Алпыс бірінші аялдама

Жазушыдраматург Рахымжан Отарбаев туралы сегіз сөз

Ол өмір аламанында биікке өрмелеп шықты. Жоғарыдан төменге құлдилап көрді. Таңдайда талай жайдың дәмі қалды. Бір терінің ішінде мың арып, мың жүдеген кезінде өзіне ғұмырлық адал серік болған қаламын көңіліне жұбаныш етті. Дүниенің мол қызығынан бас тартып, көз нұрын сарқып, жазудың азабына әбден көндікті.

Жер үсті ой-қиялына тарлық етті ме, соңғы кезде аспанда, ұшақта отырып жазды. Ел кезіп, жер таныды. Өзімен бірге шығармалары да шекара асып, әлем аралап кетті.

«Толдым» деп төгілмеді. Басындағы бармақтай бағын көпсініп, өзін балақтан төмен тартқандарға да иілмеді. Арқасын бораған бұршаққа тосып, Тәңірі сыйға тартқан жалғыз аяқ жолмен жүріп өтті. Бағытынан жаңылған жоқ.

Р. Отарбаев-Фото

      Өзен тасыған күн    

Туған үйдің табалдырығы – өмір атты ұлы жолдың бастауы. Жазушының  әкесі Қасымғали ұзақ жыл Құрманғазы ауданының ауыл шаруашылығына үлес қосқан еңбек адамы болды. Анасы Шәмсия жас та болса қазанын тоқ ұстап, барды ұқсата білген әйел затының естісі еді. Іргесіне құт қонып, бірлігі мен тірлігі жарасқан бұл әулет ауыл-аймаққа қазыналы қарттарымен де қадірі артты.

Баланың тұңғышы Рахымжан еді. Соңынан ерген Бекежан деген інісі, Раиса деген қарындасы болды. Сондай-ақ, маңдайдан сипайтын атасы мен қалтасы тәттіге толы әжесі де бар. Қарасирақ ойын баласының төрт құбыласы түгел, бауыры бүтін болатын. Әттең, қасіреттің қара қайығына мініп, қайғыны желкен етіп жеткен сол күндер қорқынышты түске айналса ғой, шіркін?! Өйткені, бұл шындықты еске алудың өзі тым ауыр!

Былдырлаған тілімен, қызық қылықтарымен үлкендерді қуанышқа кенелткен інісі мен қарындасы сәби кездерінде шетінеп кетті. Бұдан соң шешесі Шәмсия көктемде өзен тасыған кезде суға кетіп, 26 жасында көз жұмды. Анасынан айырылған бес жасар Рахымжанды әжесі Гүлбағила бауырына басты.

Бас кеміп, үй ішін ауыр мұң кезді. Шуақты күндерді қос періште мен жас ана өздерімен бірге әкеткендей көрінді. Беймезгіл шаңырақтың төбесіне үш айналып үйірілген қою бұлт ердің ері Қасымғалиды есеңгіретіп жіберді.

Амал нешік, адамның емес, Алланың дегені болады екен. Хақтың шешіміне, Тәңірдің кесіміне көнбеске шара бар ма?! Алдымен көпті көрген қос қария тез ес жиды. Балаларын, сүйген жарын жер бесікке беріп, белі бүгілген ұл мен жел өтіндегі ағаштың үзілмей қалған бір тал жапырағындай буыны бекімеген немереге тірек болуға тырысты. Ошақтың отын өшірмеуге қамданды. Жапан даладағы малшының үйіндегі тіршілік қайта жанданды.

Өзен тасыған күн шынашақтай ұлдың шаттығын шайқады. Шешесін жоқтап, күндіз көйлегінің жеңіне, түнде көпшігіне көз жасы сіңді. Өксуменен жүрек қарайды. Бірте-бірте бұл жұдырықтай етке мұз қатты. Кеудеге тас болып біткен бұл жүректі енді жібітіп көр!

№1 сурет

Мәңгілік жас бейне

Бірде бала Рахымжан әжесімен бірге немере ағасының үйіне қыдырып барды. Үйдегі он баланың он түрлі тірлігіне қарап отырып, оларға қатты қызықты. Сосын әжесіне қарап: «Олар көп, мен неге жалғызбын?» деп мұңайып қалды.

– Бұлар көп те болса шөп қой. «Жалғыздың жары –  Құдай» деген, бәрінен түбі сен озасың, – деп жұбатты оны әжесі.

Айдалада, шағылдардың ортасындағы оқшау үйде өзінен басқа бала жоқ, жалғызсыраған малшының ұлы бірде қиял әлемінің есігін ашты. Ертегіде ғана болатын сол ғажайып аралда жанындағы достарымен бірге ойнайтын. Айналасы балалардың күміс күлкісіне толы бұл патшалықтың әміршісі өзі болды. Далада қозы-лақ, қой бағып жүріп, көңілді ойынға жан-тәнімен беріле еніп кететін. Содан үйге қайтарда ғана қиялындағы құрдастарымен ертеңге дейін қимай қоштасады. Арманшыл бала жалғыздықты осылай жеңді.

Кейде ойнап жүріп, сонау ақша бұлттардың арасынан анасы мен бауырларын көргендей болады. Ұмтылады, қолы жетпейді. Бір бақыты кем балдырған шағын жиі есіне алатын жазушы «Еңбектеген бала емес, еңкейген кәрі емес, байғұс анамның ғұмыры неге қысқа болды?» деген сұрақтардың жауабын таба алмай қиналатын.

Алып та анадан туады. Бәлки, «Халқының қалаулы ұлы болсын» деп өзін өмірге әкелу үшін ғана шешесі бұл фәниге аз күн қонақ болған шығар. Жазмыш осы, толқын-тақсіреттің жетегінде кеткен мөлдіреген жас бейнесі ғана еміс-еміс есте қалды.

2005 жылы анасына арнап ас берді. Басына жаңадан құлпытас орнатты. Қолынан келгені осы болды. «Таңертең киген көйлегіңді кешке өзің шешетініңе сенімдімісің?!» дейді жүрегіне иман ұйыған бір мұсылман. Иә, Раббым, алдымыз өзіңе аян, бізге жұмбақ. Өмірге өз еркімізбен келдік пе?.. Кетерде де бізден рұқсат сұралмас.

Түп-тамыр

Қозы күнінде пілте шамның жарығымен атасы мен әжесіне ертегі-жырлар, дастандар оқитын. Олар да тыңдаудан жалықпаушы еді. Кейде мұның айтқан осы ұзақ толғауларын түзетіп отыратын. Кейін оларға өзінің жазғандарын да оқып берер еді ғой… Айталық, «Бас» романын тыңдаса, қариялар не дер еді? Бұған қарап бір күрсініп алған әжесі: «Батырдың жоқтаушысы болыпсың, дұрыс. Махамбетті қолдаған да, қорлаған да – сорлы халық. Өз қазағы. Сенің де сол өжет бабаңа ұқсас жерің көп. Қарғам, өзің де басыңа абай болғайсың»  дер ме екен?

Кебін кигеннің кері келмейтініне көз жетті. Көкірегі көне қазынаға толы шежіреші атасы Отарбай мен анасының орнын басқан кемеңгер әжесі Гүлбағила тірлікте ұрпағының тілеуін тілеп өтті. Анасыз өссе де, жетімдік көрген жері жоқ. Жыртық көңілін әжесінің мейірімімен жамады. Тамағы тоқ, көйлегі көк болды. Өз жұртында емін-еркін өсіп, өз түп-тамырынан терең нәр алды. Үлкендер бар еркелігін көтерді. Санасына қазақы тәрбиені сіңірді. Есті болып ержетуіне зор ықпал еткен сол аяулыларының жарқын бейнесі әркез жүрегінде, құрметі  дұға-тілегінде болды.

Қамқор дауыс

Тынымсыз еңбекпен шыңдалған әкесінің тау тұлғасы жыл өткен сайын санада жаңғыра түсті.

«Тамыздың соңғы күндері еді. Екінші сыныпқа оқуға келе жаттым. Қасымда – әкем. Ол – аттылы. Ал, мен шудасы желкілдеген бураға мінгенмін. Беталысымыз – теңіз тамағындағы Приморье ауылы. Сонда тұратын Халел ағаның үйіне жатып оқушы едім. Қанішкеннің сыртындағы Көкқұтан өткелінен өткен соң бура жүргісі келмей тартынып қалып, мұрындығы шығып кетті. Бұйдасы әкемнің қолында қалды. Босанған тентек бура ал, кеп қашсын. Әкем сасып: «Рахымжан, қорықпа! Қазір ұстаймын, қорықпа!» деп жанамалап шапты. Екі өркештің ортасында мойным қылқиып қаршығадай болып кете бардым. Қорыққан да, жылаған да шығармын. Көп кешікпей бураны ұстады-ау. Әлі күнге дейін әкемнің сол даусынан шошып оянамын. Қазір де заман атты бұйдасыз тентек бураның үстінде кетіп бара жатырмын ғой. Беталыс белгісіз. Ондай қамқор дауыс та естілмейді» деп қаламгер өткен күндерді сағынышпен еске алды. Иә, бұл –  әкелі-балалы болып бірге жүрген сонау балалық шақтың бір ғана естелігі.

Шал-кемпірдің баласы болып, әкесін ағасындай көріп өсті. Содан ба, жанына көп жолай алмады. Ал, ол ұлына жаны қалмай бәйек болатын. Есейіп кеткен кезінде мастықпен қасына қонып шыққаны бар. Зіңгіттей жігітті әкесі тоңып қалмасын деп қатты құшақтап алды. Сол түні әке махаббатын алғаш сезінді. Бір-ақ рет…

Жиырма бес жасында «Әкем ештеңе білмейді. Мен оқыдым, тоқыдым. Бәрін білемін» деп ой түйген еді. Ал, елуге толғанда «Әкем тірі болса көп нәрсені сол кісіден сұрап алар едім» деп өкінгені есінде. Солай, кім-кімнің де көңілінде бір өкініштің қалары анық.

Баянды бақыт

Сүйегі асыл, текті азаматтар әйелі мен баласын мақтамаған. Іштей шүкіршілік етіп, Тәңірге өз ризашылығын түнгі тілегімен күбірлеп қана  жеткізген.

Жазушының жұбайы Сәуле Отарбаеваның мамандығы – журналист. ҚазМУ-ден жоғары білім алса да, ерінің қалауымен шығармашылықтан қол үзіп, жолдасына жол берді. Әйелдің бақыты – отбасы екенін анасынан көрген тәрбиеден көңілге түйіп өскендіктен, «Азаматым биікте жүрсін» деп өзі бір саты төмендеді.

Иә, өмірлік серігі Сәулесімен бас қосқан күннен бері екеуі жоқтық пен тоқтықты бірге көріп, қуаныш пен қайғыны да бірге бөлісті. Жұбайы жазумен алаңсыз айналысуына бар мүмкіндікті жасады. Жанын түсінді, айыбын кешірді. Кем-кетігін жасырып, мерейін асырды.

Десек те, зайыбының да қоғамда өз орны бар. Ол – Атыраудағы алғаш болып ашылған «Таза бұлақ» жекеменшік балабақшасының иесі. Тәуелсіз елдің ертеңі – болашақ ұлт тұлғаларын тәрбиелеу ұлы еңбек емес пе?!

Ерлі-зайыптылар отбасында бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдары Ермерей – Мәскеудің технологиялық институтының түлегі. Қыздары Қаракөз Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетін бітірді. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің жүлдегері. Прага қаласындағы жоғары оқу орнының  (Anglo-American University) магистранты. Оның  2015 жылы Мәскеудің жастар баспасынан «И вот остался ты один» деп аталатын алғашқы прозалық жинағы жарық көрді. Әкесі «Қаракөзім қаламымның мұрагері болар» деп үміттенетін. Бәлки, үкілі үміт ақталар.

Жансая да Прагадағы шетелдік талапкерлерді Чехияның жоғары оқу орнына түсуге даярлайтын «Prague Foundation Programme» бағдарламасы бойынша тіл үйрену курсында оқып жүр. Айжамал – 10 сынып оқушысы.

Ащысын аямаған тағдырының сығымдап берген бір сыйы – ұлы Ермерейдің үйлену тойында қатты толқыды. «Ұрпағым жалғасып, көбейерміз. Жапырағым жайылып, қара орманым жайқалар» деп қуанды. Немерелі болғанда қуанышы еселене түсті. Cәбиге Жаһангир деп ат қойып, оның аман-есен ержетуін тіледі. Жаһасының «Ата» деген үнін естіп кетті. Ата болу да бір бақыт!

Мінез

Оның ең жақын мұңдасы – өзі. Күні бойы өзімен-өзі ұзақ сөйлеседі. «Рахымжан, қартаймай қойдың ғой» деп күледі, ойға батады. Осылайша, көзге көрінбейтін «егізімен» оңаша жиі сырласатын.

Қабақ райы құбылмалы, мінезі қызуқанды, тез тұтанады. Басын бәйгеге тігіп, ағысқа қарсы жүзеді. Маңдайы тасқа тисе, өз жарасын өзі емдеп жазады. Ешкімге шағынған емес.

Көп жағдайда ренішін іште іркіп қалады. Ал, ішіне сыймағанын бетке айтатыны бар. Сөзі сүйектен өтеді. Өзі айтқандай, тірлікте біреуге жақпаса мінімен емес, мінезімен жақпады.

Кірпияз. Жазар алдында «көңілім кірлеп қалады» деп кісімен тілдесуден тыйылады. Жұрттан оқшауланып, жауар бұлттай түнеріп алады. Ал, шығармасының нүктесін қойған соң, одан жақсы кісі жоқ. Жаны жадырап сала береді.

Жақсы психолог. Ойыңды оқып отырады. Естігеніне көз жеткізіп барып сенеді. Әлдебір тылсым қасиеттерімен өзгелерді төңірегіне үйіріп алады.

Оны көпшілік арасынан да жазбай танитынбыз. Себебі, жүрген жерінде алажағы қалса да, айтажағы қалмайтын. Алқалы жиындарда, мәртебелі меймандардың алдында «Теңіздің қуысында, Құдайдың уысында жатқан елміз» деп сөз бастайтын оның қуатты дауысы гүр ете түсетін. Басыңды жерден көтеріп аласың. Сөзін ұзақ ырғап тұрып алмайды, дәмі кетпей тұрғанда кілт үзеді. Шамасы, осы кісі ілгеріде өткен билер мен шешендердің, батырлардың сарқыты-ау, сірә. Әйтеуір, тегін адам емес. Қоғамның жанайқайын, шымбайға батар шындығын замандастарына көркем тілмен жеткізе білген оның қайраткер тұлғасы –  келер ғасырдың аңызы.

Жақсыдан – шарапат

Ол көмекке шын мұқтаж жанға қолынан келгенше РАХЫМ етті. Қиындықтан қажығанды арқасынан қағып, ЖАН жылуымен демеді. Жылағанды жұбатты. Жасығанды жігерлендірді. Сүрінгенді сүйеді. Ізінен ерген іні-қарындасқа жөн сілтеді. Осылайша, бір адам жаққан отқа талай кісі жылынды.

Сан мәрте өзіне ұсынған лауазымды қызметтерден бас тартты. Сол төрде отырған жолдастарымен арадағы сыйластықты мансапқа айырбастауды хош көрмеді. Еншісіне ерекше тағдыр бұйырған талант иесін көп адам алдымен азамат ретінде таныды. Адамгершілігіне бас иеді.

Жазушының ілгерідегі қаламгер аға-апаларынан көрген үлгі-өнегесі осындай еді. Өзін туғанындай қамқорлаған зиялылардың көл-көсір жақсылығын қалай ұмытсын?! Солардың арқасында шоқтығы биік шоғырдың соңынан бұл да ілескен. Оларға мәңгі қарыздар.

«Ал дұшпан ше? Ол айналайындарға да қарыздармын. Әйтпесе, етек-жеңімді жинамай, ауа жайылып кетер ем…» дейді ол менімен әңгімесінде.

№2 сурет (б)

Аяқталмаған роман

Жылма-жыл жазбаларының қатары қалыңдай түскен менің кейіпкерімнің ақ параққа төгілген ащы тері бүгіннің ғана емес, келешектің де қамы еді.

Асау тағдыр қазақты аз жылатқан жоқ. Төбемізден қызыл империяның тоқпағы кетіп, тәуелсіздігіміздің таңы атқан тұста жазушы тың тақырыптарға түрен салып, шындықтың соңынан шырақ алып түсті. Мұрағаттағы ескі құжаттар ақтарған  өткен дәуір сырына үңілген кезінде құнды деректерге кезікті. Айтылмаған ақиқаттарға жолықты. Сөйтіп, қазақ деген ұлы халықтың шынайы ғұмырдастанын жазуға білек сыбана кірісіп еді. Із кесіп, зерттеп жүріп түсінгені – бұл қазақтың жоғалтқаны басындағы шашынан да көп екен. Керек десеңіз, басын да жоғалтыпты…

Иә, айдың-күннің аманында бас жоғалды. Және кімнің басы?.. Аяқ астынан жоқ іздеушілер де табылды. Сүйіншіге берілер доллардың буы қойсын ба, жұрт алаөкпе шабысқа түсіп, бас іздеп кетті. Әлдебіреулердің іс-әрекетінен қылмыстың иісі аңқыды. Ақыры Алматыда жертөледе 17 жыл жатқан бас сүйек бақилық тұрағына кері оралды-ау.

Шолақ ғұмыр шолтаң ете түскенімен, көзінің тірісінде Махамбет бабамыз ғазиз басын ешкімге қорлатпаған болатын. Көресіні өлген соң көрді… Рахымжан Отарбаевтың «Бас» деп аталатын сюрреалистік драмасында батырдың рухын мазалаған тірілердің хикаясы баяндалады.

Қазақ хандарын тұлға ретінде енді таныдық. Драматургтің қолынан шыққан «Жәңгір хан» пьесасынан Жәңгірді жаңа қырынан көреміз. Бір ғана мысал, Жәңгір хан 1841 жылдың 6 желтоқсанында өзінің жеке қаражатымен Бөкей Ордасынан қазақ сахарасында тұңғыш рет мектеп ашты. Бұл мектепті бітірген түлектердің арасынан патшалық Ресей тұсында да, кеңестік кезеңде де танымал тұлғалар шықты. Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысы, Бөкей Ордасы ауданындағы Жәңгір хан атындағы жалпы білім беретін орта мектепті хан мектебінің ізі деп санауға толық негіз бар.

Сондай-ақ, қазаққа бір кісідей жақсылық жасаған Темірбек Жүргеновтің «халық жауы» деп атылуы, Жамақ ханның ұлы, бекзада Бейбарыстың құл базарда мысырлықтарға сатылуы, немістердің тұтқыны болған қандастарына араша түскен Мұстафа Шоқайдың су мен у татыған ақырғы дәмі, дүниеге аш қасқырдың көзімен қарап, қабанша күркіреген Шыңғыс хан мойындаған тірліктің мәні, т.б. танымал тұлғалардың тағдыр-талайы жазушының жүйрік қаламына ілікті.

Өмір бар жерде юмор бар. Егер сіз ауыр депрессияны бастан өткерсеңіз, автордың «Біздің ауылдың амазонкалары» деген сериямен жарық көрген кітабын қолға алыңыз. Комедия жанрындағы пьесаларын тамашалаңыз. Рахаттанып күліңіз. Жаралы жаныңызды күлкі терапиясымен емдеңіз.

Әдеби агент арқылы ұлт руханиятын әлемге танытқан қаламгердің оқырман мен уақыттың талабын ескеруде өз ұстанымы болды. Суреткер аз сөзге салмақты ой артып, шағын, ықшам шығармаларға басымдық берді.

Шыңдалып, шабыттың шырқау биігіне көтерілген дарабоздың тындырар тірлігі әлі де алда болатын. Сөз зергерінен күтеріміз көп еді. Алайда, жазарын сарқып жазып кеткен жампоз бар ма?! Ол да «Ақырзаман», «Алтын адамның оянуы», т.б. салмақты романдарын және жаңа тарихи драмаларын аяқтай алмады. Әлем әдебиетінің таңдаулы туындыларын қазақ тілінде сөйлету де қол жетпеген армандарының бірі болып қалды. Сүрлеп сақтаған ең сүбелі дүниесі, ең соңғы сыры өз бойында кетті. Ғұмыр бойы іздеген жоғын тауып, көңілі жайланардай талпындырған жетпістің жағалауы жеткізбеді.

Уақыт көшкен керуендегі боз маядай бұйдасын сүйретіп, алға жылжып барады. Ал, біз сол көштің соңынан ілесіп келеміз. Әудем жерге ұзаған сайын жолымыз да қысқара түсер.

Әр жолаушының өз аялдамасы бар. Бұйрықты жерден бір қадам да алға оза алмайсың. Алаштың ұлы, Алланың құлы – әз-Рахымжан да әкесі өте алмаған өткелдің тұсынан тоқтады. Алпыс бірінші аялдама алдынан ақиреттің есігін ашты. Ақыры ауыздықпен алысқан асау күндерді артта қалдырып, жаны тыншып, маңайы аппақ нұрға айналды…

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

 

1 комментарий

  1. Багилажан, Алла озiне риза болсын! Рахымжан аганнын басына ошпестей ескерткiш койгандай болдын! Аганнын рухы желеп-жебеп жатсын! Каламын жуйрiк болсын! Риза болдым саган. Жарайсын! Бакыт апан.

Оставить комментарий

Ваш email нигде не будет показанОбязательные для заполнения поля помечены *

*