілген шектеулерді өз бетінше жеңілдете алмайды. Сол сияқты, шектеулерді мүлде алып тастауға да құқығы жоқ. Осы арқылы АҚШ Конгресі Трамптың әр қадамын бақылап отыруға ниет қойғанға ұқсайды.

Мәскеу алаңдаулы, ал, Вашингтон ше?

Әлемдік саясаттағы алып     ойыншы – Америка билігінің кезекті «қойылымына» қатысты  реакциялар көп күттірген жоқ. Ресейдің Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков бұл қадамды «қауіпті мина» деп атады. «Біз американдық заң жобасының айналасында болып жатқан жағдайларды  бақылап отырмыз» деген дипломат АҚШ тарапынан көрсетілген «мінездің» Мәскеуді қатты алаңдатып отырғанын айтты.

Кәрі құрлық қолдамай отыр

Бірақ, Еуропалық Одақ АҚШ-тың «апшыған мінезіне» қарсылық танытуда. Брюсселдің пікірінше, АҚШ тарапынан салынатын санкциялар еуропалық компаниялардың мүддесіне кері әсер етуі мүмкін. Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер американдық тарапты бірлескен кеңеске шақырып отыр.

Кәрі құрлық бұл жолы да әдеттегідей «ақыл айту» позициясынан алда келеді. Мәселен, Германияның Экономика министрі  Бригитта Циприс «АҚШ-тың Ресейге қарсы санкцияларын халықаралық құқыққа қайшы қадам» деп атады. Бірақ, айналып келгенде, бәрібір әркім өзін ғана ойлау деңгейінен шыға алмай отыр. Себебі, Ципристің мәлімдемесінің соңы бәрібір Ресей территориясында орналасқан еуропалық компаниялар және олардың мүддесіне ойысады. «Экономикалық қызметін өзге елдің аумағында жүргізіп отырғаны үшін Америка неміс компанияларын жазалай алмайды» деген министр ханым екіұштылау ойды ортаға тастады. Яғни, еуропалық комиссия бәрібір бұған жауап ретінде бір қадам жасауы тиіс. Оның қандай болатынын, қай бағытта дамитынын алдағы күндер көрсетеді.

Ресейдің қарсылық «мінезі»

«Әкең жаман дедім бе? Шешең жаман дедім бе?» Қазақтың әзіл-сықақ театрының көрігін қыздырып жүрген сол баяғы Тука кейіпкердің сөзін осы жерде еріксіз еске алуға тура келіп отыр. Себебі, бұған дейін әйгілі «алып жиырмалықтың» жиынында өзара бас қосып, тіпті, белгілі бір деңгейде келісімге келген Трамп пен Путиннің жеке кездескендеріне аса көп уақыт бола қойған жоқ. Тіпті, білдей дипломаттар «позитивті химия» деп бағалаған сол тарихи кездесуден соң, шыны керек, әлемдік саясатта жылымық орнай бастағанына сенгендей де болған едік. Енді, міне, тосыннан қалыптасқан ахуал, қос алып державаның арасынан бәрібір қара мысықтың өтіп кеткенін көрсетіп отыр.

Айтайын дегеніміз, күтпеген жерден болған «соққыға» Ресей тарапы да тез жауап берді. АҚШ елшілігінің белгілі бір ғимараттарды пайдалануы-на шектеу қоюы өз алдына, мұхит артындағы мемлекетке қарсылық нотасы да жібе-рілді. Нота арқылы Ресей АҚШ-тан  дипломатиялық корпус пен техникалық қызметкерлер санын 455 адамға дейін азайтуды талап етіп отыр. Талап 1 қыркүйекке дейін орындалуы тиіс. Нотаға сәйкес, ресми Мәскеуде жұмыс істеп отырған АҚШ елшілігінің 755 қызметкері тез арада Ресей жерін тастап шығуға міндетті.

Иран не деп еді?

Әрине, Американың «тосын мінезі» Иранды да үнсіз қалдырған жоқ. Иран президенті Хасан Рухани Американың жаңа санкцияларына міндетті түрде жауап берілетінін мәлімдеді. Иран лидері Руханидің пікірінше, АҚШ Таяу Шығыс елінен қорқады. Сол себепті, осындай әрекеттерге барып отыр. Бірақ, қандай ма бір жағдайларға қарамастан, Иран өзінің қорғаныс саласын нығайта түсуге мүдделі. «Егер Америка Таяу Шығыстың қауіпсіз болғанын қаласа, онда ресми Вашингтон Иранды сыйлауы керек» деп қысқа қайырды Хасан Рухани.

Майк ПЕНС, Американың вице-президенті:

 Иілгіш саясатқа мүдделіміз

– Президент Трамп Ресей Федерациясына қарсы санкциялар салуды көздейтін құжатқа қол қойды. Біз оның күшін жойғанын қалаймыз. Бірақ, ол Ресейдің өз жауапкершілігін орындауына байланысты. Өкінішке қарай, Ресей тарапынан жасалып жатқан соңғы дипломатиялық қадамдар, мұндай жағдайдың мүмкін еместігін көрсетіп отыр. Өздеріңізге белгілі, Варшаваға сапарында Президент Дональд Трамп Ресейді айыптады. Яғни, Трамптың сөзінше, Ресей террористік мемлекеттер – Солтүстік Корея мен Иранды  қолдауды жалғастырып отыр. Десе де, жаңа заңның күшіне енуі Президент пен АҚШ-тың Мемлекеттік департаментіне мейілінше «иілгіш» саясат жүргізуіне мүмкіндік береді.

Руслан ДӘЛЕНОВ,

ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі:

Шығын барлық тарапқа да келеді

«Санкциялық соғыстар барлық тарапқа да шығын әкеледі деп санаймын. Оның ішінде әлемдік экономикаға да жанама әсері болады. Сондықтан, бұл жайттың одан әрі дамуын қадағалап отыратындығымыз сөзсіз.

P.S. Әлемдік сарапшылардың пікірі қазір сан-саққа жүгіріп жатыр. «Егер «ұйқыдағы» Қытай Америкаға қарсы жауап беретін болса, ресми Вашингтонның әлемнен бөлініп қалуы да ғажап емес» деген пікірлер де бар. Осындайда сан мыңдаған делегатты жинап, соңынан таласа қол қойылатын халықаралық келісімдерді бір сәтте бұза салу Американың ғана қолынан келетін іс сияқты көрінеді де тұрады…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*